Accessibility links

Чехия Германияның босқындарды қайта бөлу ұсынысын қабылдамады


Германия канцлері Ангела Меркель мен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш. Берлин, 5 қыркүйек 2018 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель мен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш. Берлин, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель мен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Еуропа Одағы (ЕО) елдері арасында босқындарды бөлу мәселесінде ортақ шешім қабылдай алмады. Бұл туралы Прага радиосы хабарлады. Андрей Бабиш Ангела Меркельмен 5 қыркүйекте Берлинге жасаған алғашқы ресми сапарында кездесті.

Меркель африкалық босқындарды қабылдаудың барлық ауыртпалығы мен жауапкершілігін Италия мойнына арта бермеу керек деп санайды. Бірақ Чехия премьері "Еуропа құрлығын сақтауға" шақырып, мигранттарды ЕО елдері арасында бөлуден басқа амал табуды ұсынды. Бабиш бір апта бұрын Чехия енді Жерорта теңізі бассейні елдерінен келетін мигранттарды қабылдамайтынын мәлімдеген.

Бабиштің сапарына қарсылық танытқан ондаған белсенді канцлер кеңсесі алдына жиналып, акция өткізді. Олар Бабишті "Еуропаны масқаралаушы" деп атап, оны түрмеге жабуды ұсынды.

Reuters-тің мәліметінше, Меркель 5 қыркүйекте Хемниц қаласындағы мигранттарға қарсы шерулерді айыптады. Хемницте тамыздың соңында Таяу Шығыс елдерінен шыққан екі мигрант жергілікті тұрғынды өлтірген. Меркель кінәсіз адамдарға "жеккөрініштілікпен" қарайтындардан бойды аулақ ұстауға шақырды. Deutsche Welle радиосының хабарлауынша, 5 қыркүйекте Саксония федералдық аймағының премьер-министрі Михаэль Кречмер оңшыл экстремизмді демократияға төнетін үлкен қауіп деп атады. Хемництегі тәртіпсіздікке комментарий берген Кречмер мигранттарға қарсы маршты ұйымдастырушылардың бірі - "Германияға балама" оңшыл популистік партиясын "ксенофобиялық бағыт ұстанды" деп айыптады.

Германияда әсіре оңшыл күштердің жетекшілері Меркельден наразылық акцияларына "лайықсыз" баға бергені үшін кешірім сұрауын талап етті. Олар бұл акциялардың "мыстан аулау" шарасы емесін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG