Accessibility links

"Билікті сақтап қалуға тырысып баққан" Тоқаев және Ресейдің "денацификация" саясатынан төнетін қауіп


Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданы қоршап тұрған әскер.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданы қоршап тұрған әскер.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаевтың уәде еткен реформалары кезекті "косметикалық сылап-сипау" екенін жазып, Қазақстан президенті шын мәніндегі реформаларды іске асырудан не себепті аяқ тартатынын түсіндіруге тырысты. Мұнымен қоса, Қазақстан Ресейге қарсы санкциялардан зардап шегіп жатқан тұста Тоқаев неліктен елді Еуразия экономика одағынан шығарып, Мәскеу ықпалынан құтылуға асықпайтынын талдайды. Бұдан бөлек, Ресей саясаткерлері айтып жүрген "денацификация" идеясы Қазақстан мемлекеттігіне қауіп төндіре ме деген мәселеге үңіледі.

ТОҚАЕВТЫҢ "КОСМЕТИКАЛЫҚ СЫЛАП-СИПАУЫ" ЖӘНЕ "КРЕМЛЬ ҚҰШАҒЫНАН СЫТЫЛЫП ШЫҒУ МҮМКІНДІГІН ПАЙДАЛАНБАУЫ"

Елді "суперпрезиденттік" жүйеден "парламенті мықты" президенттік жүйеге көшіруге уәде еткен президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынаушылар ол шын мәнінде Назарбаев 30 жыл бойы құрған саяси жүйені реформалаумен айналысып жатқан жоқ деп есептейді. Оны былай қойғанда, Қазақстан Ресейге қарсы санкциялардан зардап шегіп жатқан тұста Тоқаев Кремльдің қол астындағы одақтардан шығып, Мәскеудің құшағынан сытылып шығу мүмкіндігін пайдаланбай отыр. Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымындағы мақалада осындай ой айтылады.

Тоқаев 16 наурыз күні халыққа жасаған жолдауында парламентті күшейтіп, саяси партиялардың тіркелуін жеңілдететін бірқатар өзгеріс жасауды ұсынды.

Рысбек Сәрсенбайұлы.
Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бірақ басылымға сұхбат берген, 2006 жылы қаза тапқан оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Тоқаевтың бастамасын "ішінара косметикалық сылап-сипау шаралары" деп атады. Оның ойынша, Тоқаев саяси партиялар туралы, сайлау туралы және бейбіт жиындар туралы заңдарды түбегейлі өзгерткенде ғана шын мәніндегі саяси реформалар туралы сөз қозғауға болады.

Ал "Ел болашағы" азаматтық бастамасын құрушылардың бірі, белгілі журналист Ермұрат Бапи президенттің ұсыныстары қалай іске асатыны белгісіз дейді, себебі Тоқаевқа 2019 жылы Назарбаевтың жақтастарынан жасақталған бюрократиялық аппарат мұраға қалды, ал олар Тоқаев тапсырмаларын орындамауы мүмкін.

Ресей Украинаға басып кірген соң геосаяси ахуалдың шиеленісуі Қазақстан экономикасына қауіп төндіре бастады, бұл Тоқаевтың жағдайын одан бетер қиындатып жіберді.

Санкциялардың кесірінен тауар тапшылығынан қауіптенген Мәскеу Еуразия экономика одағына кіретін елдерге бидай мен қантты экспорттауға тыйым салды. Қазақстан халқы жаппай қант сатып ала бастады, нәтижесінде қант қымбаттады. Батыс брендтерінің Ресейден кете бастауы, логистика мәселелері де Қазақстанға әсер етуі мүмкін. Қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын "Каспий құбыр желісі консорциумы" айлақтарының "Қара теңіздегі қатты дауылдың кесірінен" істен шығуы қосымша бас ауруға айналды. Сарапшылар Қазақстан осының кесірінен айына 500 миллион доллар табыстан айырылады деп есептейді.

Мақала авторы Нәубет Бейсеновтің жазуынша, осы себепті Қазақстан Ресеймен одақтардан шығып, Кремльден алшақтауы керек деп есептейтіндер баршылық.

"Украинаға басып кірмес бұрын Ресей Еуразия экономика одағына мүше елдермен ақылдасқан жоқ, "соғыс бастаймын, қиын-қыстау кезеңге дайындала беріңдер" деп ескертпеді. Енді бізде карт-бланш бар. Үкімет одақтан шығатынын жариялауы керек" дейді Бапи.

Қазір бар күшін "Назарбаевтың жақындары мен одақтастарын тықсыруға жұмсап жатқан" Тоқаев үкіметі реформа жасауға асығар емес. Ермұрат Бапи мұның себебін Тоқаевтың 2024 жылы президент сайлауынан кейін билікті сақтап қалуға тырысу әрекетімен түсіндіреді. Бірақ оның ойынша, егер Тоқаев батыл қадамға барып, ескі жүйені өзгертсе, халық оны келесі сайлауда қолдар еді.

Ал Рысбек Сәрсенбайұлы керісінше "егер Тоқаев шын мәніндегі реформаларды іске асырса, келесі сайлауда сайлана алмай қалып, биліктен айырылып қалады" деп есептейді.

РЕСЕЙДІҢ "ДЕНАЦИФИКАЦИЯ" ИДЕЯСЫ ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕ МЕ?

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымында шыққан мақалада Украинаға басып кіргенде Ресей сылтау еткен "денацификация" ұғымы нені білдіреді және Ресейдің бұл ұстанымы Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті деген сұраққа үңіледі.

25 ақпан күні Ресейдің Sputnik ақпарат агенттігінің Қазақстандағы бөлімшесі Sputnik Қазақстан "Украинаның денацификациясы оны азат етуді білдіреді" деген тақырыппен мақала жариялады.

Одан бір ай өтпей жатып Мәскеу мемлекеттік думасының депутаты Сергей Севостьянов "“денацификация” мен “демилитаризация” жүруі тиіс" аймақтарға Балтық елдері, Польша, Молдова мен Қазақстанды қосуды ұсынды. Ақас Тәжуітов Севостьяновтың мәлімдемесі Қазақстанға бағытталған дейді. Өйткені Балтық елдері мен Польша − НАТО мүшелері, Ресей оларға басып кірсе, НАТО бұл елдерді қорғамақ. Ал Молдова Ресеймен шектеспейді.

Ресей саясаткерлері айтып жүрген "денацификация" процесі қайдан шыққанын және не білдіретінін түсіну үшін Тәжуітов "Жаңа социализм үшін" қозғалысының көшбасшысы, Украинаға "денацификация" жүргізу керек деп санайтын Николай Платошкиннің мәлімдемесін талдайды. Платошкиннің айтуынша, қазіргі уақытта "басты қаһарман – Гитлерге тамсанатын философ Иван Ильин. "Ресей ұлттық арналары "денацификация" үрдісімен қатар Ильинді де насихаттап жүр".

Тәжуітов батыс авторлары "Путин Ильиннің идеяларына құрметпен қарап, негізге алып жүр" деп есептейтінін келтіреді. Мысалы, Соломон Д.Стивенстің жазуынша, "Путин "фашистік көзқарас ұстанатын орыс философы Иван Ильиннің "Ресей мақсаты – азғындаған әлемді құлдыраудан, демократия мен зайырлылықтан құтқару, заң тәрізді дүниелерге байланбаған мықты билеуші ғана Ресей мен әлемді құтқара алады" деген пайымын басшылыққа алған. Ресейдің Украинадағы демократияға шабуылының саяси астары бар, бұл ел ішіндегі фашизмді күшейтуге бағытталған".

Ресей президенті Владимир Путиннің тарихшы Иван Ильин қайта жерленген зиратқа келген сәті. Мәскеу, 2009 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің тарихшы Иван Ильин қайта жерленген зиратқа келген сәті. Мәскеу, 2009 жыл.

Ильиннің атышулы "Наши задачи" атты саяси эсселер жинағында айтылған ойларды Путин түртіп алып, сүзгіден өткізіп, пайдаланған делінеді. Ильин өз шығармасында Украинаны "бөлшектену және жаулап алу қаупі жоғары Ресей облысы" деп атаған. Тәжуітов осы себепті "Украина жеке-дара мемлекет емес, Ресейдің бөлігі" деген ой Ресей жетекшілігінің санасына сіңіп кеткені таңғалатын нәрсе емес дейді.

АҚШ жазушысы және тарихшысы Тимоти Снайдердің жазуынша, 2014 жылы Ресей әскері Украинаға басып кіргенде Ресейдің барлық жоғары лауазымды шенеуніктері мен губернаторларына Ильиннің саяси эсселер жинағы жіберілген. Сондықтан Ильинді мемлекетшіл тұлға, нағыз орыс философы мен патриоты деп пір тұтатын елдің Украинаны "неонацистік көзқарас ұстанатын ел" деп атауы қисынсыз екенін Украина президенті Владимир Зеленский де жеткізген.

"Нацистердің ізін басып келе жатқан елдің бізді нацист деп айыптауын қабылдай алмаймыз", − деді Зеленский.

Тәжуітов соғыс аймағынан келіп жатқан хабарлар Ресей саяси элитасының агрессиясын күшейтіп, "ұлтшылдықтан азат етілуге тиіс" басқа елдерді іздеуге әкелді дейді. Чехиядағы ұлты қазақ саясаткер Жәмила Стехликованың айтуынша, "қазір Балтық елдері мен Польша емес, Қазақстанға қауіп төніп тұрғанын көпшілік түсінбейді" .

Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.
Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.

"Ұрпақтың болашағы шешіліп жатқанда Путин қалпына келтіруді көксейтін КСРО-дағы өткен күндерге сентименталдықпен қарамау керек. Путин қазір Харьков пен Киевті осындай оймен бомбалап жатыр, егер ол алдымен Қазақстанға келуді шешсе, тура солай Алматыны бомбалар еді", − деді Стехликова.

Бірақ Қазақстанның өзінде мұндай нәрселерді ашық айтудан көпшілік аяқ тартады. Тіпті ел билігінің өзі Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдарының даулы мәлімдемелерін талқылаудан қашқақтайды. Ресей саясаткерлері мен журналистері "Қазақстан үкіметінде нацистердің сыбайластары отыр" деген мәлімдемеге ресми жауап бермеді. Дәл сол сияқты Сергей Севостьяновтың Қазақстанды "ұлтшылдардан азат ету" мәлімдемесін үнсіз қалдырды. Тәжуітовтің ойынша, бұл ретте "басты сұрақ: бұл қашанға дейін жалғаспақ?".

МӘСКЕУ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ СЫРТҚЫ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН ҚОРҒАЙ МА?

Ресейді Орталық Азиядағы қауіпсіздік кепілі деп атайды. Алайда Украинадағы соғыс Ресей басшылығы сеніп жүрген әскері шын мәнінде мықты емес екенін көрсетті. Олай болса Орталық Азия елдеріне алда-жалда қауіп төнсе, Мәскеу шын мәнінде қандай көмек көрсете алады? Орталық Азияны зерттеуші, белгілі журналист Брюс Панниер Eurasianet басылымында шыққан мақалада осы сұраққа жауап іздейді.

Журналистің жазуынша, былтыр Ауғанстандағы билік тәліптер бақылауына өткен соң қауіпсіздік мәселесінде Ресейге сенім артудың маңызы арта түсті. Брюс Панниер Орталық Азия елдері бұл ретте Талибаннан емес, Ауғанстандағы шетел содырларынан, әсіресе Орталық Азиядағы билікті құлатуды көздейтін осы аймақтан шыққан содырлардан сескенеді деп есептейді.

Орталық Азияны Ресей ресми тұлғаларының "тарихи орыс жерлері" мен Орталық Азия Украинадан кейін Ресей басып кіретін аймаққа айналуы мүмкін деген қауіп алаңдатады. Бірақ Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлар аймаққа басып кірсе, бар назары Украинаға ауған Ресей көмек көрсетпеуі мүмкін деген қауіп басым.

Дегенмен Украинада Ресей әскерінің әлеуеті әшкере болды, көп сарбаз қаза тапты. Журналистің ойынша, бұл жайт Ресей әскері мықты деп келгендердің сенімін шайқалтты.

Бұған дейін Ресей өз әскерінің әлеуетін күшті деп келсе де, жеме-жемге келгенде Орталық Азиядағы қақтығыстарға әскерін тартуға құлықсыз болған. Мақала авторы 1992-1997 жылдары Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде Ресей күштері белсенді рөл атқарып, Ресей шекарашылары 2005 жылға дейін тәжік-ауған шекарасындағы атыс қимылдарына қатысқанын еске салады.

Бірақ 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығысты басу үшін Қырғызстан билігі Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрағанда, ҰҚШҰ мұның ішкі мәселе екенін, бұл ұйым мандатына кірмейтінін мәлімдеген.

Автордың пайымдауынша, бұған салсақ, Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлардың шабуылдарын да Ресей ішкі мәселе ретінде қарастырса, онда бұған ҰҚШҰ мен Ресей араласуы шарт емес. Дей тұрғанмен Қазақстанда қаңтар оқиғасы елдің ішкі мәселесі бола тұра, ҰҚШҰ әскері Тоқаевқа көмекке келді.

Панниер Орталық Азия елдері Ресейді ықтимал конфликтілерге қатыстырмас бұрын Ресей әскерінің Шешенстан, Сирия мен Украинаны қалай қиратып, ғимараттарды жермен-жексен еткенін есте ұстауы қажет дейді. "Егер Ресей көмегінің ақысы елдімекендер мен қалаларды қиратып, жермен-жексен ету болса, онда Орталық Азия елдері өз күшіне сенім артқаны жөн шығар" деп түйіндейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG