Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Армения парламенті жаңа премьер сайлап жатыр

Никол Пашинян парламенттегі талқылауға қатысып отыр. Ереван, 1 мамыр 2018 жыл
Никол Пашинян парламенттегі талқылауға қатысып отыр. Ереван, 1 мамыр 2018 жыл

1 мамыр күні бойы жалғасқан Армения парламентіндегі дауыс беру кезінде жаңа премьер-министр лауазымы үшін оппозиция жетекшісі Никол Пашинянның кандидатурасы қаралып жатыр. 42 жастағы Пашинян парламенттегі барлық оппозициялық фракциялардың қолдауына ие. Ал қазірге дейін билік партиясы саналып келген республикашылар 105 мандаттың 58-ін алып отыр.

Дауыс беру алдында парламент мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Никол Пашинян өткен апта бойы жалғасқан қарсылық шеруінен соң отставкаға кеткен премьер-министр Серж Саргсянның партиясын жаңа сайлауды болғызбауға тырысты деп айыптады. Пашинян толқудың кез-келген уақытта жанданып кетуі мүмкін екенін ескертті.

- Бұл оянудан енді қашып құтылу жоқ, кері қайту және жоқ. Бүгінгі талқылау - премьер-министрдің кім болатынын емес, халықтың қуанышы мен бақытын кім бөлісетінін анықтау туралы. Кімде-кім бұл бақытты сезінуден мақұрым қалса, онда халқын сатып кетті деген сөз. Жеңген - халық. Бостандық жасасын! - деді Пашинян.

Көре отырыңыз: Никол Пашинянның парламенттегі сөзі

Пашинян: "Жеңген - халық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:44 0:00

Сейсенбі күні Пашинянның мыңдаған жақтасы Еревандағы Республика алаңына жиналды.

Армениядағы наразылық шараларының басында жүрген "Елк" саяси блогының жетекшісі жаңа премьер-министр сайлауына жалғыз кандидат болып тіркелген. Шерушілер талабына орай биліктегі Республикалық партия премьерлікке кандидат ұсынбаған.

Бірақ парламенттің вице-спикері Республикалық партия өкілі Эдуард Шармазанов 1 мамырда Никол Пашинянның бір күн бұрын айтқан сөздерімен келіспейтінін мәлімдеді.

- Кешегі кездесуге қарағанда Пашинян мырзаның премьер-министр бола алмайтынына сенімдімін, - деді ол журналистерге.

Республикалық партияның парламенттегі фракциясының жетекшісі Вахрам Багдасарян 1 мамырда журналистерге партия мүшелерінің дауыс беру тәсіліне қатысты ортақ шешім жасалғанын айтты.

- Фракция мүшелері шешім қабылдап жатқанда қалай дауыс беретіндеріне қатысты қысымға ұшыраған жоқ, - деді ол.

Армения конституциясы бойынша, премьер-министр болып сайлану үшін кандидатты 105 депутаттың 53-і қолдауы қажет.

Көре отырыңыз: Армения неге толқып тұр?

Жаһан жаңалықтары. Апта 20.04.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:52 0:00

17 сәуірде бұрынғы президенті Серж Саргсян премьер-министр болып тағайындалған. 2008-2018 жылдары екі мерзім ел басқарған Саргсян президенттіктен кеткенде билікке қайта оралмайтынын айтқан. Бірақ биліктен кетіп жатқанда Арменияда конституцияға өзгеріс еніп, билік премьер-министрдің қолына өткен.

Саргсян премьер-министр болып тағайындалған күні парламенттегі "Елк" фракциясының басшысы Никол Пашинян бейбіт "барқыт төңкерісі" басталғанын жариялаған. Ереванда шеруге шыққан мыңдаған адам Саргсян "билікті басып алды" деп айыптаған.

Саргсян мен ел билігі Пашинян бастаған оппозиция мен наразыларды келіссөзге шақырған. Бірақ Саргсян мен билік арасындағы келіссөздерден еш нәтиже шықпады әрі наразылар өз талаптарынан қайтпады.

23 сәуірде Серж Саргсян "ел болашағы үшін" отставкаға кеткен.

Басқа да жаңалықтар

ҰҚК шекарада атыс болды деген ақпаратты терістеді

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірін күзетіп тұрған сақшылар. Көрнекі сурет.
Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірін күзетіп тұрған сақшылар. Көрнекі сурет.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Жамбыл облысында шекарада атыс болды деген ақпаратты терістеді.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды” деп жазылған ҰҚК хабарламасында. Ведомствоның хабарламасын жергілікті ақпарат агенттіктері таратты.

Halyqstan телеграм-арнасының жазуынша, 10 қыркүйекке қараған түні үштер шамасында Жамбыл облысы Мерке ауданы “Мерке” шекара бекетінің қызметкерлері “шекараны заңсыз кесіп өтпек” болған үш ер адамды ұстаған. Олардың арасында “денсаулыққа ауыр зиян келтіру” баптары бойынша күдікке ілінген екі адам бар. Үшіншісі Тәжікстан азаматы болып шыққан. Бұған дейін кейбір дереккөздер атыс болғанын хабарлаған еді.

Informburo-ның жазуынша, тамыз айында шекара қызметі “шекараны бұзған” 39 шетел азаматын ұстағанын хабарлаған.

"Мерке" бекеті – Жамбыл облысы Меркі ауданының таулы өңірінде орналасқан.

"Мәңгі өмір сүруді" талқылаған Путинге "жасартатын құлпынай" таныстырылды

Ресей президенті Владимир Путинге "Сириус" ғылыми-технологиялық университетінде геномы өзгертілген өсімдіктің жаңа түрлері көрсетілді. Бұл жөнінде ТАСС жазды.

Жаңа өсімдік түрлері арасында зең ауруларына қарсы тұра алатын жүзім және құрамында табиғи антиоксидант - кверцетиннің мөлшері кәдімгі түрлеріне қарағанда 12 есе көп құлпынай да бар.

"Нәтижесінде міне мынадай жасартатын құлпынай пайда болды" деді Путинге өнімдерді таныстырған "Сириус" университетінің ғалымдар кеңесінің жетекшісі Роман Иванов.

3 қыркүйекте Пекиндегі әскери парад алдында Путин Қытай басшысы Си Цзиньпинмен өзге мәселелерден бөлек, адамның өмірін ұзартатын биотехнология мүмкіндіктері мен мәңгі өмір сүру ықтималдығы туралы талқылаған.

"Бұрын адамдар 70-ке әрең жететін. Қазір 70-те әлі баласың" дейді Си Цзиньпин. Ал Путин (видеода оның сөзінің қытай тіліндегі аудармасы естіледі) оған "биотехнологияның көмегімен органдарды шексіз алмастыра беруге болады.... адамдар көбірек өмір сүрген сайын жасара береді және тіпті мәңгі өмір сүре алуы да мүмкін" деп жауап береді. Қытай басшысы "тіпті осы ғасырдың өзінде адамдар 150 жасқа дейін өмір сүре алатындай деңгейге жете алады" дейді.

Мемлекет басшылары парадқа кетіп бара жатқанда тілдескен. Алайда олардың әңгімесінен бір үзінді тікелей эфир кезінде қосулы тұрған микрофонға жазылып қалған. CCTV өнімдерін пайдалануға құқығы бар Reuters төртминуттық роликті монтаждап, мыңнан астам халықаралық ақпарат құралына таратқан. Кейін Reuters қытайлық CCTV видеоларды пайдалану құқығын қайтарып алғанын мәлімдеп, видеоны өшірді.

Польша ресейлік дрондарды атып түсірді

Польшаның әуе қорғаныс күштері елдің әуе кеңістігін бұзған ресейлік дрондарды атып түсірді. Бұл жөнінде 10 қыркүйек таңертең Польшаның қарулы күштері жедел басқармасы хабарлады.

Мәлімдемеде Ресей Украина аумағына әуеден соққы жасап жатқан кезде "дронға ұқсас объектілер" елдің әуе кеңістігін бұзғаны жазылған. Поляк әскері оларды жою үшін қару қолданған. Әскери операция жалғасып жатыр және Биала-Подляска, Мазовецке, Люблин аймақтарының тұрғындарына үйде қалуға кеңес берілген.

"Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін агрессиялық қимыл" деп мәлімдеді Польша қарулы күштері ресми аккаунтында.

Польша билігіне сүйенген BBC-дің жазуынша, кейбір аумақта ресейлік дронның бөлшектері үйдің шатыры мен жеңіл көлікке құлап, бүлдірген.

Reuters агенттігі АҚШ азаматтық авиация басқармасына сүйене отырып, Польшадағы төрт әуежайдың жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Арасында Варшавадағы Шопен атындағы әуежай да бар.

Ресей қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді.

Ресейлік дрондардың Польшаның әуе кеңістігін бұзғаны жөнінде хабар бұрын да шыққан. Бірақ Reuters-тің жазуынша, Польша алғаш рет оларды атып түсірді.

Bloomberg: Еуроодақ Қазақстанға санкция салуды қарастырып жатыр

Еуроодақ Ресейге тыйым салынған бірқатар тауар түрлерін тасымалдағаны үшін Қазақстанға алғаш рет санкция енгізуді қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Еуроодақ бұған дейін "Ресейге тыйым салынған тауар түрлерін тасымалдауға қатысы бар" бірнеше қазақстандық компанияға салған. Басылымның жазуынша, енді тұтас Қазақстанға салынуы мүмкін. Мәселе белгілі бір жабдық түрлерін импорттауға тыйым салу жөнінде болып отыр. Одақтың сауда орындарының дерегінше, мұндай тауардың көп бөлігі сол күйінше Ресейге тасымалданып, Украинаға қарсы соғыста пайдаланатын қару өндірісінде қолданып жатыр.

Жалпы Еуроодақ 19-санкция пакетінде бірқатар ресейлік банктер мен энергетика компанияларына қарсы санкция енгізуді қарастырып отыр. Бұған қоса, ірі мұнай компанияларына да қатысты шектеу қою жоспарда бар.

"Біз Ресейді бейбітшілік келіссөзге баруға итермелеу үшін қысымды арттыруымыз керек. Қазір АҚШ-пен осыған күш салып жатырмыз. Ресейге көбірек қысым жасау үшін, санкция тиімді әрекет етуі үшін күш біріктіріп жатырмыз" деді Еуропа кеңесінің төрағасы Антонио Коста.

Еуроодақтың санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді. Бұған дейін Қазақстан билігі АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания жұмыс істемейтінін айтқан.

Тоқаев Израильдің Катардағы шабуылын айыптады

Дохада соққы жасалған аумақтан көтерілген түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.
Дохада соққы жасалған аумақтан көтерілген түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің Катардағы шабуылын айыптады.

“Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді” деп жазылған Ақорданың хабарламасында.

Израиль әскері 9 қыркүйекте ХАМАС ұйымының (АҚШ, ЕО террорлық ұйым деп таныған) жоғарғы басшылары Катар астанасы Дохада болғанда шабуыл жасаған. Бұл – Израильдің Катар аумағындағы алғашқы операциясы.

Израиль мұны Иерусалимдегі терактіге жауап ретінде атаған. АҚШ бұл шабуылға қатысы жоғын мәлімдеді. Бірқатар елдер шабуылды айыптады. Қазақстанмен қатар арасында Түркия, Оман, Алжир, Ливан да бар.

Израиль ақпарат құралдарына сүйенген BBC-дің жазуынша, шабуылдың салдарынан ХАМАС-тың шетелдегі бөлімінің жетекшісі Халед Машааль қаза болған. Израиль оны 1997 жылы Иорданияда өлтірмек болған.

Зеленский: Путин Трампқа Донбасты "3-4 айда басып алатынын" айтқан

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Донбасты "максимум төрт айда" толық басып алатынын айтқан. ABC News арнасына берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленский осылай деп айтты.

"Бұл жауынгерлік дайындығы мықты әскермен нығайтылған бөлік. Ол қамал сияқты...Егер әскерімізді әкетсек, ол тұтас Донбасты алады. Одан әрі қарай - Харьковке қарай 90 шақырым жылжымайды дегенге кім кепілдік береді? Ол әрдайым Харьковты алғысы келген" деді Зеленский.

Бұған дейін Путин 15 тамызда Аляскадағы екіжақты кездесу кезінде Трампқа Украина бойынша "бейбітшілік жоспарын" таныстырғаны жөнінде ақпарат шыққан. Ол жоспарға сәйкес, Украина Ресейге Донбастың басып алынған аумағын беруі керек, Кремль есесіне оған қарсы соғыс бастамайтыны жөнінде жазбаша хат береді.

"Ол президент Трамппен қатты кездескісі келді және Путиннің соған қол жеткізуі – қайғылы" деді ол. "Путин менімен кездескісі келмейді, бірақ АҚШ президентімен кездескісі келеді, ол әлемге өзінің кездесуінен сурет пен видеоларды көрсеткісі келеді" деді ол.

Ақ үйде 18 тамызда Зеленский және Еуропа басшыларымен келіссөзден кейін Дональд Трамп Украина мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуін ұйымдастыратынын айтқан. 3 қыркүйекте Путин Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін білдірген.

"Менің елімді ракетамен атқылап жатқанда Мәскеуге бара алмаймын. Бұл айдан анық болып тұрған нәрсе және ол мұны жақсы біліп отыр" деді Зеленский. Оның сөзінше, Путин мұны "уақытты созу үшін" айтып отыр.

Дохада жарылыс болды. Израиль ХАМАС жетекшілеріне соққы жасады

Доха қаласында будақтаған түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.
Доха қаласында будақтаған түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.

Израиль әскері 9 қыркүйекте ХАМАС ұйымының (АҚШ, ЕО террорлық ұйым деп таныған) жоғарғы басшылары Катар астанасы Дохада болғанда шабуыл жасады. Бұл – Израильдің Катар аумағындағы алғашқы операциясы.

Израильдің қорғаныс әскері "[ХАМАС ұйымына] қатысы жоқ адамдар зардап шекпес үшін жоғары дәлдікпен көздейтін қару мен барлау ақпараттары пайдаланылды» деп мәлімдеді.

Ал Катар сыртқы істер министрлігінің өкілі Мәжит Әл-Ансари ресми Доха ХАМАС өкілдеріне жасалған шабуылды "айыптайтынын" айтқан. Оның сөзінше, шабуыл ХАМАС үйымының саяси бюросының бірнеше мүшесі тұратын үйге жасалған.

"Бұл – барлық халықаралық заң нормаларын бұзу әрі катарлықтар мен Катар тұрғындарының өміріне қауіп төндіру" деді Катар сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

"Әл Жазира" телеарнасы шабуыл ХАМАС ұйымының Дохадағы жиналатын орнына жасалғанын айтады.

Ал "ХАМАС" өкілдері "Әл Жазира" арнасына "Дохада қозғалыс лидерлері АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы атысты тоқтату бойынша ұсынысын талқылап жатқанда шабуыл жасалды" деген.

Кеше, 8 қыркүйекте Иерусалимде теракт болып, бірнеше адам жолаушылар автобусын атқылаған. Шабуылдан алты адам қаза тауып, 12 адам жараланған еді. Бұл шабуылды ХАМАС өз мойнына алды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Дохаға жасаған соққысына "ашулы" екенін, соққыға қатысты шешімді Израиль премьері Беньямин Нетаньяху "жалғыз өзі қабылдағанын" айтты.

8 қыркүйекте Трамп ХАМАС-қа "соңғы ескерту" жасап, израильдік тұтқындарды босатуды талап еткен.

2023 жылы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасап, ондаған адамды кепілге алған еді. Қазір кепілге алынған адамдардың біразы әлі босатылған жоқ. ХАМАС-тың шабуылына жауап ретінде Израиль Газа секторына шабуылдап, 64 мың адам қаза тапқаны айтылады.

Ресейлік пропагандист Маргарита Симоньян "ауыр дертке шалдығып, ота жасатқанын" айтты

Маргарита Симоньян
Маргарита Симоньян

Ресейдің пропагандалық "Россия сегодня" медиасы мен RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян 8 қыркүйек кешкісін телеграмында операция жасатқанын жазды. Ал бір күн бұрын, 7 қыркүйекте ол "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасының эфирінде "қорқынышты, ауыр дертке" шалдыққанын айтқан еді.

Эфирде Симоньян операция жасататынын меңзеп, омырауының сол жақ тұсын көрсеткен еді. Одан кейін ол жасалатын ота мастэктомия (қатерлі ісікке байланысты сүт безін алып тастау) екенін айтқан.

Ресейлік ақпарат көздері кремльшіл пропагандист-журналистің қатерлі ісікке шалдыққанын жазды.

45 жастағы Маргарита Симоньян 2005 жылдан бері RT телеарнасын, 2013 жылдан бері "Россия сегодня" агенттігін басқарады.

Ол бірнеше рет Қазақстанға қатысты қатқыл сөздер айтып, Қазақстан қоғамында сынға ұшыраған. Мәселен, 2024 жылы желтоқсанда Симоньян "Эхо" радиостанциясында "Украина мен Сирияға ғана емес Қазақстандағы "бармелейлермен" (орыс ертегісіндегі бұзық кейіпкер – Ред.) күреске әскер жіберсек бақытты болар едім" деген еді.

Бұған қоса 2022 жылы Қазақстан тарабы Украина аумағындағы "ЛНР" мен "ДНР" сепаратистік аймақтарын мойындамайтынын айтқанда Симоньян "Оларды не үшін құтқардық сонда?" деп айтқан. Осылайша ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің жіберілгенін меңзеген.

  • Симоньянның оның күйеуі, режиссер Тигран Кеосаян 2025 жылы қаңтарда клиникалық өлімге түсіп, әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр.
  • 2022 жылы мамырда Қазақстан Жеңіс күніне парад өткізуден бас тартқанда, Кеосаян Қазақстанға қарата "Украинаға қараңдар, дұрыстап ойланыңдар. Біздің жауапты адамдар Қазақстанмен қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек" деген еді. Кеосаянның сес көрсеткен сөзі де Қазақстан қоғамында қарсылыққа ұшыраған.

    Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Кеосаянды "елге келуге тыйым салынғандардың" тізіміне қосқан.

Непалдағы наразылық: әлеужелі бұғаттан шықты, премьер отставкаға өтініш берді

Непалдағы наразылық. Шерушілер әлеуметтік желілердің бұғатталғанына қарсы шықты.
Непалдағы наразылық. Шерушілер әлеуметтік желілердің бұғатталғанына қарсы шықты.

Непал билігі әлеуметтік желілердің бұғатталуына қарсы наразылықты тарату кезінде 19 адам қаза тапқан соң райынан қайтып, бұғатты тоқтатты. Бұл туралы үкіметке сілтеп Рейтер агенттігі хабарлады.

Сейсенбі күні сондай-ақ ел премьер-министрі Шарма Оли отставкаға өтініш бергені мәлім болды.

Наразылыққа көбіне жастар шығып жатыр. Шерушілердің айтуынша, әлеуметтік желілердің бұғатталғанына қарсы "Z ұрпақ" акциясы кезінде мыңнан астам адам жарақат алған.

Танымал мессенжерлер мен әлеуметтік желілерге тыйым өткен аптада күшіне енген.

"Біз әлеуметтік желілерді бұғаттауды тоқтаттық. Олар енді жұмыс істеп тұр" деді Рейтерге Непалдың Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Притви Субба Гурунг. Ақпарат агенттігі министр сөзін тексеріп, сейсенбі таңында ел аумағында әлеуметтік желілер істеп тұрғанына көз жеткізді.

Бірақ наразылық акциясы сейсенбі күні де жалғасты. Оған ел астанасы Катмандуда комендант сағаты енгізілгені тосқауыл болмады. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, наразылар бірқатар саясаткердің резиденциясына өрт қойған. Олар парламент алдына жиналып, үкіметке қарсы ұрандар айтып тұр.

8 қыркүйек күні наразылар парламентке басып кірмек болған кезде полиция көз жасын ағызатын газ қолданып, резеңке оқ атқан.

Бұғаттауға YouTubem, X (бұрынғы Twitter), Reddit, LinkedIn, WhatsApp, Facebook және Instagram секілді платформалар ұшыраған. Билік бұл платформалар тиісті тіркеуді өтпеді деген. Тамызда Непал жоғарғы соты қаулы шығарып, интернеттегі жалған ақпарат күрес мақсатында онлайн-сервистер мемлекет бақылауына алынуы керек деген.

Бұл қадамды айыптаушылар Непал өкіметі танымал мессенжерлерді реттеуді емес, өз бақылауына алуды ойлап отыр дейді.

Forbes Қазақстандағы ықпалды әйелдер рейтингін жариялады. Тізімге Тоқаевтың қарындасы мен Төреғожина енбеген

Үміт Шаяхметова.
Үміт Шаяхметова.

Forbes Kazakhstan журналы 9 қыркүйекте "Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйел" рейтингін жариялады. Бірінші орында "Халық банктің" басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова тұр.

Ал мемлекеттік басқару саласынан қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова, азаматтық авиация комитетінің басшысы Салтанат Томпиева енген.

Бизнес саласынан Telli Ondiris косметикалық брендінің иесі Әсел Тасмағамбетова (ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің қызы), қоршаған орта министрі болған Нұрлан Қаппаровтың әйелі Гаухар Қаппарова, Алматының экс-әкімі Ерболат Досаевтың әйеті Гүлнар Досаева бар.

Квагисектордан рейтингке үш әйел – президент телерадиокешенінің президенті Раушан Қажыбаева, "Отбасы банктің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының тәуелсіз директоры Алина Алдамберген енген.

БАҚ саласынан Orda.kz сайтының редакторы Гүлнара Бажкенова, құқық қорғау саласынан Конституциялық сот төрайымы Эльвира Азимова, балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" төрайымы Зәуреш Батталова бар.

Мәдениет пен ғылымнан музыкант Жәния Әубәкірова мен биология ғылымдарының докторы, президенттің ғылым мен инновация бойынша кеңесшісі Күнсұлу Закария енген.

Forbes Kazakhstan мұндай рейтингті екінші рет жариялап отыр. Былтырғы тізімге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы, Кемел Тоқаев қорының құрушыларының бірі Қарлыға Ізбастина болған еді.

"Президенттің қарындасы және үш Ізбастиннің анасы қоғамға ықпалы жоқ деп айтатындар мені таспен атса болады" деген еді Forbes журналының рейтингтер бойынша редакторы Ардақ Бөкеева "Гиперборей" Youtube-каналына берген сұхбатында.

68 жастағы Қарлыға Ізбастина – дипломат, Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы елшісі Теміртай Ізбастиннің әйелі. Екеуінің үш ұлы, бір қызы бар. Мұхамед Ізбастин – бизнесмен әрі елдегі ықпалды кәсіпкерлердің рейтингіне енген. Қаныш Ізбастин елдегі бірнеше ұлттық компанияда басшылық қызметте. Ал Бекет Ізбастин – "Қазмұнайгаздың" еншілесі PSA компаниясының бас директоры.

Былтырғы рейтингте болған құқық қорғаушы, "Ар. Рух. Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина да биылғы тізімде жоқ. Биыл сот Төреғожинаны "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, айыппұл салған. Құқық қорғаушы түрмеде отырған азаматтық белсенді Марат Жыланбаевтың жағдайына назар аударту үшін желіде жазбалар жариялаған еді.

Forbes Kazakhstan рейтинг түзгенде 120-дан аса кандидат сарапталғанын, тізім саясаттанушылар, журналистер, кәсіпкерлер мен консатлинг және сараптама компаниялардың өкілдерінің дауыс беруі арқылы жасалғанын айтады.

Ресей Краматорскіге әуеден шабуылдап, 20 адам қаза тапты

Донецк облысы Яровая ауылындағы шабуыл. 9 қыркүйек 2025 жыл.
Донецк облысы Яровая ауылындағы шабуыл. 9 қыркүйек 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Донецк облыы Краматорск ауданы Яровая ауылына әуеден шабуыл жасағанын мәлімдеді.

"Шабуыл зейнетақы беріліп жатқан кезде жасалған. Алдын ала ақпарат бойынша, 20-дан аса адам қаза тапты" деді ол.

Желіде тараған видеода жерде бірнеше адамның мәйіті шашылып жатқаны көрінеді.

Краматорск ауданы майдан сызығына жақын орналасқан. Яровая ауылы Донец облысындағы Лиман қаласының солтүстік-шығысында жатыр. 2022 жылы ауылды Ресейдің бақылауында болған, бірақ кейін Украина әскері қайтарып алған еді. Бірнеше ай бұрын ауылдан эвакуация басталған.

Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.

Тоқаев Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдап отыр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдап отыр.

Сейсенбі, 9 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдап, оның есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Әзімова кейінгі 2,5 жылда Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскенін айтқан.

"Конституциялық сот судьялары өтініштерді қарау барысында 5 мыңнан аса құқық нормасын зерделеді. Тексеру қорытындысы бойынша 300-ден астам шешім қабылданды. Соның ішінде заңдар мен басқа да нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан 74 қорытынды қаулы шығарылды. Осылайша, 20 құқық нормасы Конституцияға қайшы деп танылып, 25 құқық нормасына нақты түсіндірме берілді" деп келтірді оның сөзін Ақорда баспасөз қызметі.

Әзімованың баяндауынша, осы күнге дейін Конституциялық соттың 41 қаулысы заңдарға түзету енгізу арқылы орындалған. Қазір парламент палаталары 19 қаулының талабын ескеретін 8 заң жобасын қарастырып жатыр.

Қазақстанда Конституциялық сот 2023 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Мұндай Қазақстанда бұрын да болған. 1990 жылдардың басында қызмет еткен бұл сот 1995 жылғы конституциялық реформадан соң кеңеске айналған.

2022 жылғы жолдауында Тоқаев Конституциялық кеңеске қарапайым азаматтар жүгіне алмайтынын айтып, Конституциялық сот құруды ұсынған.

Сот 11 судьядан тұрады. Президент сенат келісімімен төрағасын, төраға келісімімен Конституциялық сот судьялары арасынан төраға орынбасарын тағайындайды. Бұдан бөлек төрт судьяны президент, үш судьяны сенат, үш судьяны мәжіліс тағайындайды.

Конституциялық сот құрылғалы оған жетекшілік ететін Эльвира Әзімова оған дейін адам құқығы жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.

Сарапшылар саяси жүйеде шынайы бәсеке болмай, Конституциялық соттың тәуелсіз болуы қиын екенін айтады.

Непалда әлеужеліні бұғаттауға қарсы наразылыққа қатысқан 19 адам қаза тапты

Непалдағы наразылық
Непалдағы наразылық

Непалда әлеуметтік желілерді бұғаттауға қарсы наразылықты күшпен тарату кезінде кемі 19 адам мерт болып, 100-ден астам адам жапа шекті. Бұл туралы жергілікті және халықаралық БАҚ хабарлады. Рейтер агенттігінің жазуынша, наразылыққа ел аумағында 26 әлеуметтік желі мен платформаның бұғатталғаны түрткі болған. Бұғатталған платформалар арасында YouTube, Facebook, WhatsApp, Instagram және X желісі бар.

Тыйым 4 қыркүйек күні күшіне енген. Жергіліктің биліктің бұл қадамына аталған платформалардың елдегі Байланыс және ақпарат технологиялары министрлігінен уақтылы тіркеуден өтпегені себеп болған.

Негізінен жастар қатысқан наразылықта жемқорлықпен күрес мәселесі де қозғалған. Bloomberg басылымының хабарлауынша, Катмандуда шерушілер парламент ғимаратына басып кірмек болған, полиция оларды тарату үшін қару қолданған. Жергілікті шенеуніктің сөзінше, наразылардың кейбірі ғимарат алдындағы кедергілерден өтіп, парламенттің ішіне кіріп кеткен, жедел жәрдем көлігін өртеген, ғимаратты күзеткен полицейлерге түрлі зат лақтырған.

Непалдың байланыс министрі Притхви Суббаның мәлімдеуінше, полиция наразыларға су шашып, дубинка жұмсаған, резеңке оқ атқан. Полиция кемі 19 адам қаза тапқанын, 100-ден астам жарақат алғанын айтты. Басқа ақпарат көздері жапа шеккендер 400-ден асатынын хабарлап отыр.

Ел билігі бірнеше қалада комендант сағатын енгізген: кез келген жиынға, митингіге, наразылыққа, кездесуге және ереуілге тыйым салынған.

Непал ішкі істер министрі Рамеш Лехак наразылық тұсында отставкаға өтініш берді. Бұл туралы үкіметтегі дереккөзіне сілтеп The Katmandy Post басылымы хабарлады. БҰҰ Непал билігін кісі қазасын дереу тергеуге шақырды.

Чехия құзырлы органдары беларус тыңшыларын әшкерелегенін мәлімдеді

Беларусьтің Прагадағы елшілігі.
Беларусьтің Прагадағы елшілігі.

Чехия арнайы қызметтері Румыния және Венгрия құзырлы органдарымен бірлесіп Еуропада жұмыс істеген беларус тыңшылық желісін жойғанын мәлімдеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Чехияның Қауіпсіздік және ақпарат қызметі (BIS) хабарлады.

Прага Беларусь елшілігі қызметкерін нон грата тұлға деп жариялады. Чехия құзырлы органдарының айтуынша, ол азамат дипломатиялық қызметті бүркеме ретінде пайдаланған барлау офицері болған. Ал Румынияда Беларуське жұмыс істеді деген Молдова арнайы қызметінің бұрынғы лауазымды қызметкері ұсталды. Бұл туралы Азаттықтың Беларус қызметі хабарлады.

BIS-тің ақпаратына қарағанда, Еуропадағы тыңшылық желісін Беларусьтің мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құрған.

"BIS-ке және Чехия дипломатиясына тыңшылықпен айналысқан беларус агенттерін әшкерелегені үшін алғыс айтамын" деп жазды Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский X желісінде. "Елімізде агенттердің емін-еркін жүруіне жол бермейміз, Чехия Республикасын қорғаймыз".

Ұсталған дипломат Чехиядан 72 сағат ішінде кетуі керек. Әзірге оның аты-жөні айтылмай отыр.

Беларусьтің тыңшылық желісіне қатысы бар деген адамдардың бірі – Молдова барлау қызметі басшысының бұрынғы орынбасары. Азаттық радиосының Румын қызметі Румынияның Ұйымдасқан қылмыс пен терроризмді тергеу басқармасы 47 жастағы Молдова оцицерінің ұстағанын растады, бірақ әзірге оның да аты аталмады. Молдова офицері Беларусь үшін тыңшылық жасады деп айыпталып отыр. Ол қазір мемлекеттік құпия өзге біреуге беру арқылы сатқындық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы "Настоящее время" телеарнасы мен Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Тараған ақпаратқа қарағанда, күдікті кейінгі жылда Венгрия астанасы Будапешт қаласында Беларусьтің КГБ қызметкерлерімен екі рет кездескен.

Чехиядағы BIS қызметінің айтуынша, беларус агенттері дипломаттардың Еуропада емін-еркін жүру мүмкіндігін белсене пайдаланған. Чехия арнайы қызметінің басшысы Михал Коуделка осыны ілік етіп, Чехияның "Ресей мен Беларусьтің аккредиттелген дипломаттарына Шенген аймағында жүріп-тұруды шектеу туралы" ұсыныс айтқанын еске салды. Бұл ұсыныс қазір Еуроодақ деңгейінде талқыланып жатыр, бірақ әзірге ортақ шешім жоқ.

Беларусь билігі Чехия мен Румыния арнайы қызметтерінің бұл мәлімдемесі жайлы әзірге пікір білдірмеді.

Ресей азаптауға қарсы конвенциядан шықпақ. Путин Мемдумаға ұсыныс білдірді

Владимир Путин
Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік думаға Азаптаудың, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза тағайындаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенциядан шығу жөнінде жоба ұсынды.

Ресей конвенциядан шыққан соң өз түрмелеріне халықаралық инспекторларды кіргізуге міндетті болмайды. Сондай-ақ Азаптаудың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет ресейлік тұтқындардың шағымын қарастыруды доғарады.

Заң жобасына түсіндірме хатта 2023 жылдан бастап Ресейдің Еуропалық комитетте өкілі жоқ екені атап өтілген. Бұған Еуропа Кеңесінің Ресейден жаңа мүшені сайлау процесін бұғаттауы себеп болған. Ресей мұны алалау деп санайды.

Еуропалық конвенцияға Еуропа кеңесінің мүшелері қосылған. Ресей кеңесте 26 жыл болып, 2022 жылы одан шығып қалған.

Мәскеу азаптауға қарсы конвенцияға 1996 жылы қол қойып, ол екі жылдан кейін Ресейде күшіне енген.

Тағы

XS
SM
MD
LG