Accessibility links

"Асқан қатыгездікпен азаптау", "қазақ билігін сынауға құлықсыз" Батыс және "жоғалған миллиардтарды" іздеген Тоқаев


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі заңсыз ұстаулар мен азаптауларға Батыс реакциясы неге әлсіз? Вашингтон адам құқықтарын өрескел бұзып жатқан қазақ билігін сынауға неліктен құлықсыз? Тоқаев Қазақстан-Қытай кеден бекеттерінен миллиардтаған доллардың бюджетке түспегенін неге енді ғана «байқады»? Президенттің кедендегі жемқорлық жайлы мәлімдемесі Назарбаевтар отбасына бағытталған соққы ма? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға үңілді.

"АСҚАН ҚАТЫГЕЗДІК" ПЕН "ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ" НАУҚАНЫ

АҚШ-тың New York Times басылымы толқуға ұласқан қаңтардағы шеру кезінде оққа ұшқан, заңсыз ұсталып, абақтыда азапталған адамдардың тағдыры туралы жазады.

Басылымның тілшісі Валери Хопкинс алаңдағы шеруге кетіп, із-түзсіз жоғалған 49 жастағы археолог Ерлан Жағыпаровтың белгісіз жағдайда қаза тапқанын әңгімелейді. 6 қаңтар күні Алматы алаңындағы митингіге кеткен Ерлан Жағыпаров жарты сағаттан кейін досына хабарласып, өзін ұлттық ұлан сарбаздары ұстап әкеткенін хабарлап үлгерген. Туыстары Жағыпаровтың мәйітін тек алты күннен кейін ғана қолы кісендеулі, оң қолы сынған, беті көкпеңбек күйінде мәйітханадан тапқан. Оқ оның асқазаны мен жүрегіне тиген. Марқұмның оққа ұшардан бұрын азапталғанын айтқан туыстары оны кім өлтіргенін тапқысы келеді.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан билігі қамауға алынған азаматтарды азаптап жатқаны жайлы шағымдар көбейді.

Автор билік «террористер» деп атаған наразыларды басып-жаншу үшін бастапқыда Тоқаевтың «ескертусіз оқ ату» бұйрығынан басқа қандай әдіс қолданылғаны бірнеше апта бойы белгісіз болғанын жазады. Құқық қорғаушылар мен белсенділер жинақтаған деректер «ескертусіз оқ ату» бұйрығы берілгенге дейін-ақ «террор» басталғанын көрсетеді. Құқық қорғаушылардың деректері мен The New York Times-тің бейбіт шерушілер және олардың туыстарымен сұхбаттары наразылықты асқан қатыгездік пен қорқытып-үркіту науқаны тез арада басқанын дәлелдейді.

Басылым Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы оқиға видеоларын талдап, соның негізінде қауіпсіздік күштері кемі төрт жағдайда шамадан тыс күш қолданып, 10 адам қаза тауып, 19 адам жараланды деген қорытындыға келгенін жазады.

Сонымен қатар қамаудағы адамдардың азапталып жатқанына да дәлелдер бар. Басылым «төрт күн бойы абақтыда азапталдым» деген белсенді Әсет Әбішев пен «терроризм актісі» бойынша айыпталып, қамауға алынған Тимур Кимнің оқиғасына тоқталған.

Кимнің әйелі Ләйлім Әбілдаеваның басылымға айтуынша, оның өзі де, күйеуі де бұрын саясатқа жақын болмаған. Күйеуі компьютер жөндеумен айналысып, үстел мен орындық сататын шағын бизнесті жүргізді. 38 жастағы Тимур Ким 9 қаңтар күні бауырымен бірге қала орталығына жақын маңда көлікпен кетіп бара жатқанда оларды полиция тоқтатып, тінтіген. Полиция босатқан соң Ким үйіне қайтып оралады. Алайда арнайы жасақ бірнеше сағаттан кейін Ким тұратын үйге басып кіріп, оны тергеуге әкетеді. Келесі күні қан-жоса, қолы кісендеулі Кимді полиция үйге әкеліп, пәтерді тінтеді. Әбілдаеваның сөзінше, Тимур Ким түні бойы соққыға жығылғанын айтқан. Тергеуші Кимге терроризм бойынша айып тағылғанын айтып, оны тағы да әкеткен. (Оны тек 3 ақпан күні ғана босатқан).

Әбілдаева басылымға берген сұхбатында енді мемлекетке сенбейтінін, мемлекет террористер болғанын дәлелдеу үшін қолдан содырлар жасауға көшкенін айтқан.

Заңсыз қамау мен ұсталғандарды азаптау жайлы жазған Eurasianet.org басылымы азаптау жайлы шағым көбейген тұста Қазақстан билігі адам құқықтарын бұзу оқиғаларын тергеуге уәде еткенін жазады.

Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылы тұрғыны Жақсылық Советбековтің тергеу кезінде қабырғасы сынған, іш құрылысына ауыр зақым келген. 19 қаңтар 2022 жыл.
Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылы тұрғыны Жақсылық Советбековтің тергеу кезінде қабырғасы сынған, іш құрылысына ауыр зақым келген. 19 қаңтар 2022 жыл.

Тоқаев оқиғаға халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ деп мәлімдеген. Human Rights Watch ұйымы қауіпсіздік күштері шамадан тыс күш қолданғаны жайлы есебінен кейін сыртқы істер министрлігі «Қазақстан ұсталғандарға «шамадан тыс» күш қолдану, заңсыз ұстау мен азаптаудың ықтимал жағдайларын айыптайтынын» жеткізді. Сондай-ақ министрлік Тоқаев «елдегі тергеу бейтарап және заңға сай жүру керектігін бірнеше мәрте айтқанын» мәлімдеді.

Eurasianet.org елде азаптау туралы шағымдарды екі түрлі үкіметтік емес комиссия зерттеп, тексеріп жатқанына назар аударады. Адвокаттар Абзал Құспан мен Айман Омарова жетекшілік ететін «Аманат» комиссиясына прокуратура мен ішкі істер министрлігінің өкілдері кірген. Басылым «Аманат» «биліктің батасымен» жұмыс істеп жатқаны анық, оны Тоқаев қолдаған» дейді.

Ал «қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, оппозиция белсендісі Балташ Тұрсымбаев пен журналист Ермұрат Бапи құрған комиссияға билік дәл солай жылы шырай танытқан жоқ». Бұл комиссия қаза тапқан бейбіт тұрғындардың аты-жөнін анықтау бойынша жұмыс істеп жатыр.

ҚАЗАҚ БИЛІГІН СЫНАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ ВАШИНГТОН ЖӘНЕ БАТЫСТЫҢ ӘЛСІЗ РЕАКЦИЯСЫ

Британдық Times басылымы да Алматыда бейбіт шеруге шыққандардың оққа ұшып, ұсталғандардың уақытша қамау абақтысында азапталғанын куәгерлердің сөзіне сүйеніп баяндайды. Сонымен қатар автор Марк Беннеттс елде адам құқықтары өрескел бұзылып жатқан тұста Батыстың реакциясы неге сылбыр деген мәселеге үңіледі.

Автордың жазуынша, АҚШ Тоқаевтың «ескертусіз оқ ату» бұйрығын сынаса да, осы уақытқа дейін «Батыстың реакциясы әлсіз болды». Өткен аптада Еуропарламент қаңтардағы қантөгіске қатысты қарар қабылдап, оқ атуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға санкция салуға үндеп, оқиғаны бейтарап тергеуге шақырды. Алайда бұл қарар міндетті сипаттағы құжат емес.

Ұлыбритания парламентінің алдында Қазақстанда адам құқығының өрескел бұзылуына жауапты тұлғаларға санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. 3 ақпан 2022 жыл.
Ұлыбритания парламентінің алдында Қазақстанда адам құқығының өрескел бұзылуына жауапты тұлғаларға санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. 3 ақпан 2022 жыл.

«Қазақстанда көпшілік ондаған жылдар бойы адам құқықтарын бұзылып, сайлау нәтижесі бұрмаланып, жемқорлыққа батқан элита табиғи ресурстарды талан-таражға салса да, Батыстың мұндай режиммен жұмыс істеуге дайын екеніне ашулы».

Басылым Қазақстан үкіметі кеңесші ретінде жалдаған Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің консалтинг компаниясы 2011 жылы 17 адам оққа ұшқан Жаңаөзен оқиғасының салдарын жуып-шаю бойынша кеңес берген соң, 9,5 миллион фунт-стерлинг көлемінде ақы алғанын еске салады.

Ал Transparency International ұйымының есебі бойынша, бір ғана Ұлыбританияда қазақ элитасы заңсыз жолмен тапқан 600 миллион фунт-стерлингке сатып алынған активтерді анықтаған. Бірақ бұл сома мұнымен ғана шектелмейтіні түсінікті.

Басылым журналист Тимур Нүсімбековтің «адам құқықтарын насихаттайтын дамыған, демократиялы елдердің Қазақстандағы оқиғаларға көз жұмып қана қоймай, заңсыз жолмен табылған ақшаны қабылдайтыны өте өкінішті» деген пікірін келтіреді.

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни Вашингтонның қазақ билігін қатты сынауға құлықсыздығын мұнай өндіру мен ядролық қаруды таратпау саласында ұзақ жылғы әріптестігімен байланыстырады. АҚШ-тың Chevron компаниясы бастаған консорциум Қазақстан батысындағы мұнай кен орнына 37 миллиард доллар инвестиция құйған.

"КЕДЕННЕН ЖОҒАЛҒАН МИЛЛИАРДТАР", ОЛИГОПОЛИЯМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ "ОЙЫНШЫЛАРДЫ АЛМАСТЫРУ"

Eurasianet.org басылымы президент Тоқаевтың Қытай мен Қазақстан өзара сауда-саттығынан ел қазынасына түсуі тиіс үлкен көлемдегі кеден алымдары бюджетті айналып өткенін неліктен енді ғана «кенет байқағанын» талдайды.

Тоқаев осы аптада Қытай мен Қазақстанның өзара сауда-саттығы саласындағы статистикалық мәліметтер әртүрлі екенін айтып, кеден мен транзит алымдары арасындағы айырма 5,7 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.

Тоқаев «былтыр кеден мәліметтеріндегі айырма» дегенде 2020 немесе 2021 жылдың қайсысын меңзегенін ашып айтпады. Екі елдің 2020 жылдағы кеден мәліметтеріне үңілген автордың айтуынша, Қытай сол жылы 21,4 миллиард доллар туралы есеп берсе, Қазақстан 15,7 миллиард доллар түскенін мәлімдеген.

Қазақ-қытай шекарасына жақын Алтынкөл теміржол станциясында тұрған контейнерлер.
Қазақ-қытай шекарасына жақын Алтынкөл теміржол станциясында тұрған контейнерлер.

2019 жылы кеден алымдарындағы айырма тіпті 7,6 миллиард олларға жеткен. Қытай 22,3 миллиард доллар, ал Қазақстан 14,7 миллиард доллар жайлы есеп берген.

«Жоғалған миллиардтардың ізіне түсу оңай» деген Тоқаев мұны Қазақстан мен Қытай арасындағы жүктерді өткізетін шекара бекеттеріндегі контрабандамен байланыстырды.

Сөйтіп, жылдар бойы кедендегі контрабандаға көз жұмып келген шенеуніктер Тоқаевтың сынынан кейін тез арада кеден бекеттерін тексеріп, Қытайға жүк өткізетін Алтынкөл және Қорғас шекаралық теміржол станцияларының басшылары қызметтен босатылды.

Автор Transparency Kazakhstan 2018 жылы есебіне сүйеніп, кеденде алаяқтық әрекеттер жылдар бойы жалғасып жатқанын, 2013 жылдан бері кеден статистикасындағы үлкен айырма байқалып жатқанын келтіреді.

Олай болса Тоқаев кедендегі бұрыннан белгілі жемқорлықты неге енді ғана әшкере етті?

Автор Джоанна Лилис мұның астарында Тоқаевтың бай-кедей арасындағы үлкен алшақтық пен жемқорлыққа қатысты қоғам наразылығын басуға бағытталған «олигополиядан арылу» науқаны жатыр деп түйіндейді. Автордың жазуынша, Тоқаевтың Қытай шекарасындағы контрабанда жайлы мәлімдемесі Назарбаев отбасына қарсы бағытталуы мүмкін. Өйткені «Қорғастағы сауда экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың бақылауында» деген сыбыс бұрыннан бар.

Басылым Тоқаев бұл ретте басқа отбасы мүшесін меңзеген болуы ықтимал дегенді де жоққа шығармайды. Былтыр көктемде жүк көліктерінің жүздеген жүргізушісі Қорғастағы «Нұр жолы» бекетінде наразылық өткізіп, монополист «Еуротранзит» компаниясы өз көліктерін кедергісіз өткізіп, өзге кәсіпкерлерге шектеу қойып отыр деген.

Азаттық Радиосы бұл компанияның экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаевқа қатысы барын анықтаған.

Автор халық олигополияны жоямын деген Тоқаевтың жемқорларды тұтқындап, әділ экономика жүйесін орнатады деп үміттенетінін, бірақ кей сарапшылардың бұған күмәнмен қарайтынын жазады. Мысалы, Орталық Азияны зерттеуші Эдвард Шац бұл «ойынды өзгертпей, ойыншыларды алмастыру амалы емес пе?» деген күмәні барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG