Accessibility links

13 жыл түрме, 1,5 жыл лагерь. Қытайда қамауда болған Рақыжан Зейнолла Қазақстанға оралды

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды

Шыңжаңдағы туысын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, ұзақ уақыттан бері наразылық өткізіп жүрген Алматы тұрғыны Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде таңертең Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келді. Әуежайда оны отызға жуық адам күтіп алды.

Рақыжан Зейнолланы кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарды. Бұған жұрт наразы болды.

Ақыры таңертеңгі сағат 8 жарым шамасында Рақыжан Зейнолла әуежайдың бақылау-өткізу пунктінен өтті. Осылайша ұзақ жыл бір-бірін көрмеген отбасы мүшелері кемсеңдеп қауышты. Оларды көрген жұрт көзіне жас алды.

– Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді, – деді ол жиналғандарға.

Қытай түрмесінде және саяси лагерьде болған Рақыжан Зейнолла және оның әйелі Фарида Қабылбек (оң жақта). Алматы әуежайы, 9 сәуір 2021
Қытай түрмесінде және саяси лагерьде болған Рақыжан Зейнолла және оның әйелі Фарида Қабылбек (оң жақта). Алматы әуежайы, 9 сәуір 2021

Рақыжан Қытайдағы жағдайды айтуға ықылас білдірген жоқ. "Сізге келер алдында Қытай тарабынан қандай да бір ескерту жасалды ма?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап берді.

– Рақыжан Зейнолланың отбасынан бөлінгеніне бүгін 6140 күн болыпты. Ол ел аман жұрт тынышта – 2004 жылы туған жерде жазықтан-жазықсыз жала жабылып қамалып кетті... Қытай көп жылдан бері геноцид болмады деп мойындамай келген болатын. Енді халықаралық адам құқығы ұйымдарының, басқа да демократиялық күштердің қысымының нәтижесінде бұл кісі жіберілді деп есептейміз. Яғни, Қытай шенеуніктеріне салынған санкция нәтижесін бере бастады. Енді қалған бауырларымыз да аман-есен шығып, отбасымен қауышады деп үміттенеміз, – деді тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Азаттық тілшісіне.

Ақпарат бойынша, 58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, "тыңшы" деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Лагерьден кейін үйқамақта болған. Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан. Бір ұл, бір қызы бар.

Бірнеше жылдан бері күйеуінің бостандығын талап етіп, наразылық өткізіп жүрген Фарида Қабылбек енді наразылығын тоқтатынын айтып отыр.

Араға 17 жыл салып оралған Рақыжан Зейнолланы Алматыда қалай қарсы алды?

Зейнолла Рақыжанның елге оралатынын естіген туыстары мен жақындары таңғы сағат 5-тен бастап Алматы әуежайына жиналды. Жолаушылар шығатын есіктің алдына топталғандардың жүзінен қуаныш та, қобалжу да байқалады. Алматы, 9 сәуір 2021 жыл.
1/19 Зейнолла Рақыжанның елге оралатынын естіген туыстары мен жақындары таңғы сағат 5-тен бастап Алматы әуежайына жиналды. Жолаушылар шығатын есіктің алдына топталғандардың жүзінен қуаныш та, қобалжу да байқалады. Алматы, 9 сәуір 2021 жыл.
Күту алаңында тұрған Зейнолла Рақыжанның отбасы. Ол түрмеде жатқанда үйленген ұлы Ғалым жұбайы мен төрт баласын ерте келген. Немерелер атасымен бірінше рет қауышпақ. 
2/19 Күту алаңында тұрған Зейнолла Рақыжанның отбасы. Ол түрмеде жатқанда үйленген ұлы Ғалым жұбайы мен төрт баласын ерте келген. Немерелер атасымен бірінше рет қауышпақ. 
Фарида Қабылбек пен қызы Роза. Роза әкесі ұсталғанда 7 жаста болған.
3/19 Фарида Қабылбек пен қызы Роза. Роза әкесі ұсталғанда 7 жаста болған.
Көп күткен жолаушыны қарсы алуға Қабылбекпен бірге Қытай консулдығы алдына наразылыққа шығып, туыстарына іздеу салып жүрген адамдар да келді. Кейбірі қолына гүл ала келген. 
4/19 Көп күткен жолаушыны қарсы алуға Қабылбекпен бірге Қытай консулдығы алдына наразылыққа шығып, туыстарына іздеу салып жүрген адамдар да келді. Кейбірі қолына гүл ала келген. 
Топ ішінде тұрған Рақыжанның әйелі Фарида Қабылбек ұялы телефонындағы сағатқа жиі қарайды. Ол күйеуін 17 жыл күтті. Оған ұшаққа мінгелі жатқанын Рақыжанның өзі WeChat желісі арқылы хабарлаған.  
5/19 Топ ішінде тұрған Рақыжанның әйелі Фарида Қабылбек ұялы телефонындағы сағатқа жиі қарайды. Ол күйеуін 17 жыл күтті. Оған ұшаққа мінгелі жатқанын Рақыжанның өзі WeChat желісі арқылы хабарлаған.  
Қытайдың Чэнду қаласынан сапарға шыққан ұшақ Алматыға кестеден 1 сағатқа кеш қонды. Зейнолла Шыңжаңнан тікелей рейс жоқ болған соң Чэнду арқылы ұшқан.  
6/19 Қытайдың Чэнду қаласынан сапарға шыққан ұшақ Алматыға кестеден 1 сағатқа кеш қонды. Зейнолла Шыңжаңнан тікелей рейс жоқ болған соң Чэнду арқылы ұшқан.  
Рақыжан Зейнолланың ұлы Ғалым Рақыжанұлы үлкен қызын көтеріп тұр. Жолаушылардың алғашқы легі сыртқа шыққанда Ғалымның көзіне жас үйірілді.  
7/19 Рақыжан Зейнолланың ұлы Ғалым Рақыжанұлы үлкен қызын көтеріп тұр. Жолаушылардың алғашқы легі сыртқа шыққанда Ғалымның көзіне жас үйірілді.  
Рақыжан Зейнолла кеден бақылау пунктіне келгенін көргендер шу ете түсті.
8/19 Рақыжан Зейнолла кеден бақылау пунктіне келгенін көргендер шу ете түсті.
Бірақ кеден қызметі Рақыжан Зейнолланы ұзақ ұстады. Біраздан соң кеденшілер оның осындағы әйелінен неке куәлігін сұратты. Құжаттың электронды нұсқасы көрсетілген соң жиналғандарға қызметкерлер «10 минут күтіңіздер» деді. 
9/19 Бірақ кеден қызметі Рақыжан Зейнолланы ұзақ ұстады. Біраздан соң кеденшілер оның осындағы әйелінен неке куәлігін сұратты. Құжаттың электронды нұсқасы көрсетілген соң жиналғандарға қызметкерлер «10 минут күтіңіздер» деді. 
Зейнолла араға 17 жыл салып, отбасымен қауышты. Сыртқа шыға сала қызы Розаны құшағына басты.  
10/19 Зейнолла араға 17 жыл салып, отбасымен қауышты. Сыртқа шыға сала қызы Розаны құшағына басты.  
Ажыраған шаңырақ қайта қосылған сәтте жиналғандар Қазақстан гимнін шырқады. Ерлі-зайыптылар жылап табысты.  
11/19 Ажыраған шаңырақ қайта қосылған сәтте жиналғандар Қазақстан гимнін шырқады. Ерлі-зайыптылар жылап табысты.  
Ғалым әкесін соңғы рет 2007 жылы Қытай түрмесіне кездесуге барғанда көрген. Бірақ екеуінің арасын әйнек бөліп тұрған. 
12/19 Ғалым әкесін соңғы рет 2007 жылы Қытай түрмесіне кездесуге барғанда көрген. Бірақ екеуінің арасын әйнек бөліп тұрған. 
Рақыжан Зейнолла Қазақстанға ықтияр хатпен келіп, 2004 жылы Қытайға кері барғанда ұсталған. Туыстары оған "тыңшы" деген айып тағылғанын айтады. 13 жыл түрме жазасын өтегеннен кейін Шыңжаңда 1,5 жыл "саяси үйрену лагерінде" отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған. 
13/19 Рақыжан Зейнолла Қазақстанға ықтияр хатпен келіп, 2004 жылы Қытайға кері барғанда ұсталған. Туыстары оған "тыңшы" деген айып тағылғанын айтады. 13 жыл түрме жазасын өтегеннен кейін Шыңжаңда 1,5 жыл "саяси үйрену лагерінде" отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған. 
Зейнолла түрмеде жатқанда туған немерелерін бауырына басып, маңдайынан сүйді.  
14/19 Зейнолла түрмеде жатқанда туған немерелерін бауырына басып, маңдайынан сүйді.  
Туыстары және таныстарымен көрісіп тұрған Зейнолла Рақыжан. Алматы, 9 сәуір 2021
15/19 Туыстары және таныстарымен көрісіп тұрған Зейнолла Рақыжан. Алматы, 9 сәуір 2021
Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 60 күн наразылыққа шыққан Қабылбек 61-күні әуежайдан жұбайымен қолтықтасып шықты. Күйеуінің оралуына  тоқтаусыз шағым жасауы, халықаралық ұйымдардың қысымы әсері болғанын айтады.  
16/19 Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 60 күн наразылыққа шыққан Қабылбек 61-күні әуежайдан жұбайымен қолтықтасып шықты. Күйеуінің оралуына  тоқтаусыз шағым жасауы, халықаралық ұйымдардың қысымы әсері болғанын айтады.  
Қабылбекпен бірге консулдық алдында пикет өткізген адамдар қолына сұрау салған туыстарының суретін ұстап, «Қытай билігінен біздің де жақындарымызды жіберуін сұраймыз» десті. Шыңжаңда түркі халықтарының қуғын көруі бес жыл бойы айтылып келеді. Пекин  халықаралық қауымдастық айыбын терістеуден танбайды. 
17/19 Қабылбекпен бірге консулдық алдында пикет өткізген адамдар қолына сұрау салған туыстарының суретін ұстап, «Қытай билігінен біздің де жақындарымызды жіберуін сұраймыз» десті. Шыңжаңда түркі халықтарының қуғын көруі бес жыл бойы айтылып келеді. Пекин  халықаралық қауымдастық айыбын терістеуден танбайды. 
Рақыжан Зейнолла. 
18/19 Рақыжан Зейнолла. 
Қарсы алуға келгендер мәз-мейрам болған шаңырақты ортаға алып, суретке түсті.  
19/19 Қарсы алуға келгендер мәз-мейрам болған шаңырақты ортаға алып, суретке түсті.  
Previous slide
Next slide
  • Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
  • Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG