Accessibility links

Назарбаевтың "миллиардтаған доллар бизнес империясы" және өз "шындығын өткізбек болған" билік


Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 миллиард доллар активі бар Ұлыбританиядағы бизнес компаниясын қазір кім басқарады? Қазақстан қанды қаңтардан қандай сабақ алуы керек? Экономикалық және саяси реформаларды қатар алып жүрмеудің арты неге апарып соқтыруы мүмкін? Қаңтар оқиғасы кезінде Батыс неге әрекетсіз қалды? Бұл аптада Батыс басылымдары осындай сұрақтарға жауап іздеді.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ МИЛЛИАРДТАҒАН ДОЛЛАР БИЗНЕС ИМПЕРИЯСЫ ЕНДІ АҚШ-ТАН БАСҚАРЫЛАДЫ"

Британдық Telegraph басылымы «Қазақстанның бұрынғы диктаторы» Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияда тіркелген компания арқылы миллиардтаған долллар активі бар бизнес-империяны басқарғанын жазады.

Журналистік зерттеулер бюросымен бірігіп жасаған зерттеу Назарбаевқа қатысы бар қорлар Лондондағы Jusan Technologies компаниясы арқылы 7,8 миллиард долларға тең активтерді басқарғанын анықтады. Басылымның мәліметінше, «бизнес империя былтыр қайта құрылымданып, енді АҚШ-тан басқарылады».

Ұлыбританиядағы компанияларды тіркейтін палатаға Jusan Technologies жіберген есепке қарағанда, 2020 жылы компанияның небәрі бір қызметкері болған. Бірақ бұл компания сауда үйлері, қаржы қызметі, телекомуникация мен макарон өндіретін фабрикаға дейін тарамдалып кеткен үлкен халықаралық бизнесті қамтыған.

Бұған дейін жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), қазақстандық Vlast.kz пен қырғызстандық Kloop.kg Назарбаев қорына тиесілі активтерде 7,8 миллиард доллар барын анықтаған.

Telegraph Владимир Путиннің жақын одақтасы саналатын Назарбаевтың Ұлыбританиядағы компания арқылы активтерді басқарғаны британ үкіметінің шығу төркіні белгісіз ақшамен күресеміз деген уәдесіне назарды қайта бұрады деп есептейді.

Лейбористер партиясының депутаты Маргарет Ходж британ парламентінің 3 ақпан күнгі отырысында Назарбаев активтерді құпия басқару үшін Jusan Technologies компаниясы арқылы қайырымдылық қорларына иелік еткенін мәлімдеген. Ходж осылайша Қазақстандағы жемқорлықтың өршуіне Ұлыбритания да үлес қосып, жемқор элитаның заңсыз ақшасын сол елде сақтап, жұмсап отырғанына көзжұмбайлықпен қарап келгенін айтқан. Ол жиынға келген сыртқы істер министрлігінің өкілінен Назарбаев пен оның туыстарына және олигархтарға санкция салуды сұраған.

Назарбаевтың қорлары Jusan Technologies-ті Қазақстанда тіркелген Pioneer Capital компаниясы арқылы басқарған. Ал Pioneer Capital-ға Назарбаев басқарған үш қор иелік еткен.

Назарбаев қорының заңды өкілі, АҚШ-тағы Boies Schiller Flexner заңгерлік компаниясы Jusan-ға меншік ету құқығы АҚШ-тағы коммерциялық емес ұйымға қайырымдылық көмек ретінде 2021 жылдың соңына дейін өткенін мәлімдеді. Нәтижеде Jusan-ның қазіргі иесі Jysan Holdings компаниясы, ал оған өз кезегінде NU Generation қоры коммерциялық емес тобы иелік етеді.

Басылым Назарбаев билігі тұсында, 2013-2016 жылдар аралығында білім және ғылым министрі қызметін атқарған Аслан Сәрінжіпов NU Generation қорының президенті екеніне назар аударады.

Boies Schiller заңгерлік компаниясы жаңа меншік иесіне қатысы бар адамдар мен ұйымдардың Назарбаевпен ешқандай байланысы жоқ екенін, компания Назарбаев университеті мен білім беру саласындағы басқа жобаларды қаржыландыратынын жеткізген.

Jusan-ның былтыр қазандағы есебіне қарағанда, оның жалпы активтері 7,8 миллиард долларға тең. Бұл активтер Қазақстандағы банк, телекоммуникация мен басқа да бизнеске тиесілі.

ҚАНДЫ ҚАҢТАР САБАҚТАРЫ

АҚШ-тағы Voice of America радиосының вебсайты қанды қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан алуға тиіс сабақтарды талдайды. Басылым Қазақстан демократияға бет бұруы үшін билік оқиғаны бейтарап зерттей ала ма деген мәселе ел ішінде талқыланып жатқанына назар аударады.

Жақында Вашингтонға барған сыртқы істер министрінің орынбасары Ахан Рахметуллин АҚШ-тың ресми тұлғаларына Қазақстан оқиғаны ашық және бейтарап зерттеуге мүдделі екенін мәлімдеген. Бірақ азаматтық қоғам өкілдері бұған күмән келтіреді, шенеуніктер мұның артында жылдар бойы мемлекетті тиімсіз басқаруға қарсы бұрқ ете қалған наразылық емес, «террористер» тұрғанын қайталаумен келеді.

«Адам құқықтары саяси контекстіге байланысты, ал біз авторитар мемлекетте өмір сүреміз». Басылым осы аптада Гарвард университетінің Дэвис орталығы өткізген «Қанды қаңтардан кейінгі Қазақстан» жиынында сөйлеген құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро директоры Евгений Жовтистің осы сөздерін келтіреді.

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

Елде әлі «азаптау бар, ал құқықтық қорғау жоқ» деген Жовтис Қазақстанға жаңа сайлау заңы мен жаңа конституция қажет екенін айтқан.

Басылым Тоқаевтың елде әлеуметтік-экономикалық өзгерістер іске асқан соң ғана саяси реформалар жасалады деген мәлімдемесін еске салады.

«Бірақ Centras Capital қаржы қызметі тобының жетекшісі Эльдар Әбдіразақов «Қазақстан қаңтар оқиғасына әкеп соқтырған проблемаларды шешкісі келсе, саяси және экономикалық реформаларды қатар алып жүру керек» деп есептейді».

«Халық теңсіздікті көріп, меритократияның және білімді адамдардың өсуге мүмкіндігі жоқтығына көз жеткізіп отыр» дейді Эльдар Әбдіразақов. «Барған сайын тереңдеп жатқан теңсіздік пен өсіп жатқан жемқорлық әділетсіздік сезімін күшете түседі... Бүгінде халық билікпен күреске дайын, өйткені олар қараңғы түнекте жылт ететін үміт сәулесін көріп тұрған жоқ» дейді сарапшы.

Жиынға қатысқан Джорджтаун университетінің оқытушысы, сыртқы саясат академиясының директоры Сергей Грецкий «бюрократтар мен саясаткерлерді бірден ығыстыру мүмкін емес», сондықтан «жемқорлыққа батқан шенеуніктер кез келген реформаны болдырмауға тырысады» деп есептейді.

Ал стратегиялық коммуникациялар жөніндегі маман Аида Досаева үкіметке деген сенімсіздік реформа әрекетін қиындата түсетінін айтады. Оның ойынша, үкіметтің пандемиямен күрес кезіндегі іс-әрекеті бұл сенімсіздікті тіпті күшейткен.

«Әсіресе әлеуметтік желіде өткір сын айтылып жатыр, бұл тұрақты сипат ала бастады. COVID-19 бойынша ақпарат беруге келгенде биліктің нақты стратегиясы болмады, билік қоғаммен коммуникация жасай алмады» дейді сарапшы.

Досаева басқаратын Tan Consulting компаниясы жүргізген сауалнамаға қарағанда, қоғам үкімет дағдарысты еңсеруге қабілетсіз деп санайды. «Сауалнама халық ресми мәліметтерге сенбейтінін, қоғам үкімет халықтың атынан шешім қабылдайтынына наразы екенін көрсетті».

Ал қаңтар оқиғасы кезінде Алматы тұрғындары интернет өшірілгендіктен, ақпаратсыз қалған. «Тиімді коммуникация деген – сенімді адамдардың түрлі аудиторияға әртүрлі платформа арқылы нақты хабар таратуы, бұл екіжақты процесс», коммуникацияның қаншалық нәтижелі болатыны қоғам сеніміне байланысты дейді сарапшы.

"ӨЗ ШЫНДЫҒЫН ӨТКІЗБЕК БОЛҒАН" БИЛІК ЖӘНЕ БАТЫС "ӘРЕКЕТСІЗДІГІ"

Modern Diplomacy басылымы қаңтар оқиғасы кезінде Интернетті өшіріп тастаған билік «өз шындығын» осындай жолмен өткізбек болғанын жазады.

Автор «наразылар 2019 жылы биліктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде айтарлықтай ықпалға ие болған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасы «қуыршақ билеуші» саналатын президент Тоқаевқа қарсы шығып, саяси өзгерістер жасағысы келді» деп санайды. Билік бұған қарсы тұру үшін Интернетті өшіріп тастады. Осылайша наразылыққа шыққандар арасында хат-хабар алмасуды шектеп, пікір білдіретін платформалардың жұмысын тоқтатқан билік «заңды» жаңалықтың жалғыз таратушысына айналып, «нарративті бақылауға тырысты».

Modern Diplomacy мұны «ақпараттық соғысқа» жатқызады, яғни билік өзі қарсылас деп есептейтін адамдарға «ықпал етіп, манипуляция жасау үшін» Интернетті шектеді.

Автор Қазақстандағы оқиғаларға Батыстың реакциясын Ұлыбритания, Франция мен Италия басшылары Адольф Гитлер басқаратын нацистік Германияға Чехославакияның немістер көп тұратын Судет облысын қосуды мақұлдап, қол қойған «Мюнхен келісімімен» салыстырады. 1938 жылы үш мемлекет Германия талаптарына көнбесе, Чехословакияға еш көмек көрсетпейтінін білдірген. Чехославакия соғыстың алдын алу үшін Германия, Франция, Ұлыбритания мен Италия қол қойған келісімге көнуге мәжбүр болып, Судет облысы Германияға өтеді. Автордың жазуынша, қаңтардағы оқиға кезінде Батыс елдерінің жетекшілері тек наразылық білдірумен шектеліп, «халықтан бас тартып», оларды өз мәселесімен бетпе-бет қалдырудан басқа ешқандай әрекетке бармады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG