Accessibility links

Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен теңесу. Си Цзиньпинге "ұлы көшбасшы" дәрежесі не үшін керек?


Қытай басшысы Си Цзиньпин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин.

Қытай коммунистік партиясының бас хатшысы және Қытай төрағасы Си Цзиньпин жаңа "ұлы көшбасшы" деп жарияланып, ел тарихында Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен бірдей дәрежеге ие болды. Қытайда "ұлы император Сидің" культі қалыптасып келе жатыр ма? Си Цзиньпин Қытайдың бұрынғы ықпалын қалай қайтармақ? Ресей империясын, СССР мен Сталинді аңсайтын ресейліктер сияқты Қытай қоғамы да ұлы императорлар мен Мао Цзэдунның дәуіріне оралғысы келе ме?

Өткен аптада Пекинде Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) Орталық комитетінің 6-пленумы аяқталды. Қытай компартиясының 100-жылдығымен тұспа-тұс келіп (партия 1921 жылы шілдеде құрылған), "тарихи шара" деп бағаланған пленумның қорытынды қарарында бірінші рет Си Цзиньпиннің Қытайдың "ұлы жаңғыруындағы" "шешуші" рөлі айрықша аталды. Си Цзиньпиннің "қытай халқының ерекшелігіне негізделген социализм" тақырыбындағы соңғы идеологиялық еңбегі "қытай мәдениетінің квинтэссенциясы" деп сипатталған. Пленум қарары партия, әскер мен халықты компартия айналасына бірігуге шақырады, ал Си Цзиньпин жолдас партияның тірегі саналады. Оның еңбегі мен саяси шешімдері таңғажайып күшке, ұлт тағдырын шешуші мәнге ие деп бағаланады.

ҚКП-ның жүз жылдық тарихын қорытындылаған қарар мен басқа да құжаттарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында, кинолар мен телешоуларда Си Цзиньпин Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен дәрежесі бір көшбасшы деп аталады. Пленумның қорытынды қарарында "Мао жолдас халықты қанаушыларды жеңді, Дэн жолдас мемлекеттің гүлденуіне жол ашты, ал Си жолдас елді ұлт қуатының жаңа дәуіріне бастап барады" делінген.

Қытайтанушы, Ресей ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының директоры Алексей Маслов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Си Цзиньпиннің жаңа культі, Қытайдағы ежелгі тарих пен қазіргі саясатқа деген ресми және бейресми көзқарас туралы ой бөлісіп, Қытай қоғамындағы ұлы императорлар дәуірін аңсау мен Ресейдегі ностальгияның арасында қандай айырмашылық барын айтып берді.

– Компартия көшбасшыларына тоқталсақ. Қытайда және ҚКП-да партия төрағаларының культі бар ма? Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин – өткен дәуірдің тұлғалары. Ал Си Цзиньпин – тірі адам. Соңғы пленумда оны жарты құдайға теңеді. Бұл партия мен мемлекет өміріндегі қандай да бір өзгерістен хабар бере ме?

Қытайтанушы Алексей Маслов
Қытайтанушы Алексей Маслов

– ҚКП тарихында қандай өзгерістер болып еді? Дұрыс айтасыз, ресми Қытай идеологиясына сәйкес, қазірге дейін Қытай тағдырын өзгерткен екі көшбасшы болған. Біріншісі – Мао Цзэдун. 1945 жылғы пленумда Мао "ұлы көшбасшы" атанып, қарсыластарын жеңіп, 1949 жылы билік "жаңа" компартияның қолына өткен. Осылай Қытай социалистік мемлекетке айналды. Бұл – бірінші өзгеріс. 1981 жылы өткен пленумда Дэн Сяопин "қытай халқының ерекшелігіне негізделген социализм құру" идеясын жариялаған кезде екінші өзгеріс болды. Осы кезден бастап Қытайда қайта құру кезеңі басталды, қазір бәріміз соның нәтижесіне куә болып отырмыз. Енді Си Цзиньпин Қытайдың өз идеясы мен теориясын жүзеге асыруға құқылы көшбасшысы деп танылған кезде ел тарихында өзгерістердің үшінші кезеңі басталып жатқанға ұқсайды. Яғни, енді Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин сияқты Си Цзиньпиннің де өз теориясы бар.

Си Цзиньпин – енді тек Қытай төрағасы және компартия бас хатшысы емес, ол – Қытайды өзгерткен тұлға ретінде тарихта қалатын теоретик көшбасшы. Әрине, әзірге ол түбегейлі өзгерістер енгізген жоқ, бірақ бәрі осыған келе жатыр. Си Цзиньпиннің айналасында кімдер отыр? Әрине, бұл саланы жетік білетін мамандар компартияның саяси бюросы тұрақты комитетінің басқа да тұрақты мүшелерін атайтын шығар. Бірақ олардың бәрі – бас көшбасшы Си Цзиньпнмен салыстырғанда үшінші деңгейдегі тұлғалар.

Иә, көбі Си Цзиньпиннің культі туралы бекер айтып жүрген жоқ. Қытай экономикалық емес, күрделі идеологиялық жағдайға тап болғанда партия механизмі өз қатарынан ұлттық идеялардың көрінісі бола алатын "бірінші көшбасшыны" шығарады (бір кездері Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин де осылай шыққан). Кейінгі жылдары Қытайда өткен ірі шараларда айтылған "Бір белдеу – бір жол", "Адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығы" немесе 2060 жылға қарай барлық зиянды қалдықтан бас тартып, жасыл экономикаға көшу идеяларын экономиканы басқаратын Қытай мемлекеттік кеңесі емес, Си Цзиньпин ұсынып келді. Осының бәрі Си Цзиньпиннің өз идеясы деп таныстырылды. Қытайдағы қайта құру Дэн Сяопиннің, ал "мәдени революция" Мао Цзэдунның еңбегі саналатыны сияқты алда болатын кез келген идея не жеңіс Си Цзиньпиннің атымен аталады.

– Ресейде кей азаматтардың Сталин басқарған жылдарға, "совет одағының гүлденген шағына" қайта оралғысы келетіні сияқты, Компартия мен Қытай қоғамында да Мао Цзэдун мен Дэн Сяопиннің "ұлы дәуірін" аңсау сезімі бар ма? Бұл эстетика мен стилистика сияқты ұсақ-түйектен байқала ма?

– Қытайда Мао Цзэдунның образын романтизациялап, "қызыл кезеңді" аңсау сезімі бар. Бес жыл бұрын бұл жаппай трендке айнала бастады. Мысалы, мәдени революция кезіндегі тағамдарды ұсынатын дәмханалар мен мейрамханалар ашылды. Онда өте қарапайым тағамдар дайындалды. Пекинде "Қызыл классика" (ел арасында "мәдени революция") деп аталатын мейрамханалар желісі жұмыс істеді. Онда 60-жылдардың тағамдары дайындалып, маоистік әндер айтылып, залға Мао Цзэдун мен 60–70-жылдардағы көшбасшылардың суреттері ілінді. Даяшылар қызыл туларын желбіретіп, хунвейбиндер мен цзяофандардың киімін киді. Халықтың бұл әндерге, осы атмосфераға елітіп, қуана қол соққанын өз көзіммен көрдім. Кейін бұл мейрамханаларды жауып тастады. Өйткені билік мұны "шектен тыс" көріп, өткенге емес, болашаққа қарау керек деп шешті. Жалпы алғанда, өткенді аңсау сезімі бар.

Си Цзиньпин Компартияның жүз жылдығында сөйлеп тұр. Пекин, 1 шілде 2021 жыл.
Си Цзиньпин Компартияның жүз жылдығында сөйлеп тұр. Пекин, 1 шілде 2021 жыл.

Бірақ заманауи Пекинде тұратын адамдар Мао Цзэдуннің дәуіріне оралғысы келеді деп айта алмаймыз. Өйткені адамдар бір маңызды дүниеге үйреніп қалды. Қазіргі Қытай – технологиясы дамыған, заманауи мемлекет. Басқалар Қытайды "қызыл классикасы" үшін емес, жаңа технологиясы мен мықты экономикасы үшін құрметтеп, аяқ тартады. Кей азаматтар Дэн Сяопиннің кезін қазіргі заманмен байланыстырып, 80-90-жылдар мен бүгінгі күннің арасынан еш алшақтық көрмейді, мұны біртіндеп дамудың көрінісі деп қабылдайды.

Менің ойымша, Си Цзиньпин Мао Цзэдунге ұқсағысы келеді, бірақ оның ойындағы образ әлдеқайда терең. Ол мейірімді, халықты түсінетін, диалогқа баруға дайын, бірақ іштей өте қатал "классикалық қытай императорының" образын қайталағысы келеді. Оның жымиысының артында темірдей мықты ерік мен "болат қылыш" жасырылған. 15 қарашада АҚШ президенті Джо Байденмен өткен келіссөздер кезінде Си Цзиньпиннің бұл қасиеті анық көрінді. Оның қалай жүріп-тұрғанына, сөйлегеніне, ым-ишарасына қарап, конфуциандық данышпан шенеуніктің жиынтық образы мен ұлы императордың сөйлеу әдебін байқауға болады. Яғни, Си Цзиньпин ежелгі қытай басшыларының классикалық образына еліктейді.

– Қазір Ресейде Сталин, Брежнев дәуірі, Совет одағы қатысқан соғыстар туралы фильмдер мен сериалдар көп түсіріледі. Ал Ұлы отан соғысы мен жеңіс культі жаңа дінге айналған сияқты. Қытай өнерінде, кино саласында дәл осындай тенденция байқала ма?

– Қытайда бұл тақырып бұрыннан бар. Соғыс туралы көпсериалды фильмдер жетіп артылады. Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыс басты назарда болса, Қытайда екі оқиғаға ерекше мән беріледі. 1945–1949 жылдары не одан ерте 1925–1927 жылдары гоминьдандықтармен азамат соғысы болған, ал 1860-жылдары елге шетелдік державалар басып кіріп, Қытай тәуелсіздігі үшін күрескен. Кітаптар мен киноларда 1937-1945 жылдары болған Жапониямен соғыс та жиі аталады, бірақ жоғарыда айтылған оқиғалармен салыстырғанда аз кездеседі. 19 ғасырдың ортасы мен соңында қытайлар ең үлкен соққы жеді. Бұл кезде ішкі мәселелері болса да, тұрақты өмір сүріп жатқан, императордың қол астындағы ұлы Қытай "варварлардан" (Ұлыбритания, Ресей, Франция, Германия, АҚШ) жеңіліп қалды. Бұл экономикаға не адам капиталына емес, халықтың ұлттық сезіміне соққы болып тиді. Қытай национализмі дәл сол кезде пайда болды. Сунь Ятсен, Чан Кайши және Мао Цзэдун деген көшбасшылардың танымалдылығы артты. Олардың бәрі интернационалист емес, националист болған. Осы тақырып 24 сағат бойы көрсетіледі. Қытайда тарихи тақырыпта қанша фильм, детектив не тұрмыстық драма түсірілетінін санап көрген емеспін. Бірақ экран уақытының кем дегенде 40 пайызын "Қытайдың тарихы" туралы туындылар құрайды.

Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында ілінген Мао Цзэдунның фотосы.
Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында ілінген Мао Цзэдунның фотосы.

– Си Цзиньпин жолдасқа оралайық. Жақында өткен пленум, қарар, коммунистік партияның жүз жылдығы мен елдің өткен тарихына емес, болашақ көшбасшыға арналған. Мұны өзіңіз де айттыңыз. Бұл енді Си жолдасқа қарсы ешқандай сын айтылмайды дегенді білдіре ме? Оның кез келген әрекеті мен саясаты мінсіз санала ма?

– Олай ойламаймын. Өйткені Мао Цзэдун кезінен бастап коммунистік партияда біраз өзгеріс болды. Қытай компартиясында саяси тақырыпта болмаса да, экономикалық мәселелерге қатысты талас-тартыс, талқылаулар жиі болады. Айтпақшы, мен айтып отырған идеологиялық дүниелерді ҚХР мемлекеттік кеңесі және Қытай компартиясының орталық комитеті жанындағы thinktanks деп аталатын арнайы орталықтар дайындайды. Олар үнемі Си Цзиньпиннің неге үздік көшбасшы екенін түсіндіріп отырады. Бірақ соған қарамастан талқылауға мүмкіндік бар. Ресейде "ұлт көшбасшысы" белгіленген. Ал Қытайда "ұлы көшбасшы" термині қолданылады. Мао Цзэдун кезінде бұл атауға көп мағына берілген. Ресми идеология мен қытай дүниетанымына сәйкес, кеме үлкен толқындардың ортасында қалып, батып кетуге айналғанда оны құтқару үшін көшбасшы керек. Кемені басқаратын капитан кез келген қателік үшін бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл – өте ауыр миссия, қазір Си Цзиньпин өзіне осындай жауапкершілік артып отыр. Сәйкесінше, бүкіл сынды да өзі көтереді.

Компартия басшысына да сын айтылады. Мысалы, Си Цзиньпин Джо Байденмен соңғы виртуалды кездесуге Қытай АҚШ-пен келіссөз жүргізіп, кикілжіңді шешуге дайын екенін көрсету үшін ғана келісті. Қытай халқының көбі, оның ішінде 90 миллион мүшесі бар компартия шенеуніктері "АҚШ-пен сауда жасап, оған қыруар қаржы құйып, тауарымыздың 25 пайызын Америка нарығына арнап өндіріп жатқанда, аяқ астынан Вашингтон бізді жау көріп, Қытайға қарсы коалиция құрып, технологияларға қолжетімділіктен бастап әскери салаға дейінгі әлсіз тұстарымыздан соққы беріп отыр. Бұған кім кінәлі? Неге компартия, жолдас Си Цзиньпин Вашингтонмен қарым-қатынасымызды ретке келтіре алмады?" деген сұрақ қоя бастады. Сондықтан Си Цзиньпин Вашингтонмен қарым-қатынасын түзеп, АҚШ пен Қытай арасындағы қызыл шекарадан артқа шегінуге тырысып жатыр.

– Кейінгі он жылдықта Қытайда болған басшылардың ішінде Си Цзиньпин ұлылық, мұра, тарих мәселесіне қатты мән беретін сияқты. Бұл неге сонша маңызды? Қателеспесем, Си Цзиньпиннің отбасы да партиялық-мемлекеттік қуғын-сүргіннен зардап шеккен.

– Зардап шеккені рас, мұның да өз мәні болса керек. Бірақ мәселе басқада деп ойлаймын. 2012 жылы Си Цзиньпин Компартия бас хатшысы, бір жылдан кейін ҚХР төрағасы болып тағайындалған кезде елдің жағдайы қиын еді. Елді алға сүйрегені үшін мақтау-марапаттың бәрі бұрынғы көшбасшы Ху Цзиньтаоға бұйырды. Қазір Қытайда оны жиі сынап, жемқорлықтың өсуіне жол ашты деп айыптайды. Ақпарат құралдарында Ху Цзиньтаоның аты аталмайды, бірақ ол ел басқарған жылдары Қытай экономикасы үлкен қарқынмен өсті. Цзиньтаодан бұрын Дэн Сяопиннің тікелей мұрагері Цзян Цзэминь билікте болды. Оның тұсында да Қытай біраз дамыды. Ал Си Цзиньпин экономикалық өсім баяулап, бұрын Қытайды жақсы көріп келген одақтастары одан сырт айналып, жалқау партиялық шенеуніктер қымбат үйлер сатып алып, балаларын шетелге оқуға жібере бастаған кезде билікке келді. Қытай өсу қарқынын жоғалта бастады, өйткені бәрінің жағдайы жақсы болды.

Си халық, бірінші кезекте өңірлік деңгейдегі партиялық шенеуніктер өзіне "неге бұрынғы басшылар кезінде тұрақты өсім көрсетіп келген Қытай қазір тұралап қалды?" деген сұрақ қоюы мүмкін екенін жақсы түсінді. Идеология мәселесіне оралу осы кезден басталды. Мемлекет басшысы экономикалық стратегия құрып, барлық ықтимал өсу нүктесіне қол жеткіздік, енді қазір қиын кезеңде тұрмыз дегенді айтты. Қытай бірнеше бөлікке бөлініп кетпеуі үшін Си Цзиньпин идеологиялық доктриналарға оралудан басқа амал таба алмады (басқа нұсқа болған да жоқ). Бұл халықтың санасына әсер ете бастады. Осылай Си Цзиньпин пешке ағаш салып, бақылап отыр, ал от өз бетінше лаулап жанып жатыр!

Хэнань провинциясындағы зауыттың сыртында ілінген Си Цзиньпиннің суреті.
Хэнань провинциясындағы зауыттың сыртында ілінген Си Цзиньпиннің суреті.

Халықтың Си Цзиньпинге көзқарасын бақылап отырамын. Қытайдың әлеуметтік желілерінде (бұл платформаны билік пен арнаулы қызмет өкілдері түгел бақылауда ұстамайды) "Си Цзиньпин жарады, дұрыс істеп жатыр" деген сарындағы оң баға көп кездеседі. Сондықтан ескі терминдер мен идеологияға оралу жай ғана Си Цзиньпиннің қалауы емес, қазіргі жағдайды, жергілікті халықтың санасы мен тарихын ескеріп қолға алынған мемлекеттің тұрақтылығын сақтау механизмі деуге болады.

Пленумда қабылданған қарардың Қытай халқының алдағы өмірін анықтайтын жоғары заңдық күші бар шешім екені белгілі. Яғни, ақпарат құралдары, мемлекеттік идеологиялық машина осы культті, "жаңа император" Си Цзиньпиннің образын қалыптастыруға жұмыс істеуі керек. Басқаша болуы мүмкін емес қой?

– Иә, әрине. Бұл машина бар күшін салып, жұмыс істеп келе жатыр. Бірақ сыртқы әлемге басқаша көріну керек, өйткені халық Си Цзиньпиннен енді ғаламдық көшбасшылық күтеді. Ал АҚШ күтпеген жерден аяқтан шалып отыр! Сондықтан болашақ қақтығыстардың бәрі ғаламдық идея ұсыну деңгейінде өтетін шығар деп ойлаймын. Си Цзиньпин әлемдік қауымдастық күткен дүниені айтса, ғаламның идеологиялық күн тәртібін қалыптастыратын тұлғаға айналуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG