Референдумнен кейін
Симферопольдегі Ленин алаңына жиналғандар 16 наурызда өткен референдум нәтижесін тойлап жатыр. Қырым билігі таратқан ақпаратқа сәйкес, дауыс беруге қатысқандардың 93 пайыздан астамы Қырымның Ресейге қосылуын жақтаған. Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов таяу арада Мәскеуге Ресейге қосылудың жай-жапсарын талқылайтын делегация жіберілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі аптадан бастап Қырымда Украинаның ұлттық валютасы гривнамен қоса Ресей рублі де ресми түрде қолданысқа енгізілмек. АҚШ пен Еуропа Одағы Қырымда өткен референдумды Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді деп, оны мойындамай отыр. АҚШ Ресей әскерилерінің «қысымы мен қорқытуы арқасында өткен» дауыс беру нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Ресейден басқа ешбір мемлекет Қырымдағы референдумды заңды деп таныған жоқ.