Accessibility links

Пекин моңғол тілінде оқытуды шектегісі келеді. Ішкі Моңғолия жұрты наразылыққа шықты


Қытай моңғол тілінде оқытуға тыйым салғысы келеді. Ішкі Моңғолияда не боп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Қытайдың солтүстігінде тұратын этникалық моңғолдар Пекиннің моңғол тілін мектеп бағдарламасынан алып тастау жоспарына қарсы шықты. Олар Қытайдың жоспарын "мәдени геноцид" деп санайды. Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Ішкі Моңғолиядағы сирек наразылықтан соң Қытай билігі кем дегенде бір қалада комендант сағатын жариялаған. Ішкі Моңғолияда не болып жатыр?

Пекин өзінің иелігіндегі Ішкі Моңғолия аймағында қыркүйектен бастап бастауыш және орта мектепте тарих, саясат және әдебиет, тілге қатысты пәндерді моңғол тілінде емес, қытай тілінде оқытатын жаңа жоспарын жариялады.

Ішкі Моңғолия тұрғындары (аймақтағы тұрғындардың басым бөлігі – этникалық моңғолдар) Пекиннің тіл жоспарын "ұлтты жою әрекеті", "мәдени геноцид" деп санайды.

Нью-Йоркте орналасқан "Оңтүстіктегі моңғолдардың құқығы бойынша ақпараттық орталықтың" таратқан видеода оқушылар мен олардың ата-аналарының мектеп алдында наразылық білдіріп тұрғаны көрінеді. Орталықтың дерегінше, тамыздың соңынан бері өтіп жатқан наразылыққа мыңдаған адам қатысқан. Орталық 30 тамыздағы наразылық кезінде бір оқушы мектептен секіріп қайтыс болғанын хабарлады.

Оқушы қазасын Еркін Азия радиосына (Radio Free Asia - RFA) куәгерлер де айтқан.

"Тонглиаода мектепті жауып, интернаттарға оқушыларды қамап қойды. Ата-аналары балаларын шығармақ болғанда қаруланған полиция келді. Оқушы төртінші қабаттан секіріп кетті. Себебі оның анасын полиция ұстап әкетіп бара жатқан" деді аймақ тұрғыны Еркін Азия радиосына.

"Оңтүстіктегі моңғолдардың құқығы бойынша ақпараттық орталық" жүздеген ата-ана интернатта қалған балаларын шығаруды талап етіп, полициялар қоршауын бұзып өткенін хабарлады.

Еркін Азия радиосының хабарлауынша, наразылық Ішкі Моңғолияның орталығы Хух-Хото, Тунляо, Ордос және және басқа да аймақтарда өтіп жатыр. RFA мәліметінше, ата-аналарды көбі балаларын әлі мектепке жібермей отыр.

Еркін Азия радиосы наразылыққа келген оқушылардың "Біздің тіліміз моңғол тілі. Біздің туған жеріміз Моңғолия. Біздің ата тіліміз моңғол тілі, біз тіліміз үшін өлеміз" деп айғайлағанын хабарлады.

"Оңтүстіктегі моңғолдардың құқығы бойынша ақпараттық орталықтың" мәліметінше, Қытай билігі 1 тамызда Ішкі Моңғолиядағы Любей қаласында комендат сағатын жариялап, көлік шығармай я кіргізбей жатыр.

ВВС сайтының хабарлауынша, жергілікті билік Ішкі Моңғолия тұрғындарына наразылық жайлы әлеуметтік желіге жазуға тыйым салып, Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде жарияланған наразылық жайлы постарды жойған. Ішкі Моңғолияда ата-аналардың көбі балаларын мектепке жібермей отырғаны да айтылады.

Осы аймақта тұратын 32 жастағы мұғалім AFP ақпарат агенттігіне егер моңғол тілінде оқу тоқтаса балалар ана тілінде сөйлеуден қалады деп алаңдаушылығын білдірген.

"Ішкі Моңғолиядағы барлық моңғол бұл шешімге қарсы" деген өзін Ху деп таныстырған ер мұғалім.

"Оңтүстіктегі моңғолдардың құқығы бойынша ақпараттық орталықтың" директоры Энгэбату Тогочог Reuters ақпарат агенттігіне "Пекиннің бұл саясаты –аймақтағы моңғолдардың мәдениетін жоюға бағытталған шараларының бірі" деген.

Қытайдың білім министрлігі де, этникалық істер министрлігі Ішкі Моңғолиядағы жағдайға қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Ішкі Моңғолиядағы мемлекеттік Inner Mongolia Daily сайты 1 қыркүйекте "мемлекеттік тілде таза сөйлеу және сауатты жасу – әрбір Қытай азаматының жауапкершілігі әрі міндеті. Бұл еліміз бен партияға деген махаббатымызды білдіреді" деп жазды.

Интернет қатаң бақыланып, полицияның қысымы мен күзеті күшті Қытай елінде жергілікті тұрғындардың наразылыққа шығуы сирек.

Қытайдың Ішкі Моңғолиядағы тіл саясатына қатысты Моңғолияда да наразылық болды. 31 тамызда Моңғолия астанасы Улан-Баторда бір топ адам Қытай елшілігі алдында қарсылық шарасын өткізді.

Бір топ адам Моңғолия сыртқы істер министрлігі алдына келіп, Қытайдың Ішкі Моңғолиядағы тіл саясатына наразылық білдірді. Улан-Батор. 31 тамыз 2020 жыл.
Бір топ адам Моңғолия сыртқы істер министрлігі алдына келіп, Қытайдың Ішкі Моңғолиядағы тіл саясатына наразылық білдірді. Улан-Батор. 31 тамыз 2020 жыл.

Білім беруді бір жүйеге келтіріп, қытай тілінде оқыту – Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Коммунистік партияның негізі саяси ұстанымы. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Пекинді елдегі аз ұлттардың мәдениеті мен тілін жоюға күш салып жатыр деп жиі сынайды.

БҰҰ мен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаң аймағындағы мұсылмандарды "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберу әрекетін сынайды. БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда лагер ашып, 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Пекин бұл саясаты "терроризммен күрес" деп түсіндіреді. АҚШ Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына байланысты бірнеше рет санкция салған.

Radio Free Asia, BBC, Reuters, AFP сайттарының ақпараты негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG