Соңғы кезектен тыс сайлауға дейін президент Назарбаев сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге уәде беріп келген болса, сайлаудың өтуі мұң екен, ол енді сот жүйесінің тиімділігін көтеруге күш салатынын айта бастады. Тәуелсіз сот пен тиімді сот билігі арасында орасан зор айырмашылық бар, дейді Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысқан сарапшылардың бірі. Тағы бір сарапшы Назарбаев отырған Ақордаға соттың тәуелсіз болуы тиімсіз деп санайды. Керісінше - соттың жемқор, парақор, тәуелді әрі көнбіс болуы -Назарбаевтың билігіне өте тиімді. Сондықтан Назарбаев қанша айтса да, сот билігін тәуелсіз етуге бармайды дейді сарапшылар. Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізген кезекті дөңгелек үстелі осындай өзекті тақырыпқа арналды. Оның толық аудио-үлгісі мен жазбаша мәтінін Азаттықтың Интернет сайтынан тыңдап, оқуға болады.