ЖАҢАЛЫҚТАР
Қызылордада даулы үйді сүру кейінге қалды

Қызылорда қаласының шетіндегі "мемлекет мұқтаждығына қажет" деп танылған Үмітгүл Әлмағамбетованың үйін сүру кейінге қалды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Қызылорда облыстық сот актілерін орындау департаментінің басшысы Ақәділ Махамбетовтің айтуынша, әкімдік қазір Әлмағамбетоваға уақытша баспана қарастырып жатыр. "Әкімдік уақытша бір үй тауып бергенше Әлмағамбетованың үйі сүрілмейді" деді ол.
Қала шетіндегі бұрынғы "Дачный" деп аталатын аймақта орналасқан зейнеткердің үйін сот "Батыс Еуропа - Батыс Қытай күрежолы салынатын аумақта орналасқандықтан ешқандай өтемақысыз мемлекетке қайтарылуы тиіс" деген шешім шығарған. Жергілікті билік орындары "баспана заңсыз салынғандықтан үйді ешқандай өтемақы төлемей сүру заңды" дейді.
Сот орындаушылар үйді бұзуға бұған дейін бірнеше рет келген. Бірақ оған үй иесі мен көрші-қолаңдар қарсылық танытып, үйді бұзу кейінге қалдырылып келген.
Әлмағамбетованың айтуынша, әкімдік бұған дейін өзіне жер беруге уәде берген. "Бірақ бізге жердің құжатын әлі берген жоқ" дейді ол.
Әлмағамбетованың адвокаты Мұхамедқали Мадияров сот шешімімен келіспейтіндерін айтады.
Басқа да жаңалықтар
Зеленский: 23 сәуірде Украина, АҚШ және Еуропа келіссөз өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуір күні Лондонда Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің қатысуымен бейбіт келіссөздер өтетінін растады.
"Сәрсенбі күні өкілдеріміз Лондонда жұмыс істейтін болады. Украина, Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары – біз соғысты сөзсіз тоқтатуға және кейіннен нақты әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға ары қарай да барынша сындарлы түрде жылжуға дайынбыз. Қолдау көрсетіп отырған барлық серіктестерге алғысымды білдіремін. Соғысты сөзсіз тоқтату – бейбітшілікке апарар алғашқы қадам болуы керек. Дәл осы Пасха кезеңі Ресейдің іс-әрекеттері соғыстың созылуына себепші екенін тағы бір мәрте көрсетті", – деп жазды Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен телефонмен сөйлескеннен кейін әлеуметтік желіде жариялаған постында.
Bloomberg агенттігінің деректеріне сүйенсек, Лондондағы келіссөзге АҚШ жағынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және президент Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог қатысады. Олар Франция, Германия, Ұлыбритания және Украинаның сыртқы істер министрлері мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездеседі.
Бұған дейін The Wall Street Journal газеті осы аптада АҚШ, Украина және Еуропа елдерінің қатысуымен келіссөздер өтетінін хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Вашингтон Киевке соғысты тоқтатуға қатысты жолдаған ұсыныстардың арасында АҚШ Қырымды Ресей аумағы деп танып, Украина НАТО-ға мүше болудан бас тартады деген шарттар бар.
Алайда басылым сөйлескен дереккөздер Вашингтонның кейбір ұсынысы Ресей қойып отырған шарттарға сәйкес келмейтінін айтқан. Мәселен, АҚШ Мәскеудің Украинадағы Запорожье, Херсон, Луганск және Донецк облыстары Ресейдің заңды бақылауында болуы тиіс деген талабына келіспейді. Сонымен бірге АҚШ ұсыныстарында Ресей күштері әлгі облыстардағы басып алған аумақтардан кетсін деген шарт қойып отырған жоқ. Америкалық жоспар Украина армиясының әскер санын қысқартуды көздемейді, Батыс елдерінің Киевке әскери көмегін тоқтатуды да қарастырмайды. Еуропа әскерін Украинаға орналастыру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
The Wall Street Journal дереккөздерінің сөзінше, АҚШ ұсыныстарының бірі – Запорожье атом электр станциясы (АЭС) орналасқан аумақты бейтарап аймақ деп жариялау, АҚШ ол аймақты бақылауына алуға да кетәрі емес. ЗАЭС 2022 жылдың наурызынан бері Ресей әскерінің қолында.
Сәрсенбі күні Лондонда өтетін келіссөзде дәл осы ұсыныстар талқыланбақ. Одан кейінгі қадам – АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресейге сапармен тағы да баруы мүмкін.
Рим папасы Франциск Санта-Мария-Маджоре базиликасына жерленеді

Кеше өмірден өткен Рим папасы Франциск Ватикандағы Әулие Петр соборында емес, Рим қаласындағы Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленетін болды. Дүйсенбі күні кешке Ватикан жариялаған марқұмның өсиеті осындай.
Өсиетінде Франциск (шын есімі Хорхе Марио Бергольо) өзінің жерлеу рәсімі қарапайым жағдайда, сән-салтанатсыз өткенін қалайтынын айтып кеткен. Қабіртаста латын тілінде өзіне папа болғаннан кейін берілген есімі — Franciscus деп қана жазылсын деген тілегін айтқан.
Санта-Мария-Маджоре — Эсквилин белесінде орналасқан католик шіркеуі, төрт папалық базиликаның бірі және Ұлы базилика (Papal Major Basilica) мәртебесіне ие. Қарлы Құдай Ананың құрметіне арналған киелі орын саналады және Римнің жұрт тәуап қылып баратын жеті базиликасының қатарына кіреді.
2013 жылдың 13 наурызынан бері Рим папасы болған Франциск (ол денсаулығына байланысты тақтан түскен XVI Бенедиктті алмастырған еді) дүйсенбі, 21 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.35-те 88 жасында қайтыс болды.
Понтифик өмірінің соңғы сәтіне дейін діндарлармен байланысын үзген жоқ. Биылғы Пасха мерекесінде, 20 сәуір күні ол Ватикандағы Әулие Петр соборының балконынан жиналған қауымды діни мейраммен құттықтап, батасын берген. Пасха мерекесіне арналған дәстүрлі жоралғыда Рим папасының атынан "Қалаға және әлемге" атты үндеуді биыл архиепископ Диего Равелли оқып берген еді. Пасха құлшылығына Франциск өзі қатыспаған.
Ақпанның ортасында Рим папасы Франциск бронхит диагнозымен ауруханаға түскен. Кейін денсаулығы нашарлап, пневмония болғаны анықталған. Дәрігерлер оны бірнеше рет жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
ҰҚК өз қызметкері Астанада өлі табылғанын растады

Дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері белгісіз жағдайда қаза болған. Бұл хабарды ҰҚК растады.
"Биыл 21 сәуірде Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінің ауласынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің мәйіті табылды. Полиция органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Болған оқиғаның мән-жайы нақтылануда", – деген қысқа хабар жариялады ҰҚК баспасөз қызметі.
ҰҚК қайтыс болған қызметкері кім болғаны, марқұмды кім, қай кезде тауып алғаны жөнінде ешқандай ақпарат берген жоқ.
Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі Астанада ҰҚК-нің сыртқы барлау (Сырбар) қызметінде жоғарғы лауазым атқарған 42 жастағы ер адамның қазасы тексеріліп жатыр, ол жоғарғы қабатында өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан дүйсенбі күні таңсәріде өлі табылған деп хабарлаған.
АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрінің сөмкесін мейрамханада ұры үптеп кеткен

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Вашингтондағы Capital Burger мейрамханасында ұрыдан зиян шеккен. Оқиға жексенбі, 20 сәуірде болған деп хабарлады CNN телеарнасы.
Болған жайтты дүйсенбі күні Ақ үйде Пасха мерекесіне арналған шара кезінде Ноэмнің өзі айтқан. Құқық қорғау органдары өкілдерінің сөзінше, Құпия қызмет бақылау видеокамерасындағы жазбаны қарап, медициналық бетперде таққан белгісіз ер адамның Ноэмнің сөмкесін алып, мейрамханадан шығып кеткенін анықтаған.
Қолды болған сөмкеде жүргізуші куәлігі, төлқұжат, қызмет куәлігі, пәтер кілті, дәрі-дәрмек, опа-далап, қағаз түбіршектер және 3 мыңға жуық доллар болған деп хабарлады телеарна.
Құпия қызмет бұл оқиғаны тексеруді бастаған.
Кристи Ноэм басқаратын ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл оқиға шенеунік отбасы мүшелерімен — балалары және немерелерімен бірге мейрамханада отырған кезде болған деп хабарлады. Сөмкедегі ақша мейрамханадағы кешкі асқа ақша төлеуге, мерекелік шараларға және Пасха мейрамына орай сый-сияпат алуға арналған еді деп түсіндірген.
Шымкентте әкім орынбасары оқ тиіп жараланды, полиция күдіктіні ұстады

21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреу оқ атқан. Жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған.
Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға дүйсенбі күні сағат 20.30 шамасында қала әкімі кеңсесінің қасында болған. Шенеунікті әлдебіреу аңшы мылтығынан атқан.
Шымкент полициясы қылмысқа күдікті адамды ұстағанын, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлады. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Жергілікті Otyrar порталының хабарлауынша, Берденовке кеуде тұсынан бірнеше бытыра оғы тиген, ішкі құрылысына зақым келіп, көп қан кеткен. Бірнеше сағатқа созылған отадан кейін дәрігерлер Берденовтің жағдайы тұрақты ауыр екенін айтқан.
Жергілікті басылымдар шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істеген деп хабарлады. Ресми органдар әзірге бұған қатысты ешқандай ақпарат берген жоқ.
40 жастағы Руслан Берденов биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін парламент мәжілісінің депутаты болған.
Қазақстан дипломаттары Украинадағы тұтқынға түскендердің координация штабымен кездесті

Қазақстанның Украинадағы уақытша сенімді өкілі Ермек Катренов пен консул Бауыржан Бегалимов Киевте тұтқынға түскендердің координация штабымен кездесді. Бұл туралы "Хочу жить" жобасы хабарлады.
Жобаның ақпараты бойынша, кездесу Қазақстан тарабының бастамасымен болған. Қазақстан сырты істер министрлігі мен Украинадағы елшілік бұл келіссөз туралы әзірге хабарламады.
"Хочу жить" жобасының жазуынша, қазақстандық дипломаттар Украина тарабына "Астана жалдамалылардың тергеу ісін қадағалап, өз азаматтарымен тиісті ақпараттық жұмыс жүргізетінін айтқан". Бұған қоса, Қазақстан тарабы елшілік Украинаның координация штабымен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.
"Хочу жить" сәуірде Ресей тарапында Украинамен соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған. Тізімде 661 адамның аты-жөні болған. 2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, олардың 78-і қаза тапқандардың қатарына енген.
Осыдан соң украиналық блогер Владимир Золкин YouTube желісіне Украина тұтқынына түскен үш қазақтың видеосын жариялаған. Екеуі Қазақстан азаматы екенін, біреу Ресейде тұратын қазақ екенін айтады. Қазақстандықтар Украинаның шығысында тұтқынға түскенін жеткізеді.
Осыдан соң Қазақстан ішкі істер министрлігі қазақстандықтар басқа елдегі соғысқа қатысса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады. Қазақстан журналистері бұған дейін Ресей әскері қатарында соғысқа қатысқан ондаған оқиға туралы жазған. Біразы "Вагнер" жеке әскерінің қатарына қосылған.
Украиналық "Хочу жить" – Ресей әскерінің сапында соғысып жүрген ресейліктер мен шетелдіктердің қауіпсіз жолмен тұтқынға түсуге көмектесетін жоба.
Рим папасы Франциск қайтыс болды

Рим папасы Франциск 88 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Ватиканға сілтеп, Reuters агенттігі хабарлады.
Ватикан "Рим папасы Франциск 21 сәуірде өзінің резиденциясында көз жұмды" деді. Франциск (шын есімі Хорхе Марио Бергольо) Рим папасы болып, 2013 жылы наурызда сайланған. Ол денсаулығына байланысты тақтан түскен XVI Бенедиктті алмастырған еді.
Ақпанның ортасында Рим папасы Франциск бронхит диагнозымен ауруханаға түскен еді. Кейін денсаулығы нашарлап, пневмония анықталған. Оны бірнеше рет жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
Кеше, 20 сәуірде Пасха мерекесінде понтифик Ватикандағы Қасиетті Петр алаңына жиналғандардың алдына шыққан.
АҚШ Еуропа мен Киевке соғысты аяқтау жоспарын ұсынған - WSJ

АҚШ Украинаның Запорожье АЭС-інің аумағын өзінің бақылауына алуды ұсынған. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп америкалық The Wall Street Journal басылымы жазды.
Ресей Запорожье АЭС-ін 2022 жылы наурызда басып алған еді.
Вашингтонның соғысты аяқтау жоспарында "АҚШ-тың Қырымды мойындау мүмкіндігі мен Украинаның НАТО-ға мүшелігін талқылаудан бас тарту" ұсынылған. АҚШ бұл құжатты 17 сәуірде Парижде Еуропа мен Украина тарабына берген.
Басылым дереккөзінің сөзінше, жоспардың кейбір тұсы Ресейдің талаптарына сай келмейді. Мәселен, АҚШ Украинаның төрт облысын – Запорожье, Херсон, Луганск, Донецк облыстарын Ресейдің жері деп мойындамайды. Бірақ құжатта "Ресей бұл аймақтардан әскерін шығаруы тиіс" деген талап жоқ.
Бұған қоса, құжатта Украина әскерін азайту керек деген ұсыныс жоқ және Украина аумағына еуропалық әскерилерді орналастыру ықтималдығы айтылған.
"Вашингтон алдағы күндері Лондонда өтетін АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерімен жиында жауап алуды көздейді. Егер тараптардың ұстанымы сай келсе, құжатты Мәскеуге бермек" деп жазды The Wall Street Journal.
Басылым дереккөзі Лондондағы жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың Таяу Шығыс бойынша өкілі Стив Уиткофф, Украина мен Ресей бойынша өкілі Кит Келлог қатысады дейді. Осыдан соң Уиткофф тағы да Мәскеуге баруы мүмкін. Ол бұған дейін екі рет Ресейге барған еді.
Ал Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Украина мен Ресей "осы аптада келісімге келеді деп үміттенетінін" жазды.
БАҚ: Трампты баж енгізуді тоқтата тұруға қаржы мен сауда министрлері көндірген

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа сауда тарифтерін енгізуді тоқтата тұру туралы шешімін елдің қаржы министрлігі мен сауда министрлігінің басшыларымен кеңескеннен кейін қабылдаған. The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сүйеніп осылай деп хабарлады.
Басылым сөйлескен адамдардың айтуынша, АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент пен сауда министрлігінің басшысы Ховард Лютник президентке тариф саясатын жұмсартуға кеңес берген. Ал Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро, керісінше, қатаңдатуды дұрыс санайды. Алайда, дереккөздердің мәліметінше, Наварро президент пен аталған екі министр арасындағы бұл әңгімеден хабарсыз болған.
Министрлермен әңгімелескеннен кейін Дональд Трамп Truth Social желісінде бірқатар тарифтерді енгізуді тоқтата тұратынын ресми түрде мәлімдеп пост жариялаған.
The Wall Street Journal жаңа баж тарифтері туралы 2 сәуірде жарияланған хабарлама қор нарығындағы құлдырауға себеп болғанын және Ақ үйде алаңдаушылық туғызғанын атап жазды.
Бессент пен Лютниктің өкілдері өз командалары америкалық жұмысшыларды қолдауға бағытталған Трамп бағдарламасын жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оған қоса, олар президентпен баж мәселесі туралы әңгіме болғаны жөніндегі ақпаратты шындыққа жанаспайды деп жоққа шығарды. Питер Наварро аты-жөні аталмаған дереккөздерді Трамп командасының ішіне іріткі салмақ болды деп айыптады.
Басылым Бессент пен Лютниктің одағы Трамптың тұсында Ақ үйдегі жағдай қаншалықты тез өзгеріп жатқанын көрсетеді деп жазды. Екеуі де сайлау мен инаугурация аралығындағы өтпелі кезеңде қаржы министрі лауазымына үміткер болған. Ақырында ол қызмет Бессентке бұйырған, үкімет тиімділігі департаментінің басшысы Илон Маск оған қарсы болған еді. Трамп Лютникті сауда министрі қызметіне тағайындаған.
- 2 сәуірде Трамп АҚШ-тың басты сауда серіктестерінің басым көпшілігіне 5 сәуірден бастап жаңа тарифтер енгізілетінін жариялады. Мысалы, Еуроодақ елдерінен келетін импортқа тариф 20%, Ұлыбританияға – 10%, ал кейбір елдерге 40% және одан да көп шамада енгізілетін болды.
- 9 сәуірде президент 75-тен астам елге қатысты тарифтерді енгізуді 90 күн кейінге жылжытып, Қытайға салынатын баж салығын 145%-ға дейін ұлғайтты. Ал Қытай бұған қарымта ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға 125% көлемінде жаңа импорт тарифтерін енгізетінін мәлімдеді. Еуроодақ америкалық өнімдерге 25% тариф енгізуді 90 күнге кейінге қалдырды.
- АҚШ әкімшілігі алдағы 90 күн ішінде 90 сауда келісімін жасасуға ниетті. Бұл – 75-тен астам елге қатысты тарифтердің кейінге қалдырылуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Тоқаев Қазақстанның бірқатар елдердегі елшілерін тағайындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылып, оның орнына Алмас Сейтақынов тағайындалды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сол сияқты, президент жарлығымен Сергей Александрович Викторов Қазақстанның Шри-Ланка еліндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған.
Ал Қазақстанның Швециядағы төтенше және өкілетті елшісі Олжас Мұхамедғалымұлы Сүлейменов Қазақстанның Даниядағы елшісі қызметін қоса атқаратын болды.
Өткен аптада президент Тоқаев Дархан Кәлетаевты Қазақстанның Украинадағы елшісі қызметінен босатып, оның орнына Төлежан Барлыбаевты тағайындаған. Кәлетаев 2020 жылғы 22 ақпанда Украинадағы елші болып бекітілген еді.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға сапармен келмек

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони осы аптаның аяғында Қазақстанға сапармен келмекші. Мұндай ақпаратты дүйсенбі, 21 сәуір күні Қазақстан президентінің баспасөз қызметі таратты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 сәуір күндері Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға ресми сапармен келеді. Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын талқылайды", - деп хабарлады Ақорда telegram-каналында.
Осы сапар кезінде, 27 сәуір күні Астанада "Орталық Азия – Италия" форматындағы тұңғыш саммит өтпекші.
Джорджа Мелони – Италия тарихында үкімет жетекшісі лауазымына сайланған бірінші әйел. 2022 жылдың қазан айында осы қызметке сайланғалы бері ол Қазақстанға алғаш рет келгелі отыр.
Президент Тоқаев былтыр қаңтарда Италияға ресми сапармен барып, сол елдің үкімет басшысы Мелонимен кездескен.
Италия Қазақстанның Еуроодақтағы ірі сауда әріптесі және Қазақстан экономикасының басты инвесторларының бірі саналады. Қазақстан нарығында шамамен 300 италиялық компания жұмыс істейді. Арасында Eni мұнай-газ компаниясы да бар.
Израиль армиясы Газа секторындағы құтқарушылар қазасына кінәсі барын мойындады

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторындағы палестиналық парамедиктер мен құтқарушылардың ажалына себеп болған қателігін қайғылы оқиғадан кейін бір айға жуық уақыт өткенде ресми түрде мойындады. ЦАХАЛ жексенбі, 20 сәуір күні жариялаған тергеу қорытындысында биыл 23 наурызда Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласында медициналық жедел жәрдем және палестиналық құтқарушылар мінген автокөліктер "жедел іс-қимыл кезіндегі түсініспеушілік" кесірінен оқ астында қалғаны айтылған. Израиль әскері "жау күштері тарапынан елеулі қауіп төніп тұр" деп қателескенін мойындаған.
Тексеру барысында бұған қоса "бірнеше кәсіби қателік жіберу, бұйрықтарды бұзу және болған оқиға жайлы жартыкеш есеп беру" фактілері анықталды деп мәлімдеді ЦАХАЛ. Тексеру қорытындысы бойынша, болған жағдайға байланысты тәртіптік жазалау шараларын қолдану жөнінде ұсыныс жасалған. Атап айтқанда, оқиға кезінде операцияға жетекшілік еткен барлау батальоны командирінің орынбасары қызметінен босатылады. Оның берген есебі "жартыкеш әрі нақты емес" деп танылған. Ал оның тікелей бастығы – бригада командиріне қатаң сөгіс берілетін болды.
"Израиль қорғаныс армиясы әскери іс-әрекеттерге қатысы жоқ бейбіт адамдар зардап шеккеніне өкінеді", – деп жазылған ресми мәлімдемеде. Сонымен қатар, қаза тапқан 15 адамның алтауы ХАМАС радикалды қозғалысының (оны АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) мүшелері болғаны анықталды деді ЦАХАЛ. Израиль олар құтқарушы немесе парамедик болмаған дейді.
23 наурызда Газа секторында құтқарушылар қаза тапқанына байланысты халықаралық ұйымдар пен көптеген елдер наразылық білдіріп, айыптағаннан кейін Израиль құтқарушылар мінген көліктерде ешқандай арнайы белгі болған жоқ және олар жарық қоспай жүрген деп мәлімдеген болатын. Бірақ көп ұзамай палестиналық Қызыл Жарты Ай ұйымы (PRCS) қаза тапқан медицина қызметкерлерінің бірінің ұялы телефонын тауып алғанын хабарлады. Онда жазылған видеода құтқарушылар мінген арнайы белгісі бар көліктер жарығын қосып кетіп бара жатқаны анық көрінеді. Осыдан кейін Израиль оқиғаны ресми тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеу материалдарында Израиль әскері бұл оқиғаны жасыруға тырыспаған деп атап көрсетілген.
Жамбыл облысында кәмелетке толмаған үш қыз газдан уланып, мерт болды

Жамбыл облысы Меркі ауданы Сарымолдаева ауылында 19 сәуірде кәмелетке толмаған үш қыз газдан уланып, мерт болды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.
Департаменттің айтуынша, 3,5 және 7 жастағы қыздар үйде жалғыз болған. Сенбі күні таңертең анасы оларды сырттан жауып, кетіп қалған. Үйіне келгенде газдың иісін сезген. Есінен танып қалған қыздарды анасы ауруханаға апарғанмен кеш болған. Олар естерін жимай, реанимацияда көз жұмған.
Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды. Балалардың жақындарымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанда газдан уланумен байланысты қайғылы оқиғалар жиі шығып жатыр. Наурыз айында ғана Маңғыстау облысында бір үйде жеті адам газдан уланып қаза болған.
Павлодар облысында жол апатынан үш ересек және бір бала қаза болды

Павлодар облысында жол апатынан төрт адам қаза болды, бірі - бала деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жексенбі күні.
"19 сәуірде Баянауыл ауданы Бірлік ауылының маңында "Қалқаман-Керней" автожолының 250–шақырымында Pontiac және Lada Granta автомобильдері соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көліктердің бірінің қарсы бетке өтуі себеп болған" деп жазылған полиция хабарламасында.
Апаттың салдарынан екі көліктің жүргізушілері мен екі жолаушы оқиға орнында қаза болған, бірі - бала. Тағы бір бала ауруханаға жеткізілген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды.
Бір күн бұрын Ақмола облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, оннан астам бала зардап шеккен. Полицияның хабарлауынша, павлодарлық оқушылар футбол командасы мен оның жаттықтырушысы мінген микроавтобус Астанадағы жарысқа бара жатқан кезде тас жолда аударылған. Жаттықтырушы оқиға орнында қаза болды. Аурухананың реанимация бөліміне бір бала бас сүйегі жарақатымен жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған. Қалған балаларды ата-аналары алып кеткен.
Қазақстанда шенеуніктер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі шараларды атқарып жатқанын мәлімдегенмен ірі жол апататтары жиі болып жатыр. "Қазавтожол" ұлттық компаниясының өкілдері былтыр жыл соңында жол апаттары ұзақ жөндеу көрмеген тас жолдарда жиі болатынын мәлімдеген. Компания Қазақстанның қалааралық жолдарындағы апаттарды сараптағаннан кейін осындай қорытындыға келгенін айтқан.
Bloomberg: АҚШ бейбітшілікке қол жеткізу үшін Қырымды Ресей жері деп мойындау мәселесін қарастырып жатыр

АҚШ бейбітшілікке қол жеткізу үшін Қырымды Ресей жері деп мойындау мәселесін қарастырып жатыр. Бірақ түпкілікті шешім қабылданбады деп жазды дереккөздерге сүйенген Bloomberg.
Басылым АҚШ әкімшілігінің риторикасына назар аударады: жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп та, мемлекеттік хатшы Марко Рубио да келіссөз жедел жүрмесе, бейбітшілік келіссөзіне араласудан бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Bloomberg Қырым аннексиясын тану халықаралық құқық пен өзгенің жерін күшпен тартып алуға тыйым салатын халықаралық келісімдерге қайшы екенін атап өтеді.
The Bell-дің жазуынша, Ресей басып алған жерлерді мойындау мәселесі бұған дейін түрлі келіссөздерде талқыланған.
"Мәселе Қырымның Ресейге қосылуын ресми мойындау жөнінде болып отыр ма, әлде, Украина оны әскери жолмен қайтаруға тырыспайды деген мәселе жөнінде болып отыр ма? Мұндай тармақ, атап айтқанда, 2022 жылы көктемде Стамбұлда қабылданбаған келісім жобасында қамтылған еді. Онда Украинаның "15 жыл бойы Қырымды қайтару үшін қарулы күштерді пайдаланбау" туралы ұсыныс жазылған" деп жазды басылым.
АҚШ бейбітшілік келіссөзінен шығу ықтималдығы айтыла бастаған шақта 19 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин 30-сағатқа атысты тоқтататынын мәлімдеген. Ресей Украина жағы мұны қабылдайды деп үміттенеміз деп айтқан. Ал Украина президенті Владимир Зеленский 30-сағатқа атысты тоқтатуға келіскенмен Ресей әскері қазірдің өзінде шарттарды бұзды деп мәлімдеді.
"Алдыңғы шептің түрлі бағытында [Ресей әскері] 59 рет атқылап, ресейлік бөлімдер бес рет штурм жасауға тырысты" деді 19 сәуір сағат 6-дағы жағдай бойынша Украинаның бас қолбасшысы Александр Сырскийдің есебіне сүйенген Зеленский. Ол Донецк, Луганск, Запорожье облыстарында шайқастар болғанын, Ресейжің Курск облысында да артиллериялық соққылар мен дрондар қолданылғанын айтты. Ол атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс 20 сәуірден кейін де күшінде қалатынын жеткізді.
Ресей жағы әзірге атысты тоқтату режимі бұзылғанын мәлімдеген жоқ.
Еуропа комиссиясының сыртқы істер және қауіпсіздігі жөніндегі ресми өкілі Анита Хиппер "Ресейді басқыншы ретінде білеміз, сондықтан басқыншылықтың шын тоқтағанына және атысты тұрақты түрде тоқтату бойынша нақты әрекеттер болғандығына көзіміз жетуі керек" деді.
ПІКІРЛЕР