Accessibility links

"Қырғызстандағы жағдай Қазақстанға әсер етпей қоймайды". Сарапшылар пікірі


KYRGYZSTAN -- Protesters run away from tear gas during clashes with riot police during a rally against the results of a parliamentary vote in Bishkek on October 5, 2020.
KYRGYZSTAN -- Protesters run away from tear gas during clashes with riot police during a rally against the results of a parliamentary vote in Bishkek on October 5, 2020.

"Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бұған дейінгі екі революциядан да сабақ алмады" дейді қырғыз саясаткерлері. Қазақстандық саясаттанушылар "іргедегі менталитеті ұқсас елде болып жатқан жағдай Қазақстан қоғамына да әсер етеді" деп санайды.

"ЖЭЭНБЕКОВ КЕШ ҚАЛДЫ"

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін басталған дүрбелең жұрт назарын аударды. Бішкектегі резиденциясын демонстрантар басып алған Сооронбай Жээнбеков халыққа үндеу жасап, Орталық сайлау комиссиясынан сайлау нәтижесін тексеріп, заңсыздық болса қорытындыны теріске шығаруды сұрағанын мәлімдеді. Көп ұзамай парламент сайлауының нәтижесі ресми түрде жоққа шығарылды.

Осы аралықта Азаттық тілшісі сөйлескен қырғыз саясаттанушысы Эмиль Жороев ендігі жерде Сороонбай Жээнбековтің сөзі жүрмейтінін, ол қаласа да, қаламаса да парламент сайлауының қайта өтетінін айтып үлгерген еді.

Жороевтың сөзінше "заң бұзылғанын президенттің өзі де байқаған, бірақ қарсылық білдірмеген".

– Сайлаудың алғашқы қорытындыларына қарағанда, билікті қолдайтын үш партия және 2010 жылдан бері оппозицияда жүрген Адахан Мадумаров бастаған "Бутун Кыргызстан" партиясы [парламентке өтуге мүмкіндік беретін] 7 пайыз кедергіден өткен. Парламенттегі 120 орынның 100-ден астамын билік партиясы иеленген. Мадумаровтың партиясы бастапқыда өте алмай, қайта санақтан кейін әзер өтті. Жұрт "Ата Мекен", "Республика" және "Бир бол" партиялары парламентке өтеді деп күткен еді, ол үміт ақталмады, – дейді ол.

Парламентке өтпей қалған "Ата Мекен" партиясы Қазақстандағы қырғыз мигранттары атынан кандидат ретінде көрсеткен Айбек Турдубаев: "Сайлау басталмай тұрып-ақ сайлау заңы бұзылғаны анық еді. Президент Жээнбеков бұған дейінгі екі революциядан да сабақ алмады. Бүгін жасаған үндеуін кеше айтуы керек еді", – деді.

Оның сөзінше, Қырғызстанда қазіргі жалғыз легитимді билік – парламент. Парламент жаңа үкімет құра алады. Бірақ парламент спикері де сайлау кезінде заң бұзылғанына моральдық тұрғыда кінәлі.

"САЙЛАУМЕН ОЙНАУДЫ ҚОЮ КЕРЕК"

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев "Қырғызстан – саяси өмірі болжауға болмайтын ел, ол Орталық Азияның басқа елдерінен сонысымен ерекшеленеді" деп санайды. 2005 жылы елдің алғашқы президенті Асқар Ақаевтың да сайлау қорытындысы шыққаннан кейін биліктен тайдырылғанын еске алған ол бұл жолы "билікпен және олигархтармен байланысы бар партиялардың жеңіске жетіп, оппозициядағы партиялардың парламентке өтпей қалуы наразылық тудырды" дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев
Саясаттанушы Досым Сәтбаев

– Бұрын парламентте отырған адамдардың аты өзгерген партиядан қайтадан депутат болып сайлана бастағаны ашу-ыза туғызды. Өйткені қырғыз қоғамында бұрынғы парламентке сенім болған жоқ. Халық осы жолы "парламентке жаңа саяси күш, жаңа саяси тұлғалар келеді" деп күтті. Үміт ақталмаған соң осыған дейінгі әдіс-тәсілді қолданды да, билікті алды. Тіпті қырғыздың саяси сарапшыларының өзі дәл осылай бола қояды деп күткен жоқ, – дейді ол.

Қазақстан президентінің кеңесшісі, парламент депутаты болған саясаткер Серік Әбдірахманов "Ақаев, Бакиевтер бастаған заңсыздық, сайлауда қалаған "нәтижені" шығару Қырғызстанда әлі жалғасып жатыр, халықтың сайлауға сенімі жоғалды" деп санайды.

– Қырғыз билігінің айналасында жүргендер дауыс ұрлап, нәтижесін ойдан шығаруды үйреніп алды. Екі революция болса да демократиялық институттар қалыптаспады, биліктіің беделі әбден түсті, – дейді ол.

Серік Әбдірахмановтың сөзінше, Қырғызстандағыдай жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін.

– 1995 жылдан бастап бірде-бір сайлау әділ өткен жоқ. Билік сайлауды "алдауға" айналдыруды үйренді. Біздің халықтың да шыдамы таусылайын деп тұр. Нәтиже шығару керек, сайлаумен ойнауды қою керек, – дейді ол.

"Қазақстан билігі ойлансын". Қырғызстандағы оқиғаға сарапшылар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Қазақстанда алда болатын парламент сайлауы жайлы жиі жазып жүрген саясаттанушы Қазбек Бейсебаев "Қырғызстанда үшінші революция болды" деп есептейді. Оның сөзінше, менталитеті ұқсас іргедегі елде болып жатқан саяси жағдайлар Қазақстан қоғамына да әсер етеді.

– Беларусьтер президент сайлауы нәтижесіне наразылығын әлі жалғастырып жатыр. Қырғыздар бір күнде билігін айтқанына көндірді. Бұл жайт сөзсіз біздің қоғамымызға әсер етеді. Алдағы парламент сайлауына билік заңды тіркелген алты саяси партияны да өткізуі керек. Халық сауатты адамдардың парламентке барғанын қалайды. Билік оған көнбей бұрынғы жолға түссе, жағдай қиын болады, – дейді ол.

"ҚИТ ЕТСЕ КӨШЕГЕ ШЫҒУ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ МА?"

Қырғызстандағы сайлаудан кейін іле-шала басталған оқиғалар іргелес Қазақстан қоғамының да назарын аударды. Әлеуметтік желіде "билікті халықпен санасуға бір күнде мәжбүр еткендерді" жақтаушылар да, "анархияға ұшыратты" деп жазғырушылар да байқалды.

Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Жалғас Сәдібекұлы "Бір рет басшысын тақтан тайдырғанда "батыр" деді, екінші рет төңкеріс болғанда демократияға балады. Бірақ, одан бері 15 жыл өтті. Ел оңалып, жұрт түзелді ме? Қит етсе көшеге шығу сәнге айналды. Қанша ауысса да, билік пен бұқара бір-бірін түсінбейтін, жау санайтын күйге жетті. Көрші елдегі осындай берекесіз тірлікті көре тұра, қырғыздардың қарекетіне қызыға қарап, бәркелді деп отырған кейбір қазаққа қарап қарның ашады" деп жазды.

Тағы бір желі қолданушы Tүсіпхан Түсіпбеков "Қырғыз бауырларымыздағы жағдай, мүлдем ем қонбайтын, жазылмайтын дертке айналып тұр. Революция емес, анархияға айналып кетті. Халық өзіне не керек екенін ұқпай даурығуда. Біздің билік осы оқиғадан сабақ алғаны дұрыс. Əсіресе, алдағы болатын сайлаулар əділ өтсе екен деп тілеймін" деп жазды.

Журналист Қанат Тілеухан Сооронбай Жээнбековке таңғалады. "Неге әділетті сайлау өткізбеді екен? Неге өткеннен сабақ алмады? Кейбіреулер қырғыз халқын кінәлап та жатқандай. Қырғыз бауырларда батыл, белсенді азаматтық қоғам бар. Еркіндікке құштар һәм білім мен ғылым іздеген жастары көп. Мемлекетшіл, реформаға бейім саяси топ болса, мынандай жұртпен екінші Грузия жасауға болатындай көрінеді маған" дейді.

4 қазанда өткен парламент сайлауы қорытындысына наразы партиялар қарсылық шараларын өткізуге үндеген. 5 қазанда Бішкектің Ала-Тоо алаңындағы жаппай наразылық соңы полициямен қақтығысқа ұласып, көтерілісшілер мемлекеттік ғимаратқа басып кірген.

6 қазанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі оқиғаларға байланысты халыққа видеоүндеу жасады. Ол "сайлауды сылтау еткен кейбір саяси күштер қоғамдық тәртіпті бұзып, билікті заңсыз тартып алуға әрекет жасады" деді.

"Қан төгілмесін, бірде-бір азаматтың өміріне қауіп төнбесін деп күш органдарына оқ атпауға бұйрық бердім. Жағдайды ушықтырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мемлекеттің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы депутаттық мандаттан жоғары" деді Жээнбеков.

Қырғыз президенті саяси партияларды жақтастарын тыныштандырып, барлық күшті заң аясынан шықпауға, елді "арандатушыларға алданбауға" үндеді. Бұған қоса, Жээнбеков Орталық сайлау комиссиясын сайлаудағы бұрмалаушылық туралы барлық фактіні мұқият тексеріп, "қажет болса, сайлау қорытындысын жоққа шығаруды ұсынғанын" мәлімдеді. Артынша ОСК парламент сайлауының нәтижесін жойып, қайта сайлау өтетінін жариялады.

Президент Жээнбеков бұл мәлімдемесін парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразы оппозициялық күштер мен олардың жақтастары 5 қазанда Бішкектің орталығындағы митингіден кейін президент кеңсесі мен бір палаталы парламент орналасқан Ақ үйді басып алғаннан кейін жасады.

Дәрігерлердің мәліметінше, дүйсенбіде Бішкекте болған қақтығыс салдарынан бір адам мерт болып, 120 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. 13 адамның жан сақтау бөліміне жатқызылғаны хабарланды.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қақтығыстан зардап шеккендер арасында құқық қорғау органдарының 40 қызметкері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG