ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚКФ: Халықаралық кәсіподақтар конгресінің шешімі - заңсыз

Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы (ҚКФ) Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Копенгагендегі конгресте ҚКФ-ның мүшелігін тоқтатқанымен мүлдем келіспейтінін мәлімдеді. Мәлімдеме 10 желтоқсан күні Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ресми сайтында жарияланды.
ҚКФ мәлімдемесінде Халықаралық кәсіподақтар конгресінің (ХКК) кәсіподақтар құқығын қорғау туралы үндеулерін үнемі қолдайтынын айтады.
"ҚКФ кәсіподақтардың бір ниетпен жұмыс істегенін қолдаған және қолдап та келеді" деген қазақстандық ұйым 2018 жылы сәуірде қазақстандық құқық қорғау органдары мен соттан сотталған кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың ісін қайта қарауды сұрағанын айтады. "Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сот шешімімен олар биыл мамыр айында түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босады. 2018 жылы мамырда ҚКФ Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Қазақстанның үстінен Халықаралық еңбек ұйымына түсірген шағымын қолдады" делінген мәлімдемеде.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясы бұған қоса Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Қазақстанда кәсіподақтар құқығын қорғау жөніндегі ұсыныстары мен талап-тілектерін орындап келе жатқанын айтады. Федерация Халықаралық кәсіподақтар конгресі осыған қарамастан ұйым жарғысының талаптарын сақтамай, мүшелікті тоқтатқанын айтады.
Мәлімдемеде "Қазақстан кәсіподақтар федерациясы мүшелікті тоқтатуды дұрыс емес деп есептейді және ол Халықаралық кәсіподақтар конгресінің жарғысын өрескел бұза отырып жасалған деп санайды" делінген.
Қазақстандық федерация Халықаралық кәсіподақтар конгресінің мүшелігінен айыру немесе тоқтату шешімін ұйымның Бас кеңесі ғана шығара алатынын айтады. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конгресі мүшелікті тоқтатуда заң мен ережені өрескел бұзды деп санайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар құқығы сақталмайды
2-7 желтоқсан күндері Копенгагенде өткен конгресте Халықаралық кәсіподақтар конгресі Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатып, федерация делегациясын конгреске қатысу құқығынан айырған. Конгресс "Билік органдары басқаратын және демократия мен ХКК жарғысында айтылған ұстанымдарды елемейтін ұйымға қатарымызда орын жоқ" деп мәлімдеген.
Басқа да жаңалықтар
Қырғызстанда премьера болатын күні қазақстандық "Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттан алынды

Қырғызстандағы "Синематика" кинотеатрлар желісі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың "Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттан алынғанын хабарлады. Компания мұндай шешімге не түрткі болғанын түсіндірмеді.
Фильмнің жабық көрсетілімі 19 ақпанда өткен. Ал 20 ақпанда әлеуметтік желілерде фильмнің командасы мен Руслан Қамшының бірге жүрген видеосы тарады.
Руслан – қылмыс әлеміне танымал Қамшы Көлбаевтың ұлы, Көлбаев 2023 жылғы күзде Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің арнайы операциясы кезінде қаза болған.
Бұл оқиғаның фильмді прокаттан алып тастауға қатысы бар-жоғы ресми түрде айтылмады.
"Рэкетир 3" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Саят Исембаев видео жариялап, "Руслан Қамшының фильмге қатысы жоқ, ол жабық көрсетілімге басқалар сияқты шақырылды" деп мәлімдеді. Актер Қырғызстан билігін фильмді көрсетуге рұқсат беруге үндеді, Исембаевтың пікірінше, қырғыз халқы бұл фильмнің шыққанын күткен.
"Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттық төлқұжатты ақпан айының басында алған. Фильмнің премьерасы Қырғызстанда 20 ақпанда өтуі тиіс болған. Қазақстанда аталған фильмнің премьерасы 13 ақпанда өтті. Ақпарат құралдарының жазуынша, алғашқы үш күнде кинокартина рекордтық 657 млн теңге ($1,3 млн) жинаған.
Кеңгір су қоймасы олигарх Кимге қарасты фирма балансынан алынып, мемлекетке қайтарылды

Ұлытау облысының прокуратурасы өңірдегі басты су реттеуші Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Прокуратураның хабарлауынша, 1952 жылы салынған су қоймасы (319 млн текшеметр су) мен оның гидротехникалық жабдықтары стратегиялық нысан болғандықтан мемлекет меншігінде болуы керек.
"Кезінде олар Kazakhmys Distribution жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансына өткен. Оларды қайтару үшін облыс прокуратурасы су шаруашылығы министрінің атына ұсыныс енгізген. Прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында сыйға тарту шарты жасалып, нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылды" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Прокуратураның хабарлауынша, енді нысанды жаңалау үшін су қоймасы мен оның гидротехникалық жабдықтарының ахуалын жан-жақты тексеру керек.
Kompra.kz мәліметінше, Kazakhmys Distribution компаниясының құрылтайшысы Голландияда тіркелген KCC B.V фирмасы. ҚазТАГ-тың жазуынша, ол Владимир Ким мен Эдуард Огайға қарайды.
Миллиардер Владимир Ким Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың бірі. Forbes Kazakhstan тізімінде ол төртінші орында тұр және журнал оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалайды. 2024 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша, Эдуард Огай Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына енген. Forbes мәліметінше, оның байлығы 800 млн доллар және рейтингте ол 13 орында тұр.
Аштық жарияламақ болған Жаңаөзен тұрғыны бес тәулікке қамалды

Жаңаөзен соты қала әкімдігіне жұмыс сұрап барып, аштық жарияламақ болған қала тұрғыны 28 жастағы Жоламан Тұрғанбаевты 5 тәулікке қамады.
Сот шешімінде 20 ақпанда Тұрғанбаевтың қала әкімдігіне барып, "жан-жағын қоршап алып, қоғамдық тәртіпті" бұзып, осылайша "ұсақ бұзақылық жасағаны" жазылған. Ондағы мәліметке сүйенсек, сот кезінде Тұрғанбаевтың өзі "жұмыс сұрап, әкімдікке барғанын, аштық жариялағанын" айтқан. Ол "кінәсін мойындаған".
Сот Тұрғанбаевты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (434-бап, 1-бөлігі) кінәлі деп таныған.
Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, Жоламан Тұрғанбаев "күнкөрістің қиындап, қымбатшылықтың қыспаққа алғанын айтып, ашынып, аштық жариялайтынын" айтқаннан кейін ұсталған.
Тұрғанбаевтың туыстары 21 ақпан түске дейін оның қайда екенін білмеді. Полицияға бірнеше рет барып жүріп, жұма күні түсте оның Жаңаөзеннен шамамен 150 шақырым жердегі Ақтаудағы уақытша қамау мекемесінде отырғанын біле алған.
"Менің ұлыма былтыр әкімдік алдында жұмыссыздық мәселесін шешуді талап еткен наразылыққа қатысқаны үшін айыппұл салды. Оны төлемегендіктен көп болып өсіп кеткен. Былтыр жергілікті билік 2025 жылы қаңтарда жаңа мекеме ашылады, сол кезде жұмыс болады деп уәде берген. Содан бері хабар жоқ. Кеше әкімдіктің алдына барып, аштық жарияламақ болған кезде оны полиция ұстап алып кеткен. Кеше кешке полицияға барсақ, бізге дұрыс ақпарат берген жоқ. Бүгін мен әкімдікке бардым. Әкімнің өзі жоқ. Орынбасарлары үште келеді деді. Арыз жазып кеттім" деді Жоламан Тұрғанбаевтың анасы Хәлима Мұсаева Азаттыққа.
Сот шешіміне сүйенсек, Жоламан Тұрғанбаев былтыр наурызда Мұнайлы аудандық әкімдігінің алдында "полицияның талаптарына бағынбағаны үшін" 77 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
21 ақпанда Азаттық Жаңаөзен әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Ал оның орынбасары Нұрберген Өтебайұлына хабарласқан кезде "өзінде кісілер отырғанын айтып, сөйлесе алмайтынын" жеткізіп, телефон тұтқасын қоя салды.
Шамамен 150 мың халқы бар Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында көп жылдардан бері жұмыссыздық мәселесі шешілмей келеді. Жұмыссыздар жергілікті биліктен тұрақты жұмыс беруді талап етіп, бұған дейін талай наразылыққа шыққан. Ал жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.
Украинада соғысқан қазақстандыққа Ресей пана бермек

Ресей ішкі істер министрлігі Украинада ресейліктер жағында соғысқан қазақстандық Петр Мирошниченкоға уақытша баспана беруге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін ол Ресей басшысы Владимир Путиннен өзіне Ресей азаматтығын беруді сұраған. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мирошниченко Қазақстанда өзін түрме күтіп тұрғанын айтып, ол жаққа орала алмайтынын айтқан. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ хабарлады.
Ресей ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқарманың телеграм-арнасында Мирошниченкоға қатысты қысқа хабарлама жарияланды.
"Ресей ішкі істер министрлігі бұл азаматқа еліміздің аумағынан уақытша баспана беруге дайын, бұл туралы бұрын «Восток» еріктілер бригадасының өкілдеріне де хабарланған болатын. Бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу үшін азамат өзінің тұратын жері бойынша Ресей ішкі істер министрлігінің аумақтық органының көші-қон бөліміне хабарласуы керек" деп жазылған ресми хабарламада.
"Курсив" басылымының жазуынша, 2024 жылы Ресей Мирошниченконы көші-қон режимін бұзғаны үшін елден депортациялаған. Алайда ол Ресейге қайта заңсыз кірген. Сол үшін оған айыппұл салынып, сот шешімімен елден қайта шығарылған. Бұдан кейін ол былтыр шілдеде "Восток" еріктілер жасағымен келісімшарт жасасып, Украинадағы соғысқа кеткен. Жарты жылдан кейін Ресейге оралып, құжат мәселесіне тап болған. Мирошниченко Путинге бағыттаған видеомәлімдемесінде өзіне азаматтық сұраған.
Үшқоңыр жайлауында Назарбаевтар әулетіне тиесілі кемі 9 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Байтау» қорына қарайтын Үшқоңыр резиденциясының айналасындағы кемі 9 мың гектар жер мемлекеттік «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» балансына өткен. Бұл ақпарат Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында көрсетілген.
Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылына қарасты үш жер телімі (кадастр нөмірлері 03047152017, 03047542042, 03047542029) 2023 жылы Қайрат Сатыбалдыдан Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген резиденцияны айнала қоршап жатыр. Бұл Үшқоңыр жайлауында Болат Назарбаев жеке компаниялары арқылы иемденген аумағы ең үлкен жерлер. Жалпы көлемі 9 мың гектардан асады.
Жер учаскелері 2022 жылы Болат Назарбаевтың Prime Capital Holding деген компаниясына тиесілі кәсіпорындардың меншігінде болған. Қазір бұл компания Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қарайды.
Жер телімдері мемлекетке қашан қайтарылғаны беймәлім. Бұл жөнінде жария хабарланған жоқ. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» Азаттыққа берген жауабына қарағанда, қайтарылған жерлердің бұрынғы иесі туралы мәлімет «құпия» сақталады.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң мен қаржы министрлігінің активтерді басқару тәртібі бойынша, компания қайтарылған активтер иесінің жеке мәліметтерін құпия сақтайды», – деп жазылған компанияның жазбаша жауабында.
Аумақтық бөлініске сәйкес, Шамалған ауылдық округіне қарайтын Үшқоңыр жайлауында Назарбаевтар әулетінің жеке иелігенде және уақытша пайдалану құқығында бұдан басқа да көлемі кішірек учаскелер болған. Кадастр базасына сәйкес, ол жылжымайтын мүліктер де ішінара мемлекетке өткен. Солардың үлкенін (кадастр нөмірі: 030471635684) «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» 20 ақпанда 127 млн теңгеге сатуға шығарды. Учаске аумағы 142 гектардан асады.
Үшқоңыр жайлауындағы резиденция мен ғимарат орналасқан шағын жер учаскесі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігінде қалып отыр. Экс-президент бұл жылжымайтын мүлікті «Байтау» қоры мен «Smart investments» ЖШС арқылы меншіктеп отыр.
Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінен кетіп, билікке ықпалы азайды. Осыдан соң оның туыстарының мүліктеріне мемлекет пен бизнесмендер «заңсыз» иеленді деп дау айтқан.
Болат Назарбаевтың сарай, базар, жер телімдері де дауға ілікті. Оның мүліктерінің біразы мемлекетке, біразы бұрынғы иелеріне қайтарылғаны хабарланды. Баласы Нұрбол Назарбаевқа қалған мирасы да бар.
ҚМА Перизат Қайрат ісіне қосылған жаңа эпизодтың жай-жапсарын айтты

Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) "ақша жымқырды" деген күдікке ілініп, қазір қамауда отырған кәсіпкер, блогер, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ісіне қосылған жаңа эпизодтың жай-жапсарын айтты.
Ведомствоның хабарлауынша, іс Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинау акциясымен байланысты.
"Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан" деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, күдікті ұйымға құны 30 млн теңге тұратын жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда ол жер телімін бірлестіктің өзі 2019 жылы сатып алған.
"Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты" деп жазылған ресми хабарламада.
Екі күн бұрын ҚМА қаңтардың соңында Перизат Қайрат ісіне жаңа эпизод қосылғанын, мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын "ашу" ісімен байланысты екенін хабарлаған. Дәл сол кезде ҚМА Перизат Қайраттың анасының үстінен де қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.
ҚМА-ның хабарлауынша, жүзден астам том болатын қылмыстық істі тергеу аяқталып қалған, наурыздың басында іс материалдарымен танысу басталады.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған.
Оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі былтыр Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.
Киевте Зеленский мен Трамптың өкілі кездесті

Дональд Трамптың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог 20 ақпанда Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Кездесу қорытындысы бойынша жоспарланған баспасөз жиыны Америка жағының өтінішіне орай өтпей қалды. Бұл жөнінде Reuters және өзге де халықаралық басылымдар жазды.
"Америка дауысы" сайтының хабарлауынша, Келлог Киевке сапардың басты мақсаты "украин жағын тыңдау" деп атап өткен.
Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Украина жағын АҚШ-қа бағытталған сынды жұмсартып, пайдалы қазбаны тасымалдау бойынша Ақ үй ұсынған келісімді мақұлдауға үндеді.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бейсенбі күні соғыс аяқталар уақыт жақын деп мәлімдеді. Ол дегенмен соғысты Ресеймен келіссөз жүргізбей тоқтата алмайсың деді.
Зеленскийдің сөзінше, Келлогпен кездесу барысында соғыстағы ахуал, украин тұтқындарын қайтару және Украина қауіпсіздігіне кепілдік берудің халықаралық тиімді тетігін табу мәселелері талқыланған.
"Европейская правда" басылымының жазуынша, Зеленский Трамптың арнайы уәкіліне Киев "инвестиция және қауіпсіздік бойынша АҚШ президентімен қуатты әрі пайдалы келісімге" келуге дайын екенін растаған.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Трамп әкімшілігі Украинаға елдегі сирек металл өндірісі меншігінің 50 пайызын АҚШ-қа беруді ұсынған. Алайда Зеленский құжатқа қол қоюдан бас тартқан.
Америкалық AXIOS жаңалықтар сайтының жазуынша, Зеленскийдің ұсыныстан бас тартуы Трампты ашуландырған және осыдан кейін Трамп әкімшілігі Украинаға біршама "жетілдірілген" жоба ұсынған. Axios жағдайдан хабары бар америкалық, украиналық үш дереккөзге сүйенеді.
"Соңғы жобада едәуір тәуір шарттар бар және ол Украина заңнамасына сәйкес" деді дереккөздердің бірі.
Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Майк Уолц бейсенбі күні журналистерге Зеленский пайдалы қазба мәселелері бойынша "келіссөз үстеліне оралуы керек" деді.
АҚШ сенаты Кэш Пательді ФБР басшысы қызметіне бекітті

АҚШ сенаты 44 жастағы Кэш Пательді ФБР басшысы қызметіне бекітті деп хабарлады Reuters. Оның кандидатурасын республикалық партияның 51 өкілі қолдаған. 49 сенатор - 47 демократ пен тағы екі республикашыл қарсы болған.
Дональд Трамптың алғашқы президенттігі тұсында Патель ұлттық барлау қызметі басшысының кеңесшісі және қорғаныс министрі міндетін атқарушы Кристофер Миллердің штаб бастығы қызметін атқарған.
Кэш Патель Трамптың көзқарасымен келіспеген ФБР қызметкерлерінің барлығын жұмыстан шығарып, барлау деректерін жинаумен айналысатын бөлімдерді таратуды ұсынған.
"ФБР-дың ең ірі мәселесі – бұл ондағы барлау бөлімі. Мен осы компонентті бөлек қарастырар едім. Алғашқы күні мен Гувер атындағы ФБР ғимаратын жауып, оны музейге айналдырар едім. Мен сол ғимаратта істейтін 7 мың қызметкерді Америкадағы қылмыскерлерді ұстауға жіберер едім. Полицей болыңыздар" деді Патель сұхбаттарының бірінде.
Кэш Патель 1980 жылы АҚШ-тағы үнді эмигрантының отбасында дүниеге келген. Ол Флоридада мемлекеттік қорғаушы ретінде қызмет еткен. 2014 жылы Патель әділет министрлігіне ауысты, ал үш жылдан кейін өкілдер палатасының барлау жөніндегі коомитетінде терроризммен күрес жөніндегі аға кеңесші болып тағайындалды. Ол 2016 жылғы сайлауда Трамптың Ресеймен байланысы туралы айыптауларды жоққа шығаруда маңызды рөл атқарды. Ол Trump Media Technology Group-тың директорлар кеңесіне мүше.
Саяси ықпалдан қорғану үшін ФБР директоры 10 жыл мерзімге тағайындалады. Патель 2017 жылы Дональд Трамп алғашқы президенттігі кезінде осы қызметке тағайындаған Кристофер Рэйді алмастырады.
Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің соты тағы кейінге шегерілді

Алматының Алмалы аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қозғалған қылмыстық іс бойынша негізгі сотты тағы кейінге шегерді. Бұл жөнінде Азаттыққа оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
Оның сөзінше, 21 ақпан таңертеңгі сағат 10-ға белгіленген сот "істе төрағалық ететін судьяның отбасылық жағдайына байланысты" кейінге қалдырылған. Бұл сот алғаш рет кейінге шегеріліп жатқан жоқ.
Бастапқыда сот отырысы 14 ақпанда өтуі тиіс болған, кейін ол 21 ақпанға шегерілді. Енді тағы кейінге қалдырылып отыр.
Соттың қашан өтетіні әлі хабарланбады.
Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Медиа саласына маманданған заңгерлер Қазақстанда бұл бап көбіне саяси мақсатта қолданылады деп есептейді. Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізген. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.
Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Кейін бұл іс тоқтатылған.
Депутат: КҚК-ға шабуыл үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру керек

Каспий құбыр консорциумына (КҚК) дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажет. Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Никита Шаталов мәлімдеді.
"Дүйсенбіде КҚК шабуылға ұшырады және украин жағы бұл үшін жауапкершілікті мойнына алды. Шабуылдаушы тарап "Ресейдің қарулы агрессиясын қолдайтын стратегиялық нысандарға соққы жасау" құқығын бар екенін айтты. Бұл ұстанымға экономикалық және дипломатиялық тұрғыда қайшылық өте көп, мұны не үшін жасады деген сұрақ бар. Украина жағы бұл құбыр бойынша айдалатын мұнайдың 90 пайызы Қазақстандікі екенін, Теңіз кенішінен өндірілетінін, одан шикізатты Еуроодаққа тасымалдайтын Батыстың түрлі компаниялары пайда көріп отырғанын білмеуі мүмкін емес" деп жазды Шаталов өз телеграм-арнасында.
Депутаттың айтуынша, құбыр арқылы мұнай жіберетін халықаралық компаниялар "тасымал тұрақты болуына мүдделі". "Ал біз шабуыл мақсаты нақты біздің экономикалық мүддемізге зиян келтіру деп айта аламыз" деді Никита Шаталов.
Мәжіліс депутаты Қазақстан әу бастан Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңге қатысты бейтарап саясат ұстанғанын, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен байланыста болғанын, екі ел арасында дипломатиялық байланыс бар екенін ескертті. Бұған қоса ол Тоқаевтың Украина шығысындағы Ресей басып алған аймақтарды "дербес субъект ретінде мойындамағанын" да атап өтті.
"Халықаралық консорциум инфрақұрылымына шабуыл жасау жөнінде шешім қабылдағандар біздің мүддемізге қарсы қылмысы үшін жауап беруі тиіс. Қазақстан келтірген шығындары мен біздің мүддемемізге шабуылы үшін Украина жағын жауапкершілікке шақыруы керек" деді Шаталов.
17 ақпанда Ресейдің Кубань облысындағы Каспий құбыр консорциумының мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК шабуылды "террористік" деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуыл жасаған.
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясы "Кропоткинская" станциясына қатты зақым келді, оны жөндеуге 1,5-2 ай кетуі мүмкін деп хабарлады. Компанияның болжамынша, бұл уақытта Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін.
18 ақпанда Украина шабуылды әдейі ұйымдастырғанын мойындады. "Кропоткинская" және "Андриаполь" мұнай айдау станциялары да нысанаға алынды, олар оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарды. Соққыдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты" деп хабарлады Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Ресей вице-премьері Александр Новак "құбырды жөндеуге тасымалы шектелген Батыс компаниясының құралдары керек" деді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл – Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және оны украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз" деді. Ал Ресей сыртқы істер министі Сергей Лавров мұны "Қазақстан энергетика инфрақұрылымына тікелей шабуыл" деп бағалады.
Мәжілістің басқа депутаттары бұл оқиға бойынша Азаттыққа түрлі пікір білдірді. Айдос Сарымның айтуынша, Мәскеу өз мүддесін қорғап, "Ресейді жақтап, Украинаны қолдамаушылар санын арттыруға" тырысады. Ал депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, "Ресеймен соғыс жағдайындағы ел Украина қайда шабуылдағысы келеді, қандай нысананы өзіне қауіпті деп есептейді, оның өз қақысы" деді.
"Верстка": Курск облысында әскерге алынған кемінде 25 ресейлік сарбаз қаза болған

Ресейдің Курск облысындағы бірқатар аумақты былтыр тамызда украин күштері басып алғаннан кейін әскери борышын өтеп жүрген ресейлік кемінде 25 сарбаз қаза болған. Ашық дереккөздерге сүйенген "Вёрстка" басылымы осылай деп жазды.
Басылымның жазуынша, әскери борышын өтеу үшін армияға алынған сарбаздардың барлығы Украина операциясы басталғаннан кейін алғашқы күндері немесе алғашқы апталарда қаза болған. Алайда олардың көбі жөнінде ақпарат жақында ғана хабарлана бастаған.
Қаза болғандардың орташа жасы - 20 жас, арасында әскерге жақында алынған 18 жастағылар да бар. "Верстка" он жауынгердің аты-жөнін атайды. Сарбаздар Ресейдің 18 өңірінен әскерге алынған. Мысалы, Краснодар және Вологад облыстарынан үш-үштен сарбаз опат болған.
Былтыр тамызда Курск облысына әскерге алынған сарбаздар әкелінгені және олардың украин әскерінің шабуылына ұшырағанын украин әскері де, ресейлік әскери блогерлер де қатар хабарлаған. Жүздеген сарбаз тұтқынға түскен. Тұтқын алмасу кезінде олардың көбі Ресейге қайтарылған.
"Верстканың" жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин әскерге алынған сарбаздар Украинаға қарсы соғысқа қатыспайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Мобилизация жарияланғаннан кейін де билік осы ресми ұстанымынан бас тартқан жоқ. Алайда тамыз айында Ресейдің соғыстағы адам шығынын ашық дереккөздер негізінде зерттеп келе жатқан BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" 2022 жылдың 24 ақпанынан бері соғыста әскерге шақырылған кемінде 159 сарбаз опат болғанын анықтаған. Мәселе негізінен Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарда әскери борышын өтеген сарбаздар жөнінде болып отыр.
Telegraph: Ұлыбритания Украинада 30 мыңға дейін әскер орналастыруды ұсынады

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер келесі аптада АҚШ президенті Дональд Трампқа Украинада Еуропаның шамамен 30 мың әскерін орналастыру туралы жоспарын ұсынады. Жоспар бойынша, Еуропаның әскери контингенті Ресеймен бейбіт келісім жасалған жағдайда оның келісім шарттарды орындайтындығына кепілдік рөлін атқармақ. Бұл жөнінде The Telegraph басылымының дереккөзі хабарлады.
Стармер келесі аптада Трамппен кездесу үшін Вашингтонға сапарламақ. Бұған дейін ол бітімгерлік миссиясы аясында Ұлыбритания Украинаға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеген. Әзірге Ұлыбританиядан басқа Еуропаның бірде-бір елі бітімгерлік миссиясына қатысуға дайын екенін ашық мәлімдеген жоқ.
The Telegraph дереккөзінің айтуынша, егер жоспарды АҚШ қолдаса, Ресей атысты тоқтату туралы шартты бұзған жағдайда Орталық және Шығыс Еуропадағы америкалық жойғыш ұшақтар жауап беруге дайын отыруы тиіс.
Басылымның жазуынша, Стармердің жоспарын Франция қолдайды және бұл мәселе ЕО-ның ірі елдері мен Ұлыбритания басшыларының дүйсенбі күнгі Париждегі кездесуі кезінде талқыланған. Оған НАТО-ның бас хатшысы да қатысқан.
Трамп пен оның әкімшілігінің өкілдері Украинаның қауіпсіздігі бойынша жауапкершілікті Еуропаның өзі алуы керек деп талай мәлімдеген. Стармердің ұсынысына Трамптың не деп жауап беретіні белгісіз.
Жоспарға сәйкес, Украинада Еуропаның шағын әскери контингенті шоғырланбақ, бірақ олар майдан сызығына бармайды. The Telegraph-тың жазуынша, Еуропа әскері Украинаның ірі қалаларында, порттарда және өзге де маңызды инфрақұрылым нысандарында шоғырланбақ. Дереккөздердің сөзінше, "жағдайдан толық хабардар болу үшін" миссияға барлау және бақылау ұшақтары, дрондар мен спутниктер қатыспақ. Кемелер қатынасы еркіндігін қамтамасыз ету үшін Қара теңізге сақшы кемелер де жөнелтілмек.
Британ үкіметі әзірге аталған жоспарды ресми түрде растамады.
Украина Ресеймен атысты тоқтату туралы келісім жасалған жағдайда Батыс елдерінен келісім шарттарының сақталатындығына кепілдік сұраған. Украина басшысы Владимир Зеленскийдің сөзінше, Украинаны НАТО-ға қабылдамаса, онда елде солтүстікатлантикалық одақтың бітімгер әскері орналасуы тиіс деген. Мәскеу бұған дейін мұндай ұсыныспен келіспейтіндігін білдірген.
Американың төрт шенеунігіне сүйенген NBC арнасының жазуынша, АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне және болашақ келісімнің сақталатындығына кепілдік ретінде тағы бір нұсқаны қарастырып отыр. Мәселе Ресей басқыншылығы қайта жалғасқан жағдайда Украинаны автоматты түрде НАТО-ға мүше етіп алу жөнінде болып отыр. Мұндай нұсқаны Американың сенаторлары Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде де айтқан. Бұған дейін АҚШ әкімшілігінің өкілдері мен Трамп қазір Украинаны НАТО-ға қоса алмайтынын айтқан. Одаққа жаңа мүше қосу үшін одақтың барлық 32 елінің келісімі керек. Мұндай жағдайда Украинаны НАТО-ға автоматты түрде алу механизмі қалай іске қосылатыны белгісіз.
"Жомарт" кенішіндегі апат: "Қазақмыс" тау жынысы опырылып түсті деген алғашқы болжамды жоққа шығарды

"Қазақмыс" корпорациясы жеті жұмысшының өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа "тау жынысының опырылуы" түрткі болды деген болжамды жоққа шығарды.
Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Алайда құтқару тобы апат болған орында тау опырылмағанын анықтаған.
"Алғашқы нұсқада қайғылы оқиғаға тау жынысының опырылуы себеп болғаны айтылды. Алайда апаттан құтқару тобы опырылу болмағанын анықтады. Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр" деп жазылған компанияның бейсенбі күнгі хабарламасында.
Өндіріс қауіпсіздігіне қатысты жиі сыналатын "Қазақмыс" 20 ақпан күнгі хабарламасында "қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отырғанын" жазған. Корпорацияның дерегінше, олар еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салған.
Компания өкілдері қаза болған кеншілердің отбасына "жан-жақты қолдау" көрсетіліп жатқанын атап көрсеткен.
Бұған дейін үкімет жетекшілігімен "Жомарт" кенішіндегі апатқа байланысты арнайы комиссия құрылғаны хабарланған еді.
"Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан.
"Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.
"Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.
"Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
Сот Feminita белсендісі Гүлзада Сержанға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік еткені үшін" айыппұл салды

19 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі Гүлжан Сержанға 393 мың теңге көлемінде (100 АЕК, қазіргі бағаммен 783 доллар) айыппұл салды. Гүлжан Сержанға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік ету" бабы (Әкімшілік кодекстің 489-бабы 9-бөлігі) бойынша айып тағылған.
"Власть" сайтының жазуынша, полиция капитаны Бағдат Әуесханов сот кезінде мониторинг барысында Instagram-нан видео көргенін, соның негізінде әділет департаментіне сұрау салып, Feminita ұйымының тіркелмегенін анықтағанын айтқан.
Сот кезінде бірқатар видео көрсетілген. Арасында Feminita ұйымының парақшасындағы жаңа жылдық құттықтау, TikTok желісінде Гүлзада Сержан сөйлеген видео да бар. Онда Гүлзада Сержан сайлауалды насихат кезінде (мәслихат сайлауы) Жанар Секербаеваның сенімді өкілі болатынын айтқан.
Гүлзада Сержан сот кезінде өзін қандай да бір ұйымның жетекшісі ретінде ешқашан көрсетпегенін және жетекшілік ету бұл патриархалдық әрекет екенін жеткізген. Оның сөзінше, өткен аптада "ЛГБТ насихатына" қарсы петицияны ұйымдастырушы Бағила Балтабаева ұйымның шарасына келіп, кедергі жасауға тырысқан. Гүлзада Сержан полицияға түсініктеме берген кезде шабуыл туралы арыз беріп жатырмын деп ойлаған. Бірақ түптеп келгенде полиция оның үстінен хаттама толтырған. Бірақ ол оған қол қоюдан бас тартқан.
Гүлзада Сержанның адвокаты Ғалым Нұрпейісов полиция капитанынан қандай негізде хаттама толтырғанын сұраған. Полиция өкілі видеожазба мен әділет департаментінің жауабына сүйеніп хаттаманы толтырғанын айтқан.
Өткен аптаның ортасында "Қазақстандық ата-аналар одағы" ұйымының бұрынғы төрайымы Бағила Балтабаева Feminita ұйымдастырған шараға полиция шақырып, шараны өткізуге кедергі келтірген. Осыдан кейін Feminita ұйымының өкілдері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ертесінде Feminita-ның шараларына өзге де белсенділер кедергі келтірген. Ізінше Сержан мен Секербаеваға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік ету" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.
Ақтөбе облысында тіскебасардан уланған тұтас бір сыныптың оқушылары ауруханадан шықты

Ақтөбе облысының Қобда ауылында соядан жасалған тіскебасардан уланған бір сыныптың 23 оқушысы түгел ауруханадан шықты. Дәрігерлер «оқушылардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ» дейді.
Қобда аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Қапашевтың сөзінше, жедел жәрдемнің үш көлігі бір сыныптың оқушыларын 18 ақпанда сағат 15:00 шамасында ауруханаға жеткізген. Ол кезде балалардың көзінен жас парлап, лоқсып жатқан. Денелері бөртіп, бастары айналған.
- Екі тәулік бойы облыс орталығындағы әріптестерімізбен кеңесе отыра ем-дом жасадық. Қазір оқушылардың жағдайы да, анализдері де жақсы. Тіскебасардың иісінен уланған 4 баланы ата-анасы сол күні үйіне алып кетті. Он бала ауруханадан кеше шықты. Лобстер дәмі бар тіскебасарды бөлісіп жеген 7 бала мен дене қызуы бар тағы екі баланы ауруханадан бүгін, яғни бейсенбі күні шығардық, - дейді Мақсат Қапашев.
Бұл оқиға 18 ақпан күні Қобдадағы Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 4-ші сыныбында болған. Аудан әкімдігінің хабарлауыгша, бір сынып түгел уланып қалған тіскебасарды оқушылардың бірі мектептен тысқары жерден сатып алған.
- Оқушы сыныптастарымен бөліскен өнімнің орамасында не қазақ, не орыс тілінде ақпарат таппадық. Қытайша иероглифтер таңбаланған өнімді сатқан дүкен анықталды. Қобда аудандық полиция бөлімі бұл дерек бойынша іс қозғады. Аудандық білім бөлімі ақпараттандыру мақсатында ата-аналар чаттарында хабарламалар таратты, - дейді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Арман Қабылов.
Қобдадағы оқиғадан соң Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс аумағындағы 45 дүкенге мониторинг жүргізіп, екі дүкеннен күмәнді өнімді тапқан.
«Қобдадағы дүкенге де жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Кәсіпкердің қолында өнімнің заңды жолдармен жеткізілгенін растайтын құжаттары болмады» дейді Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Украинадағы соғыс туралы қазақстандықтардың көзқарасы: үштен бірі соғысты ақтайды

Қоғамдық пікірді зерттейтін DEMOSCOPE жобасы 20 ақпанда Украинадағы соғысқа қатысты қазақстандықтардың пікірі туралы сауалнама нәтижесін жариялады.
Сауалнама нәтижесі елде Ресей пропагандасының ықпалы әлі де күшінде екенін, қазақстандықтардың үштен бірі соғысты ақтайтынын көрсетті дейді зерттеу авторлары.
"Ел азаматтарының 27,8%-і Украинадағы соғысты Ресей пропогандасының негізгі тезистері арқылы қабылдайды" деп жазды олар зерттеу нәтижесі туралы қысқа хабарламаларында.
Зерттеу қорытындысына сүйенсек, респонденттердің 10,7%-і Ресей Украинадағы нацистерге қарсы «арнайы әскери операция» жүргізіп жатыр деп сенеді; Ал 17,1%-і бұл соғысты Ресейдің Батыс елдері мен НАТО-ға қарсы күресі деп ойлайды.
DEMOSCOPE Ресей Украинаға басып кіргелі бері осыған ұқсас сауалнаманы 2022, 2023 жылдары да жүргізген. 2022 жылы Кремльдің ұстанымын - респонденттердің 33,2%, ал 2023 жылы 31,8% қолдаған.
"Бұл көрсеткіштің тұрақтылығы Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің осал екенін көрсетеді. Қазақстанда ресейлік, соның ішінде пропагандалық контент үздіксіз таралып, белгілі бір аудиторияға тұрақты ықпал етіп отыр" деп жазды зерттеушілер.
Олардың айтуынша, Ресейді қолдағандардың басым бөлігі - ересектер: 60 жастан асқандар (37,7%) мен 50-59 жас аралығындағы (17,3%) азаматтар.
Олардың сөзінше, соғысқа қарсы көзқарас үш жыл ішінде айтарлықтай өзгермеген.
"2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 24%-і Ресейдің мақсаты Украинаны басып алып, өзіне қосу екенін айтты (2022 жылы – 22,1%, 2023 жылы – 28,4%). Сонымен қатар, респонденттердің жартысына жуығы (48,2%) нақты жауап беруге қиналған" деп жазылған бюро хабарламасында.
"Украинаны қолдау деңгейіне қатысты жас топтары арасында – 15,4%-тен 28,9%-ке дейін бірқалыпты өзгеріп отырады" дейді зерттеу авторлары.
Олардың айтуынша, соғыс тақырыбына қызығушылық азайып бара жатқанмен тұрғындар арасында бұл тақырыптың өзекті екені анық байқалған.
"2025 жылы респонденттердің 42%-і майдандағы жағдайды бақылауын жалғастырады. Олардың 11,8%-і күн сайын жаңалықтарды қадағаласа, 30,2%-і ара-тұра қарап отырады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 53%, ал 2022 жылы 62,6% болған. Қызығушылықтың азаюы аудиторияның соғыс тақырыбынан шаршап, ішкі экономикалық және саяси мәселеге назардың ауысуымен байланысты болуы мүмкін" дейді сауалнама авторлары.
Қоғам пікірін зерттеу барысында мамандар тұрғындардың тараптар арасындағы бейбіт келіссөздерді күтіп отырғандығын да аңғарған.
"Респондеттердің 57,4%-інің пікірінше, екі тарап басқа елдердің араласуымен ымыраға келеді. 11,8%-і Ресей жеңеді, ал 4,7%-і Украина жеңеді деп есептейді".
"Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін бе?" деген сұрақ төңірегінде респондерттердің 58 пайызы "бұл мүмкін емес, ешқандай басқыншылық болмайды" деп жауап берген. Ал 25,8%-і Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп санайтындықтарын айтқан. 16,2%-і сұраққа жауап беруге қиналған.
Сауалнама барысында респонденттердің үштен бірінен астамы (35,1%) соғыстың Қазақстан экономикасына теріс әсер еткенін айтқан. 41,3% соғыс пен экономикалық жағдайдың нашарлауы арасында байланыс көрмей тұрғанын айтқан. 5%-і оң өзгерістерді байқағанын жеткізген.
Зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанда ресми БАҚ соғыс туралы ақпаратты таратпайды, "осылайша ішкі ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру мүмкіндігін ресейлік медианың қолына беріп отыр".
"Геосаяси тұрақсыздық артып келе жатқан жағдайда мұндай тәсіл қоғамның жіктелуіне және ксенофобияның күшеюіне әкелуі мүмкін. Бұл ақпараттық қауіпсіздік саясатын қайта қарауды, сондай-ақ медиасауатты жүйелі түрде енгізуді және жалған ақпаратпен күресуді талап етеді" деп түйіндейді зерттеу авторлары.
Ақпаратқа қаранда жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізген. Бұған дейін де аталған жоба аясында Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, атом электр станциясын салу және парламент сайлауы алдындағы сайлаушылар көңіл-күй жайлы сауалнамалар жүргізілген.
Жуырда PAPERLAB-тің Астанада өтуі керек болған жиыны өтпей қалды. Орталық жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзінше, қонақүй өкілі оларға "тақырыптарыңыз саяси екен, басшылық рұқсат етпеді" деп айтқан.
Оңтүстік Корея Украина әскерінің қолына түскен солтүстіккореялық сарбаздарды қабылдауға әзір

Оңтүстік Корея украин күштерінің қолына түскен кез келген солтүстіккореялық сарбазды қабылдауға дайын. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі хабарлады деп жазды Bloomberg.
"Конституция бойынша солтүстіккореялық сарбаздар біздің де азаматтарымыз және жекелеген тұлғалардың еркіндігін құрметтеу халықаралық құқық пен дәстүрге сай" деп жазылған ведомствоның мәлімдемесінде.
Бұған дейін украин күштерінің қолына түскен солтүстіккореялық сарбаздардың бірі "Чосон ильбо" басылымына берген сұхбатында Оңтүстік Кореядан саяси баспана алғысы келетінін мәлімдеген еді. Мақалада аты-жөні аталмаған украиналық шенеунік бұл Оңтүстік Корея үкіметінің көзқарасына байланысты деп айтқан.
Оңтүстік Корея бұл ниетін украиналық әріптестеріне жеткізгенін және олар тиісті келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі Солтүстік Корея сарбаздарын "қудалау қаупі бар жерге еркінен тыс жіберуге болмайды" деді.
- 2025 жылы қаңтар айында Киев Курск облысында екі солтүстіккореялық сарбазды тұтқынға түсіргенін мәлімдеген. Оларды тергеген кезде бірі Ресейге оқуға келгенін айтқан. Кейін Украина президенті Владимир Зеленский Киев оларды Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға беруге дайын екенін, ол үшін Ким Ресей түрмесінде отырған украин тұтқындарымен алмасуды ұйымдастыруы керек екенін айтқан.
- Батыс барлаушыларының мәліметінше, Ресейге шамамен 10 мың солтүстіккореялық сарбаз келген болуы мүмкін. Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялықтар қатысып жатқанын Оңтүстік Кореяның барлау қызметі де растаған.
- Мәскеу мен Пхеньян ақпаратты растаған жоқ және үзілді-кесілді жоққа шығарған да жоқ.
Украинада Ресей жағында соғысқан Өскеменнің екі тұрғыны қаза болған

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Украинада Ресей жағында соғысып, Донецкіде қаза болған Өскеменнің екі тұрғынына қатысты хабарлама таратты.
Комитеттің хабарлауынша, олардың үстінен "Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" (172-бап) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Биыл Өскемен соты олардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.
"Аталған азаматтар 2024 жылы Ресейге барып, Украина аумағындағы шетелдік қарулы қақтығысқа қатысып, Донецк облысында ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Олардың денелері Өскеменге жеткізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – "жарылыстар мен жарықшақтардан болған зақымданулар салдарынан жедел массивті қан жоғалту" деп жазылған комитеттің ШҚО бойынша департаменті таратқан хабарламада.
Ресми хабарламада азаматтардың аты-жөні, жасы және нақты қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысына қазақстандықтардың қатысқаны жөнінде ақпарат ара-тұра шығып қалады. Олардың кейбірі қаза болған.
Қазақстан заңы бойынша шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
Бұған дейін Украина үкіметі Орталық Азиядан шыққан, Ресей күштері қатарында соғысқан 50-ден аса адам тұтқынға түскенін хабарлаған. Олардың арасында 1 қырғыз, 21 қазақ, 18 тәжік және 14 өзбек бар деп хабарлады Украина жағы. Кейбірінің қолында Ресей төлқұжаты бар. Мысалы, 21 қазақ тұтқынның алтауы ғана Қазақстан азаматы, қалғаны – Ресей азаматы.
Азаттық бұған дейін ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқанын жазған. Ресейлік жалдамалы әскер қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. 2023 жылы ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
Украинадағы соғыста украин күштерінің қатарында да соғысып жүрген қазақстандықтар бар, олардың да саны белгісіз.
Батыс Қазақстанда ауыл маңына дрон құлады

18 ақпанда түнде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық округы маңынан бірнеше шақырым жерден "белгісіз нысан" табылды. Жергілікті полиция Азаттыққа ақпаратты растап, тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Просто журналистика" арнасы жергілікті тұрғынға сүйене отырып, құлаған аппараттың суретін жариялады. Оның бұл аумаққа қалай түскені белгісіз.
Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов аталған арнаға ақпаратты растаған. Оның сөзінше, дрон қазақстандық әскерилерге тапсырылған және қазір облыс орталығы Оралда.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа полиция берген ақпараттан басқа ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Аталған ауыл ресейлік Капустин Яр полигонына жақын жатыр.
Журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы әлеуметтік желідегі парақшасында аталған дрон "ресейлік "Орлан 10" ға ұқсайды" деп жазды. Оның сөзінше, бірқатар ресейлік және жергілікті медиа аппарат француздық SAGEM компаниясы жасаған Crecerelle барлау дронына ұқсайды деп айтса да, ашық дереккөздерден құлаған аппаратқа ұқсайтын моделін таппаған.
Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атады

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 ақпанда Truth желісінде жазба жариялап, украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді "диктатор" деп атады. Зеленскийдің АҚШ-ты 350 млрд доллар көлемінде әскери көмек бөлуге мәжбүрлегенін алға тартқан Трамп бұл қаражат "келмеске кетті" деді.
Ол сонымен бірге Ақ үй әкімшілігі Ресеймен соғысты тоқтату бойынша келіссөзді сәтті жүргізіп жатқанын айтып, мұны өзіне дейін елді басқарған Джо Байден жасай алмағанын алға тартты. Трамптың сөзінше, Еуропаның да соғысты тоқтатуға шамасы жетпеген, ал Зеленский соғысты "тиімді кәсіпорын" көреді және оның жалғасқанын қалайды. Трамп Зеленскийге "жылдам қимылдауға" кеңес беріп, әйтпесе Украинадан "түк те қалмайды" деді.
АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэн Daily Mail басылымына берген сұхбатында Трамп әншейін Зеленскийдің сынына реакция білдірді деді.
"Егер Зеленский президентті [Трампты] оны ашық түрде сынау арқылы өз ойын өзгертуге мәжбүрлей аламын деп ойласа, президентті білетіндердің бәрі бұл әкімшілікпен қарым-қатынасты доғаруға апаратын құрдымға кететін тәсіл екенін растай алады" деді ол.
Трамптың қатаң мәлімдемесін Еуропа саясаткерлері сынады. Германия канцлері Олаф Шольц бұл "дұрыс емес әрі қауіпті" мәлімдеме деді. Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок мұны "сандырақ" деп атап, "әлемге қараңыз, Еуропада диктатура жағдайында өмір сүріп жатқандар болса, бұл Ресей мен Беларус халқы" деді.
Украина президенті Владимир Зеленский әзірге Трамптың сөзіне реакция білдірген жоқ. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х желісінде "Украина Еуропаның қазіргі заман тарихында ең бір сұмдық басқыншылық пен үш жыл соғысты бастан өткерді. Украина халқы мен президент Владимир Зеленский Путиннің қысымына берілуден бас тартты. Ешкім де Украинаны берілуге мәжбүрлей алмайды. Біз өмір сүру құқығы үшін күресеміз" деп жазды.
- Владимир Зеленский бұған дейін Трамптың осыған ұқсас мәлімдемелеріне жауап берген. Оның сөзінше, АҚШ Украинаға шамамен 100 млрд доллар көлемінде көмек берген. "Соғыс бізге 320 млрд доллар шығын келтірді. 120 млрд доллар - бұл біз, Украина халқы, салық төлеушілері[нің қалтасынан шықты]. 200 млрд - бұл АҚШ пен еуропалық одақтастары [берген қаражат]. Бұл қару-жарақ пакеті. АҚШ бізге қару-жарақ түрінде шамамен 67 млрд доллар және тіке қаржылай көмек ретінде 31,5 млрд доллар берді" деді Зеленский.
Депутат Жанарбек Әшімжан TikTok-тағы контентке шектеу қоюды ұсынды

19 ақпанда мәжілісте депутат Жанарбек Әшімжан елде TikTok әлеуметтік желісін қолданушылардың жасына және ондағы контентке байланысты шектеу қоюды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдағанын мәлімдеді.
"Аманат" партиясының мүшесі TikTok-тағы "әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүр мен салтқа қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын" контентке шектеу қоюды ұсынды.
Депутат елде кәмелет жасына толмаған балаларға TikTok желісін пайдалануға шектеу қоюды немесе мүлде тыйым салу жағын қарастыру керек деді.
Жанарбек Әшімжан бірқатар елде TikTok-қа ішінара я толық шектеу қойылғанын, желіге қатаң бақылау бар екенін айтты.
Ресей, Қытай, Иран сияқты елдермен қоса Орталық Азияның Қазақстаннан басқа барлық елінде TikTok-қа тыйым салынған.
Депутаттың сөзінше, балалар мен жасөспірімдер арасында танымал TikTok-қа кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркелген.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, TikTok-та пайдалы контентке қарағанда, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпарат көп.
"Құмар ойындарды жарнамалау, стримдерде әдепсіз әрекеттер көрсету, боғауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр", – деді ол.
TikTok – қысқа видеолар жарияланатын сервис, ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. Бас кеңселері Лос-Анджелес пен Сингапурда орналасқан. TikTok Қазақстанда министрліктермен және блогерлермен байқау, жоба өткізеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, TikTok елдегі Astana Hub-пен бірге стартаптарға академия ашып, олардың өкілдеріне платформада табысқа қалай жетуге болатынын үйреткен.
Бұған дейін АҚШ Конгресі Қытай билігі TikTok арқылы америкалықтардың жеке дерегін ала алады және Америка қоғамына қатты ықпал жүргізе алады деген алаңдауға байланысты әлеуметтік желі қытайлық компаниядан бөлініп шықпаса, елде TikTok-қа тыйым салуға мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурациясынан кейін TikTok-қа тыйым салатын заңның орындалуын 90 күнге шегеретінін айтқан. Осы уақыт ішінде компания иесіне америкалықтардың бұл әлеуметтік желіні пайдалануына кедергі болып отырған заң мәселелерінің шешімін табуға мұрсат берілген.
Еуроодақ Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады

Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық Радиосының тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады.
Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері бұл шешімді 20 ақпанда ресми түрде мақұлдап, санкция 24 ақпанда – Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне үш жыл толғанына орай күшіне енеді деп отыр.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады. Бұдан бөлек, Ресейден мұнай экспортына шектеу күшейеді деп отыр.
Бұған қоса, Ресейдің "көлеңкелі флоты" деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылады. "Қара тізімге" 13 банк қосылмақшы. Бұған дейін Ресейдің 15 банкі, соның ішінде "Уралсиб" және "Точка" деген банктеріне санкция салынуы мүмкін деген хабар шыққан.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады.
Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында Қазақстандағы Kazstanex және "Металлстан" деген компаниялар аталған. Еурокомиссия құжатының жобасы Азаттықтың қолына түскен.
Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Еуропа одағы Қазақстандағы компанияларды санкция тізіміне қосу-қоспауды егжей-тегжейлі зерттеген соң шешім қабылдайды деп мәлімдеген.
"Қазақстандағы компаниялар санкция пакетіне ілігетін болса, не істейсіздер?" деген Азаттық сұрағына сауда және интеграция вице-министрі "бізде әртүрлі хаттама бар, [алда] олардың қандай мәселе бойынша анықталғанын көреміз" деп жауап қатқан.
18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресейдің шенеуніктері Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі алғашқы келіссөзін өткізді. Вашингтон мен Мәскеу дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруге және үш жылға ұласқан соғысты аяқтау жөнінде келіссөз бастауға уағдаласты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио еуропалық әріптестеріне АҚШ бейбіт келісім жасалғанға дейін Ресейге салынған санкцияларды алмайды деп сендірген деп жазды Bloomberg агенттігі. Ақпаратқа қарағанда, Рубио АҚШ Мәскеумен келісімге келу үшін санкцияны алып тастауға баруы мүмкін деген алаңға байланысты Еуроодақ елдерінің бірқатар сыртқы саяси ведомстволары басшысына қоңырау шалған.
Өзбекстанда түрмеде отырған қарақалпақ блогері қайтыс болды

Өзбекстанда түрмеде отырған қарақалпақ блогері Мұстафа Тұрсынбаев қайтыс болды. Бұл туралы 18 ақпанда Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады.
Via Serica (АҚШ) ұйымының мәліметінше, блогер Ташкент облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан.
Түркімен Хельсинки қорының жазуынша, Тұрсынбаев қайтыс болғанға дейін құрылыста жүргенде жараланып, комаға түскен.
Өзбекстанның бас прокуратурасы 18 ақпанда қарақалпақ блогерінің қазасын растады.
Ресми хабарламаға сәйкес, 11 ақпанда Ташкент облысындағы №7 колонияда жазасын өтеп жатқан Мұстафа Тұрсынбаев бір қабатты ғимаратты бұзып жұмыс істеп жүргенде қабырғаның бір бөлігі үстіне құлаған. Жарақат алған Тұрсынбаев 16 ақпанда ауруханада қайтыс болған. Осы оқиғаға байланысты "Еңбекті қорғау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Түркімен Хельсинки қорының хабарлауынша, кейінгі екі жылда саяси себеппен сотталған қарақалпақ тұтқындары арасында осымен үш адам қайтыс болған. Қордың мәліметінше, 41 жастағы Тұрсынбаев Қарақалпақстанда YouTube-те 153 мың жазылушысы бар "Нөкіс Online" арнасының авторы ретінде танылған.
Мұстафа Тұрсынбаев 2023 жылғы қарашада блогер Саламат Сейтмұратовпен бірге ұсталған. Былтыр наурызда Нөкіс аудандық соты екі блогерді "Бопсалау" айыбы бойынша 5 жылға соттаған. Шілдеде апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.
Түркімен Хельсинки қорының жазуынша, Тұрсынбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
Қордың ақпаратына сәйкес, Қарақалпақстанда Тұрсынбаев "тәуелсіз журналистік қызметі үшін ойдан шығарылған айып бойынша сотталды" және оны қудалауға "қарақалпақ тілінде әлеуметтік тақырыптар бойынша жариялаған жазбалары себеп болды" деген пікір кең таралған. 2022 жылы шілдеде ол Нөкістегі оқиғаны тергеуге байланысты қамауға алынып, азапталған деп жазды қор.
2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.
1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкеткен. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап етті.
Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.
2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.
Қаржы мониторинг агенттігі: Перизат Қайраттың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды

"Ақша жымқырды" деген күдікке ілініп, қазір қамауда отырған кәсіпкер, блогер, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 19 ақпанда үкіметтегі брифингіде журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.
"Перизат Қайраттың анасы [Ғайни] Алашбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бар. Ол "алаяқтық" пен "қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қатысы бар" деген күдікке ілінді", – деді Елемесов.
Елемесовтің сөзінше, Алашбаеваға әзірге бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат ісіне жаңа эпизод қосылған.
"Қаңтардың аяғында [іске] қосымша жаңа эпизод тіркедік, [Перизат Қайрат] мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуға аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған, солай жиналған 22 млн теңгеге жуық қаржыны [Перизат Қайрат] өзіне жұмсаған", – деді қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.
Елемесовтің айтуынша, жүзден астам том болатын қылмыстық істі тергеу аяқталып қалған, наурыздың басында іс материалдарымен танысу басталады.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған. Оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі былтыр Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.
ҚМА: Қайрат Боранбаевқа қатысты барлық іс тоқтатылды

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты бұған дейін қозғалған қылмыстық істер тоқтатылды. Бұл туралы 19 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов press.kz басылымына айтқан.
Елемесов кәсіпкерге қатысты барлық тергеу жұмыстары аяқталды деген.
Осыдан бір жыл бұрын ҚМА Қайрат Боранбаевқа бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылғанын хабарлаған. Елемесов "зиянды толық өтеуіне байланысты салық төлемегені туралы қылмыстық іс тоқтатылды" деді.
Қалған эпизодтар бойынша іс процестік келісім аясында сотқа жіберіліп, кәсіпкер "зиянды өз еркімен өтеді" деді ҚМА өкілі.
2023 жылдың наурыз айында сот бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетімен байланысы болған Қайрат Боранбаевты сегіз жылға бостандығынан айырған. Сол жылдың қыркүйек айында Астанадағы апелляциялық сот Боранбаевтың жазасын алты жыл етіп қысқартты. Қазан айында кәсіпкердің түрме жазасы бостандығын шектеу жазасына ауыстырылғаны белгілі болды.
Оның алдында бірнеше апта бойы мемлекеттік органдар Боранбаев ірі мүліктерін мемлекет қазынасына өткізіп берді деген хабарлар іркес-тіркес жарияланып жатты. Ол мүліктердің арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес орталықтары желісі, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кен орны болды. Бұған қоса Боранбаев "мемлекеттік білім инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударған" деген ақпарат тараған-ды.
2023 жылдың қараша айының басында Қайрат Боранбаев қамаудан бостандыққа шықты. Былтыр Боранбаев Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта сайланды.
Қайрат Боранбаев Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі адам саналатын. Оның қызы Әлима Боранбаеваны бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев алған еді. Кейін екеуі ажырасып кетті деген ақпарат тараған.
ПІКІРЛЕР