Accessibility links

"Абыройдан айырылған" партия басына келу, Назарбаев мұрасы және Тоқаев кезіндегі қудалау


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Нұр Отан» төрағалығын қолына алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияны қалай өзгертеді? Орталық Азия елдері Ресейден қорғану үшін күш біріктіре ала ма? Вашингтон Пекин мен Мәскеудің ықпалы артқан аймаққа келе ме? Назарбаевтың 30 жыл бойы құрған мұрасы қалай өзгереді? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.

ПАРТИЯ БАСЫНА КЕЛГЕН ТОҚАЕВ ЖӘНЕ АБЫРОЙДАН АЙЫРЫЛҒАН БРЕНД

Eurasianet.org басылымы жаппай толқудан кейін «Нұр Отан» партиясының позициясы шатқаяқтап қалғандықтан, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия басшылығын қолына алуы игі іс деп кесіп айтуға келмейді деген тұжырым жасайды.

Қаңтардың 5-і күні Алматыда толқу кезінде биліктегі «Нұр Отан» партиясының ғимараты өртеніп кеткен еді. Семей қаласында жақында 150 адам партиядан шығатынын мәлімдеп, біреуі бұған «басшылыққа сенімсіздік» түрткі болғанын айтқан.

«Партия басшылығына келген Тоқаев көп іске жауапты болып көрінуі мүмкін, бірақ бренд абыройдан айырылды» деген басылым Тоқаев партияны қысқа мерзім басқаруға уәде еткеніне тоқталып, саясаттанушы Никита Шаталовтың «Тоқаев партия басшылығында қала берсе де, партияның деперсонализациясы жалғасып жатыр» деген пікірін келтіреді.

Үкіметке жаппай наразылық кезінде биліктегі "Нұр Отан" партиясы кеңсесі өртеніп жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2021 жыл.
Үкіметке жаппай наразылық кезінде биліктегі "Нұр Отан" партиясы кеңсесі өртеніп жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2021 жыл.

Шаталовтың айтуынша, жылдың аяғына қарай партия жеке тұлғаға байланудан толық арылып, оның жұмысы басшының тұлғасына тәуелділіктен құтылады. «Саяси кеңестен атқарушы биліктегі шенеуніктердің алынғаны содан, яғни партияның әкімшілік ресурсы болмайды».

Тоқаев партияны модернизациялау туралы бастама көтерді, бірақ бұл – бұл бұрыннан айтылып жүрген мәселе. 2020 жылы партияның сол кездегі төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауымен өткен праймериз нәтижесінде жаңа адамдар келіп, партия жасарады делінген еді. Алайда бұған күмән келтіргендер мұның бәрі көзбояу үшін жасалғанын айтқан.

Қазіргі жүйенің қарсыластары өзгеріс билік партиясының аясынан шығуы керек деп санайды. Бірақ жаңа парламент сайлауы бола ма деген әңгіме әзірге мүлде қозғалмады да.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ РЕСЕЙДЕН ҚОРҒАНУ ҮШІН БІРІГЕ МЕ?

The Diplomat басылымы Қазақстан президентінің «елге сырттан шабуыл болды» деген желеумен Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскерін кіргізуі Орталық Азияның қауіпсіздік ахуалын түбегейлі өзгертетініне назар аударады. Мәскеу мен Нұр-Сұлтан көзімен қарағанда, операция сәтті өтіп, ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан тез кетті. Алайда басылымның жазуынша, көп сарапшы бұл Ресей әскерінің Орталық Азияға кіруіне прецедент тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Басылым аймақта Қазақстандағыдай жаппай наразылық бұрқ ете қалса немесе Ауғанстанмен шекарада зорлық-зомбылық күшейсе, бұл Ресейдің әскери операциясы үшін таптырмас сылтау болуы мүмкін деп жазады.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік миссия өкілдерінің Қазақстанға келу сәті. 8 қаңтар 2022 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік миссия өкілдерінің Қазақстанға келу сәті. 8 қаңтар 2022 жыл.

Ресейдің ықтимал әскери интервенциясынан қорғанудың жолы – аймақтық интеграция. Автор Орталық Азиядағы бес ел аймақтық интеграцияны біраз уақыттан бері созбалаққа салып келе жатқанын еске салады, дегенмен Қазақстандағы оқиғалар оны тездетуі мүмкін екенін айтады. Себебі өзара экономикалық қарым-қатынасы жолға қойылған, инфрақұрылымы дамыған интеграцияланған аймаққа әскер кіргізбес бұрын Кремль жақсылап ойланатыны түсінікті.

Басылымның жазуынша, аймақтық интеграцияға келгенде «Орталық Азиядағы диктаторлар» мен халықтың мүдддесі бір жерден шығады. Өйткені «автократтар» үшін халық толқуын болдырмаудың бірден-бір жолы – азаматтардың экономикалық ахуалын жақсартатын саясатты жүргізу. Мысалы, шағын және орта бизнесті дамытатын және нарықты кеңейтетін трансшекаралық жобалар бағаны төмендетер еді. Теміржол желілерін дамыту, энергияны жеткізу тізбегін жолға қою мен либерал сауда режимдері ақша мәселесін шешіп, аймақтағы қауіпсіздікті күшейтуі ықтимал. Мұндай реформалар уақытты талап етеді. Бірақ билікте ондаған жыл бойы қалғысы келетін аймақағы басшылар үшін бұл – статус-квоны сақтаудың бірден-бір жолы.

"ВАШИНГТОННЫҢ АЙМАҚТАҒЫ СЕРІКТЕСТІГІ" ЖӘНЕ ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ МОДЕЛЬДЕРІНЕ БАЛАМА

Қазақстанда қантөгіс пен жаппай тәртіпсіздікке ұласқан қаңтар оқиғасы − Орталық Азиядағы өзге елдер мен АҚШ-ты алаңдататын сигнал. Ресей мен Қытай тоғысқан жерде жатқан аймақ сырттағы сарапшылар ойлағаннан анағұрлым тұрақсыз, жарылыс қаупі бар болып шықты. Сол себепті АҚШ үшін аймақта белсенділікті арттырып, серіктестікті күшейтетін кез жетті. Foreign Policy басылымында шыққан мақалада осындай ой айтылады.

Автордың жазуынша, Тоқаевтың ҰҚШҰ әскерін елге кіргізуі Мәскеудің аймақтағы ықпалын күшейтті. Әскердің елден тез кетуі Ресей басқыншылығынан қауіптенген халықты тыныштандырып, аймақтағы басшыларға Мәскеу сенім артуға болатын желеп-жебеуші болып көрінді.

Мәскеу мен Пекин аймақта бәсекелес болғанымен, тұрақтылыққа келгенде, екі елдің мүддесі бір жерден шықты дейді автор. Ресей ҰҚШҰ әскерін жіберуді мақұлдай салысымен, Қытай басшысы Си Цзиньпин Тоқаевқа қолдау білдіріп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында көмек ұсынды. Бұл оқиға Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ынтымақтастықты өзге елдердің ісіне араласпау принципінен жоғары қоятынын және Америка үстемдік ететін бірполярлық саясатқа қарсы тұру үшін өз институттарын алға сүйрейтінін анық көрсетті дейді автор.

Пекин де, Мәскеу де ұзақ жыл бойы аймақтағы авторитаризмді қолдап, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары бұрмалаланған, әділетсіз сайлау нәтижелерін мойындап келген. Екі ел де аймақтағы Батыс құндылықтарына шәк келтірді әрі АҚШ-ты «демократияны өзге елдердің ішкі ісіне араласу құралы ретінде пайдаланады» деп айыптады. Оны былай қойғанда, екі ел аймаққа өз саяси модельдерінің элементтерін таңып, авторитар режимдерге азаматтарды бақылайтын технологияларды беріп келді деп тұжырым жасайды басылым.

Автор АҚШ Орталық Азия халқының үніне, олардың үкіметке наразы болу себептеріне мән беріп, Ресей мен Қытай модельдеріне балама ұсынуы керек деп есептейді. Бұл үшін АҚШ азаматтық қоғам арасынан халық қолдайтын серіктестер тапқаны жөн. Сонымен қатар ол аймақта белсенді жұмыс істеп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Жапония және Үндістанмен қауіпсіздік бағыты бойынша серіктестік орнатқаны абзал.

НАЗАРБАЕВТЫҢ МҰРАСЫ ЖӘНЕ "ҚАЗ-ҚАЛПЫНДАҒЫ РЕЖИМ"

The New York Times басылымы 30 жыл бойы елді басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасы енді қалай өзгереді деген сұраққа жауап іздейді. Назарбаевтың есімі мектеп, университет, көшелерге, астанадағы әуежайға, тіпті астананың өзіне берілді. Ол билік басында болғанда қандай мұра қалыптастырғанын тізіп шыққан мақала авторы «автократ билік Назарбаевтың отбасы мен достарына үлкен байлық жинауға мүмкіндік берді, оның мұрасы ауқымды болғаны сондай, ресурсқа бай елде шын мәнінде бірдеңе өзгере ме?» деген сұрақты алға тартады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Басылымға пікір білдірген тіркелмеген Oyan, Qazaqstan қозғалысы негізін қалаушылардың бірі Димаш Әлжанов режимнің ресми және бейресми құрылымы қаз-қалпында, элитааралық қарым-қатынас «патрон-клиент» күйі қала беретінін айтқан.

Ал Тоқаевтың кеңесшісі Ержан Қазыхан Қазақстан демократиялық реформаларды ұстанатынын, бірақ Джефферсонның демократиясын бір күнде орнату мүмкін емес екенін жеткізген.

Басылымға сұхбат берген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың айтуынша, Тоқаевтың айналасына кімдер топтасқанына қарамастан, Назарбаевтың биліктен кетуі халықты жігерлендіре түскен. Мамай «халық 30 жыл бойы Назарбаевтан қорықты, ешкім Тоқаевтан қорықпайды» деп түйіндеген.

"НАЗАРБАЕВ КЕЗІНДЕГІ ҚУДАЛАУ ТОҚАЕВ КЕЗІНДЕ ДЕ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР"

Британдық The Economist басылымы қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бейбіт тұрғындар мен полиция ұстап әкетіп, уақытша қамау абақтасында азаптаған адамдардың оқиғаларын жазған.

Басылым Алматыда 7 қаңтарда үйіне қайтып келе жатқанда оқ тиіп, көлігі өртеніп кеткен ерлі-зайыпты Қуат Біткенбаев пен Гүлзипа Құлсұлтанованың қазасы жайлы баяндайды. Марқұмдардың ұлы Дәурен Біткенбаев ата-анасы абайсызда оққа ұшты дегенге сенбейді. Сол күні президент Тоқаев қауіпсіздік күштеріне ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеген. Азаттық 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан ерлі-зайыптының қазасы жайлы бұдан бұрын да жазған еді.

Автор Алматыда бейбіт шеру кезінде ұсталып, тоғыз күн қамауда отырғанда азапталған белсенді Дәурен Достияровпен кездесіп, оның оқиғасын егжей-тегжейлі жазыпты. Достияров бұған дейін Азаттыққа қамауда отырғанда соққыға жығылғанын баяндап берген.

Видео: "Балғамен ұрды". Белсенді Достияров қамауда таяқ жегенін айтады (14 қаңтар 2022 жыл).

"Балғамен ұрды". Белсенді Достияров қамауда таяқ жегенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:33 0:00

Тоқаев қаңтар оқиғалары зерттеледі деп уәде еткен, бірақ Достияров тәрізді азаптау көргендердің мәлімдемелері президенттің сөзіне күмән тудырады. Қазақстан президенті көшеге шыққан жұрттың үніне құлақ асып, халық тұрмысын жақсартуға уәде етті. Алайда ол оған дейін де сондай уәде беріп келген. Басылым Достияровтың «Кезінде Назарбаев адамдарды қалай қудаласа, Тоқаевтың кезінде де тура сол жалғасып жатыр. Ештеңе өзгермейді» деген сөзін келтіреді.

Ал ата-анасынан айырылған Дәурен Біткенбаев «жаңа Қазақстан құрылады деген биліктің сөзіне сенбейтінін», ата-анасының қазасы жайлы шындықты ашқысы келсе де, сот әділдігіне сенбейтінін айтады. «Елімді жақсы көремін, бірақ мемлекетімді жек көремін» дейді Біткенбаев басылымға берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG