Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлынаның туғанына- 165 жыл. Абай мұралары мен абайтану пәні мектеп, жоғарғы оқу орындарында қандай дәрежеде қамтылып отыр және абайтанушылар мен абайтану институттары осыған қаншалықты үлес қосуда? Абай мұрасы жайлы ұзақ жылдар бойы жазылған, жарияланған, зерттеу жүргізілген әр түрлі сипаттағы деректер көзі төрт мыңға тақап қалды. Абай мұралары тереңірек зерттеле бастағаннан бастап ЖОО-да абайтанудың арнайы курсы мен семинар сабақтар өткізіліп және диплом жұмыстары жазыла бастады. Алайда кейбір абайтанушылар ЖОО-да абайтану пәні кеңестік заманда дайындалған оқулықтармен оқытылып келе жатқанын айтады. Олар жаңа зерттеулер бойынша дайындалған оқулықтар негізінде абайтану пәні оқытылуы қажет деп санайды. Абайды еске алған жұрт оның ескерткішінің алдында ақын шығармаларын оқып, гүл шоғын қойып жатыр. Абайдың ескерткіштері Қазақстанның барлық ірі қалаларында бар. Алайда, Азаттық радиосына сұхбат берген сарапшылар мүсіндердің көбі бір-біріне ұқсайды және Абайдың образын ашпайды деген пікірде. Жас ақын Жанар Әбсадық Абайдың мүсіндерінен дана ойшылды емес, халық батырларының кейпін көретіндігін жеткізеді. Суретші Ерболат Төлепбайдың айтуынша ескерткіштің жақсы шығуы мүсіншінің кәсіби деңгейі мен мүсін жасауға рұқсат беретін басшылыққа байланысты.