Accessibility links

Қытайдан қашып, Еуроодаққа ұмтылған Ерсін Еркінұлы босқындар орталығына қайта түсті


Қытайдан қашып, Украинадан пана сұраған Қытай қазағы Ерсін Еркінұлы.
Қытайдан қашып, Украинадан пана сұраған Қытай қазағы Ерсін Еркінұлы.

Украина соты Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған 24 жастағы қазақ Ерсін Еркінұлын, Украинадан пана сұраған өтініші қаралып болғанға дейін, босқындар орталығында қалдыруға шешім шығарды. Бірнеше күн бұрын Словакия шекарадан заңсыз өткен Еркінұлын Украинаға кері қайтарған.

"ЕУРОПА ОДАҒЫ АУМАҒЫНА ЗАҢСЫЗ ӨТПЕК БОЛДЫ"

13 тамыз күні Украинаның Ужгород аудандық сотының ұйғарымына сәйкес, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған 24 жастағы қазақ Ерсін Еркінұлы алты айға дейін Украинада босқындарды уақытша ұстау орталығында болмақ. Азаттыққа бұл туралы сот отырысы кезінде аудармашы қызметін атқарған Дәулет есімді азамат айтты.

Ерсін Еркінұлы – былтыр "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" Украинада ұсталып, кейін босатылған, Киевтен саяси баспана сұрап отырған Шыңжаң қазағы.

Азаттықтың Украин қызметінің хабарлауынша, қазір Ерсін Еркінұлы Чоп шекара тобының босқындарды уақытша ұстау орталығында отыр.

"Бүгін Ужгородта 1997 жылы туған Қытай азаматына қатысты сот отырысы өтті. Бірнеше күн бұрын ол Украинаның Словакиямен арадағы мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткені үшін ұсталған. Сот отырысы барысында оны пана сұраған өтініші қаралып болғанға дейін уақытша ұстау мәселесі қаралды. Айтпақшы, оның Украинадан паналатуды сұрап өтініш бергені жайлы, жыл соңына дейін жарамды анықтамасы бар" деді 13 тамыз күні Чоп шекара тобының баспасөз хатшысы Елена Трачук Азаттықтың Украин қызметіне.

Украина билігі Ерсін Еркінұлының бұған дейін босқын мәртебесін беруді сұраған өтініші қарастырылып болғанша, яғни жыл соңына дейін оны босқындар орталығында қалдыруға пәрмен берген.

Еркін Ерсінұлы 8 тамызда украин-словак шекарасын заңсыз кесіп өткеннен кейін ұсталған. Трачуктың сөзінше, Ерсінұлының шекарадан заңсыз өтуге талпынғаны алғаш рет емес.

"Былтыр қараша айында Украинаның Львов облысында шекарашылар қолында Қытай азаматы деген куәлігі бар Ерсін Еркінұлын Польшаға заңсыз өтпек болған кезде ұстаған. Сот оған айыппұл салып, кім екені анықталғанша 6 ай уақытша ұстау орталығына жіберген. 2020 жылғы желтоқсанда әкімшілік соттың апелляция шешімі бойынша қамаудан босатылған. Еркінұлына босқын мәртебесін сұраған өтініші қаралғанға дейін "пана іздеуші тұлға" мәртебесі берілген. Өтініші мемлекеттік миграция қызметінде қаралап жатқан кезде бұл адам Украина заңын тағы да бұзып, 2021 жылғы тамыздың басында Еуропа Одағы аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен" деді Трачук.

Словакия шекарашылары Ерсін Еркінұлын шекарадан заңсыз өткені үшін ұстағаннан кейін ол Украинадан пана сұрап тағы өтініш берген деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі.

Ерсін Еркінұлының өзімен хабарласу мүмкін болмады, оның телефоны өшіп тұр.

"ӘЛДЕКІМДЕР ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАСАҒАНЫН АЙТТЫ"

Бұған дейін Азаттық тілшісі сөйлескен Еуропада тұратын белсенді Ботагөз Иса өзіне Ерсін Еркінұлы хабарласып, "әлдекімдер қоқан-лоқы жасаған соң үрейленіп, басқа елге кетіп қалуды ойлап жүргенін" айтқанын жеткізген еді.

Еркінұлы осыған дейін өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұраған. "Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші" деген еді ол.

Ерсін Еркінұлының босқын мәртебесін сұраған өтінішіне Украина билігінен әлі жауап жоқ. Құқық қорғаушылар босқын мәртебесін алу өтініші бір жыл ішінде қаралатынын ескерткен.

Ерсін Еркінұлы: Өмірдің қымбат екенін сезіндім (8 желтоқсан 2020 ж.)

"Өмірдің қымбат екенін сезіндім". Украинада ұсталған Шыңжаң қазағы қамаудан шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМ ЖӘНЕ ҚЫТАЙДАН ҚАШУ

Кейінгі жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ және өзге де байырғы ұлт өкілдеріне (негізінен мұсылмандар) биліктің қысымы мен қудалауы күшейгені айтылып жүр. Қазақтар Шыңжаңды байырғы кезден мекендейтін түркітілдес ұлттар арасында саны жағынан ұйғырлардан кейін екінші орында тұр. Сонымен бірге аймақта қырғыз, тәжік, дүнген және өзге де мұсылмандар тұрады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагеріне қамалған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Пекин ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оларды "экстремизммен күрес орталығы" және "кәсіп үйрететін" мекеме деп атаған.

Қытайдан өзге елдерге қашып шыққандар жеке басына қауіп төнгенін айтып, пана іздеп, жәрдем сұраған.

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанға Шыңжаң аймағынан бірнеше қазақ заңсыз жолмен қашып келген. Олар Қытай билігінің қысымына шыдамай, қашуға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Қазақстан билігі былтыр төртеуіне босқын мәртебесін берген. Оның алдында Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған Сайрагүл Сауытбайды отбасымен бірге Швеция паналатқан.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG