Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы қарарымен мақұлданған азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіні қабылдап бекітті. Қазақстан, бас-аяғы 18 халықаралық келісім мен құжатқа қосылған. Қазақстан Конституциясының 4 бабына сәйкес, Халықаралық келісімдер Қазақстанның ұлттық заңдарынан жоғары тұрады және тікелей қолданылады. Алайда, аталған беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуінің қарсаңында, не төрағалық еткен 2010 жылы, не одан кейін Халықаралық пактінің әсіресе азаматтардың азаматтық және саяси құқықтары қарастырылатын бірде-бір бабы Қазақстанда орындалмай келеді, тіпті көбіне халықаралық құжаттың номалары өрескел бұзылады. Азаттық радиосы заңгер мамандар мен сарапшылардың қатысуымен өткізген кезекті дөңгелек үстелінде Қазақстанның өзі қол қойған және өзі қабылдап бекіткен халықаралық міндеттемелері мен келісімдерін орындамауының себеп-салдарын талқылады. Дөңгелек үстелдің толық мәтінін Азаттық радиосының Интернет-сайтынан оқып тыңдауға болады.