ЖАҢАЛЫҚТАР
Кей аймақтарда доллар құны 200 теңгеден асқан

Азаттықтың Астанадағы тілшісінің хабарлауынша, қазір ақша айырбастау пунктерінде доллар тек сатып алынып жатыр, сату тоқтатылған. Жеке меншік айырбастау пунктінде долларды 180 теңгеден сатып алып, 205 теңгеден сатып алып жатыр.
Алматыдағы пунктерде доллар курсы 186,6 теңгеден 190 теңгеге дейін құбылып тұр. Бірақ көпшілігі доллар мен еуро сатпайды.
Азаттықтың Талдықорғандағы тілшісі кейбір ақша айырбастау пунктерінде доллар 220 теңгеден сатылып жатқанын айтады.
Ақтөбедегі екінші деңгейлі банктердің бірінде доллар 189 теңгеден сатылып жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бірнеше ірі банктердің филиалдарында валюта сату тоқтатылған. Кейбір жекеменшік айырбас пунктерінде доллар 170 теңгеден сатылып жатыр.
Бүгін Ұлттық банк теңгенің бұрынғы бағамын бұрынғы деңгейінде ұстап тұрудан бас тартып, доллар айырбасының жаңа бағамын 185 теңге деп белгілеген еді.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі бүгін таратқан хабарламасында "ақша айырбастау пунктерін банктер мен Орталық банк шетел валютасымен жеткілікті түрде қамтамасыз ететіні" айтылған. Бірақ көптеген айырбас пунктері қолма-қол доллар мен еуро жоғын айтып, шетел валютасымен операция жасауды тоқтатқан.
Басқа да жаңалықтар
АҚШ соты USAGM-ді Азаттықтың маусымдағы ақшасын төлеуге міндеттеді

АҚШ-тағы Колумбия округі сотының судьясы Ройс Ламберт Азат Еуропа / Азаттық радиосы (RFE/RL) медиакорпорациясының Ғаламдық медиа жөніндегі агенттікке (USAGM) қарсы шағымы аясында берген уақытша тыйым салу жөніндегі өтінішін (TRO) қанағаттандырды.
Қаулыда сот USAGM-нен АҚШ конгресі маусым айына деп бөлген бюджет ақшасын дереу төлеуді талап етті және агенттік Азаттық радиосымен келіссөзге баруға асықпай, "оған бөлінген қаржыны соттың араласуынсыз төлеуге де құлықсыз" болып отырғанын ескертті.
Бұл шешім Азаттық радиосы алғашқы радиохабарын жариялағанының 75 жылдығы қарсаңында шығып отыр. 1950 жылғы 4 шілдеде Азаттық "темір перденің" ар жағы – Чехословакияда алғаш рет сынақ трансляциясын жасаған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Стивен Капус бұл жөнінде: "Бұл шешім – USAGM-ді біздің жұмысымызды жалғастыруға қажет қаржыны бөлуге міндеттеудегі маңызды құқықтық жеңіс. 75 жылдық ғұмырында Азат Еуропа / Азаттық радиосының қажеттігі көп рет дәлелденді, олардың соңғысы – Таяу Шығыстағы дағдарыс. Бұл жолы миллиондаған ирандық біздің Тегеранның мемлекеттік пропагандасына бағынбайтын уақтылы әрі тексерілген репортаждарымызды көрді. Біз қазір де өзімізге АҚШ конгресі жүктеген міндеттерді орындау мақсатында USAGM басшылығымыен әдеттегідей тікелей және конструктив диалогқа әзірміз".
Азат Еуропа / Азаттық радиосы қазіргі қаржы жылының екінші жартысы – сәуір-қыркүйек аралығындағы қаржысын беруді талап етіп биыл наурызда USAGM-ді сотқа берген.
Мұның алдында 14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп USAGM агенттігінің және оған қарасты ақпарат құралдарының жұмысын "заңда көзделген шеңберге дейін" қысқарту туралы жарлық шығарған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы – әлемнің 23 еліндегі көрермен мен оқырман саны 50 милллионнан асатын тәуелсіз халықаралық медиакорпорация. Ол бұрынғы Совет одағының барлық дерлік еліне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға және Шығыс Еуропа елдеріне хабар таратады.
Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) – АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме.
Қаржы жағдайы нашарлағанына қарамастан Азаттық радиосы жұмысын тоқтатқан жоқ, дегенмен медиакорпорация ақша үнемдеп, қызметкерлерінің бір бөлігін аз ақша төленетін демалысқа жіберіп, штаттан тыс қызметкерлерімен келісімдерін тоқтатып, контент көлемін едәуір азайтуға мәжбүр болды.
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі әрі Қырғызстандағы экс-елші Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және Қазақстанның Қырғызстандағы бұрынғы елшісі Кәрім Көкірекбаевқа айыптау үкімін жариялады. Оның орынбасары болып істеген Әділет Ақатаев пен кәсіпкер Андрей Поплавский де заң алдында жауапқа тартылды.
Сот тыңдауына қатысқан алқа билер үшеуі де айыпты деген ұйғарым шығарды.
- Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бостандығынан айырылды;
- оның орынбасары болған Әділет Ақатаев пен мердігер кәсіпкер Андрей Поплавский (жоспарланған жұмыстарды орындамағаны үшін) әрқайсысы 11 жыл түрме жазасын алды;
- сот үшеуін де мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Көкірекбаев пен Ақатаевқа 800 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деген айып тағылды. Ал Bazis Construction Infr компаниясының бас директоры пара бергені үшін жауапқа тартылды.
2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Кәрім Көкірекбаевтың ұсталғанын хабарлаған. Ол кезде Көкірекбаев "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің басшысы болатын.
2023 жылы мамыр айында Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі қылмыстық іс бойынша күдіктілер кәсіпкерлерді "қанатының астына алып, "Қорғас өзені арнасын қалыптастыру және қорғаныс құрылымдары", "Ақсай өзені жағалауын бекіту және бөгеттер салу" нысандары бойынша жұмыстар атқарылғаны жайлы актілерге қол қою үшін ірі және аса ірі көлемде пара алған деген айыптар тағылғанын жария етті.
2024 жылдың маусым айында алқа билердің қатысуымен өткен сот Кәрім Көкірекбаевты қылмыстық істегі барлық айыптаулар бойынша ақтаған. Ал оның орынбасары мен Bazis Construction Infr компаниясы филиалының директоры пара алған және берген деген айыптармен ұзақ мерзімге сотталды.
Алайда сол жылдың шілде айында бұл үкім жойылды. Оған алқа билерге сұрақтар қойылғанда заң талаптары бұзылған, айғақ-дәлелдердің жарамдылығы дұрыс бағаланбаған және үкімнің сипаттамалық бөлігі резолюциялық бөлігіне сай емес деген себептер айтылған.
67 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2019-2022 жылдар аралығында "Қазселденқорғау" мекемесінің төрағасы болған. Оған дейін Қазақстанның Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі, 2013 жылғы желтоқсаннан 2018 жылғы қаңтарға дейін Жамбыл облысының әкімі қызметтерін атқарған.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі сел, қар және топырақ көшкіні сияқты табиғи апаттардың алдын алу, олардың салдарын жою, бақылау және ескерту қызметтерін қамтамасыз ету жұмыстарын атқарумен айналысады.
Нөкіс оқиғасына үш жыл толды: халықаралық ұйымдар Ташкентке тағы үндеу тастады

Қарақалпақстан астанасы Нөкісте қантөгіске ұласқан жаппай наразылықтардан бері үш жыл өтті. Осыған орай бірқатар халықаралық ұйымдар Өзбекстан билігін зорлық-зомбылыққа жауапты адамдарды жауапқа тартуға және қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қатысты әділдікті қамтамасыз етуге шақырып, тағы да үндеу жасады.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман Нөкістегі қайғылы оқиғалардан бері үш жыл өтсе де, жауапкершілік мәселесі әлі шешілмегенін айтты.
"Өзбекстан үкіметі 2022 жылдың шілде айында Қарақалпақстанда болған оқиғаларды жасырып, ұмыт қалдырғысы келеді. Алайда наразылық білдірген халыққа шамадан тыс күш қолдану және адамдардың қаза табуы сияқты заң бұзу оқиғалары үшін жауапқа тарту талабы үш жыл бұрынғыдай қазір де өзекті болып қала бермек. Оқиғалардан кейін АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары сында халықаралық серіктестер ресми Ташкентті тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды. Сондықтан олардың бұл талапты қайта жаңғыртып, Қарақалпақстандағы құқық бұзушылықтарға кінәлілерді жауапқа тартуға және Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуға үндеуі өте маңызды болмақ", – деді Риттман.
2025 жылғы 1 шілдеде CIVICUS Monitor платформасында жарияланған есепте, Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік ұйымы (IPHR) мен Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығы (AHRCA) қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тағдырына қатты алаңдайтынын білдірді.
Есепте Тәжімұратов түрмеде азаптаудан, қорқытып-үркіту мен қорлаудан көз ашпай отырғаны айтылған.
"16 жылға бостандығынан айырылған адвокат, журналист әрі құқық қорғаушы Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы қатты алаңдатады. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, түрме қызметкерлері мен басқа сотталғандар оны үнемі ұрып-соғып, қорлап, басқадай да азаптап, күн бермейді. 2025 жылы наурызда адвокаты Тәжімұратовтың денсаулығы мен түрмедегі жағдайына байланысты мәлімдеме жасады. Ал 2025 жылы мамырда оны қайтадан азаптап жатқаны туралы жаңа хабарлар тарады. Халықаралық сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл іске байланысты бірнеше рет алаңдаушылық білдірді", – деп мәлімдеді AHRCA басшысы Надежда Атаева
2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Сол жылы шілде айының 1-2 күндері Қарақалпақстанда мыңдаған адам көшеге шығып, Ташкенттің Конституцияны қайта жазу және Қарақалпақстанды референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыру жоспарына қарсылық білдірді.
Өзбекстан күштік құрылымдары наразыларды тарату үшін қару қолданып, кей деректер бойынша, 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Қантөгістен кейін Ташкент даулы өзгертулерді Конституцияға енгізу жоспарынан бас тартты, есесіне қарақалпақ белсенділерді Отанында да, шетелде де қудалауды күшейтті.
Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметинде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов – Қарақалпақстандағы наразылықтың жетекшілерінің бірі ретінде танылған. 2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты оны "конституциялық құрылымды құлатуға ұмтылған", "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған", "билікті басып алу үшін астыртын сөз байласқан" деген айыптар бойынша 16 жылға бостандығынан айырған. Оның түрмеде азапталғаны туралы арыз-шағымдары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Тәжімұратовты қамаудан дереу босату туралы талаптары билік елеусіз қалдырды.
CPJ Садыр Жапаровты БАҚ туралы "қауіпті" заңға вето қоюға үндеді

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) халықаралық ұйымы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты ел парламенті қабылдаған БАҚ туралы жаңа заңға вето қоюға үндеді. Бұл заң барлық басылымдарды мемлекеттік органда тіркелуге міндеттейді және шетелдік заңды тұлғаларға Қырғызстанда ақпарат құралын құруға немесе оған иелік етуге іс жүзінде тыйым салады.
Қырғыз парламенті бұл заңды 25 маусым күні қабылдаған. Депутаттар журналистердің қатысуымен екі жыл бойы дайындалған заң жобасының мәмілелі нұсқасын қабылдамай тастады. Жаңа заң уәкілетті мемлекеттік органға қай БАҚ жұмыс істей алатынын өз бетінше шешуге құқық береді.
"Қырғызстанда БАҚ-қа бұрын-соңды болмаған қысым жасалып жатқан жағдайда заңның соңғы нұсқасына репрессивті нормалардың аяқ астынан қайта енгізілуі үлкен алаңдаушылық туғызады әрі бұл өте қауіпті, – деп мәлімдеді CPJ ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Гүлноза Саид. – Біз президент Жапаровты баспасөз еркіндігіне адал екені жайлы айтқан сөзінде тұруға және бұл заңға вето қойып, оны журналистік қауымдастықтың ұстанымдарына сай қайта қарау үшін парламентке қайтаруға шақырамыз".
Биыл сәуір айында жаң жобасының келісілген нұсқасы бірінші оқылымда қабылданған еді. Алайда маусым айының ортасында депутаттар даулы баптарды қайта енгізіп, заң жобасын жеделдетілген тәртіппен – 25 маусым күні бірден екінші және үшінші оқылымда қарап, қабылдап жіберді.
Заң жобасының қоғаммен келісілген нұсқасын дайындауға қатысқан бірнеше журналист пен медиасарапшы билікті мәмілелі нұсқаға қайта оралуға шақырып, үндеу жасады.
Егер қазіргі нұсқа бекітілсе, "қандай да бір сыни пікір немесе балама көзқарас білдіргендердің бәрі тіркеуден өте алмайды және оны жариялау мүмкіндігінен айырылады", – деп мәлімдеді қырғызстандық Media Action Platform атты бастаманың өкілі Семетей Аманбеков Азаттық радиосын берген сұхбатында. Оның пікірінше, бұл заң Қырғызстанда іс жүзінде журналистиканың жойылуына алып келмек.
Президент Садыр Жапаров осыған ұқсас заң жобасын 2024 жылы наурызда журналистер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қатаң сынынан кейін кері қайтарған.
Бұрын Орталық Азиядағы баспасөз еркіндігінің үлгісі саналған елде БАҚ туралы жаңа заң Қырғызстанда тәуелсіз журналистикаға қысым күшейіп жатқан шақта қабылданып отыр.
Өткен аптада Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қырғызстан президентін БАҚ еркіндігі мен азаптауларды тәуелсіз қадағалауға қауіп төндіретін заңдарға вето қоюға үндеген.
Ресей Одесса мен Полтаваға дронмен шабуылдады. Қаза тапқандар бар

3 шілдеге қараған түні Украинаның Полтава қаласына Ресей жасаған дрон шабуылы салдарынан әскерге шақыру және мобилизациямен айналысатын аумақтық орталық орналасқан ғимарат жартылай қирады.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, дрон түскеннен кейін ғимаратта өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.
Полтаваның шабуылға ұшыраған тағы бір аудынында бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Олардың нақты саны анықталып жатыр. Шабуыл салдарынан тұрғын үй бүлінген.
Одесса қаласында көпқабатты тұрғын үйге дрон түскен. Ғимаратта өрт шығып, тұрғын үй қабатының жабыны опырылып қираған. Щабуыл салдарынан бес адам жараланды, арасында екі бала бар, деп жазды Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер Telegram-арнасындағы парақшасына.
Украина қарулы күштері Әуе күштерінің мәлімдеуінше, Ресей бейсенбіге қараған түні Украинаға "Шахед" тектес дрондармен шабуыл жасаған. Әскерилердің мәліметінше, 52 дронның 22-сі әуеден атып түсірілген, ал тағы 18-і радиоэлектрондық күрес құралының көмегімен немесе "локациясынан ауытқып" құлаған.
Бішкек соты журналист Қанышай Мамырқұловаға төрт жыл шартты жаза кесті

2025 жылғы 3 шілде күні Бішкек қаласының Октябрь аудандық соты тәуелсіз журналист Канышай Мамыркұлованы тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, төрт жыл шартты жаза кесті. Журналист пробациялық бақылауда болады.
Сот отырысы аяқталғаннан кейін Қанышай Мамарқұлова бостандыққа шықты.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан журналисті сегіз жарым жылға бостандығынан айыруды сұраған.
Құқық қорғау органдары Қанышай Мамырқұлованың үстінен қылмыстық істі оның Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жарияланған жазбаларына байланысты қозғаған. Журналист үш жарым айдан астам уақыт қамауда отырды.
Бірқатар халықаралық және жергілікті ұйымдар Қырғызстан билігін журналист Мамырқұлованы босатуға және оны қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырып, үндеу жасаған.
49 жастағы Қанышай Мамырқұлова – Қырғызстанда тәуелсіз журналист әрі азаматтық белсенді ретінде танымал тұлға. Ол бұған дейін "Алиби" газетінің, "Сентябрь" телеарнасының, сондай-ақ "Говори ТВ" басылымының бас редакторы болып істеген.
Кейінгі жылдары журналист Facebook-тегі парақшасында билікке сын айтқан пікірлерін ашық түрде жариялап келген.
Paramount Харристің CBS-ке берген сұхбатынан туған дау бойынша Трампқа 16 млн доллар төлеуге келісті

Paramount Global медиа-холдингі АҚШ президенті Дональд Трамптың талап-арызы бойынша сотқа дейінгі келісім аясында 16 миллион доллар төлеуге келісті. Бұл дауға CBS арнасындағы "60 минут" бағдарламасында АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Камала Харриспен жүргізілген сұхбат ілік болды. Трамп сұхбат монтажы біржақты болды және Харрис Демократтар атынан кандидат болған АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етуі мүмкін деп талап-арыз түсірген. Ол талап-арызын сайлауға дейін берген.
Келісім шарттарына сәйкес, төленетін қаржы Трамптың жеке өзіне аударылмайды, оның президенттік кітапханасын салуға жұмсалады. Paramount Global холдингі бұл даулы істе талапкерден кешірім сұраған жоқ және кінәсін мойындамады. Аталған талап-арыз сотқа дейінгі мәмілемен реттелгені туралы жаңалықтан кейін Paramount акцияларының құны 1% төмендеді.
Былтыр күзде Трамп CBS арнасына қарсы 10 миллиард доллардың талап-арызын берген. Ол телеарнаны эфирге Камала Харриспен жүргізілген сұхбаттың екі түрлі нұсқасын шығарды, онда Харрис Израиль мен ХАМАС жайлы бір сұраққа әртүрлі жауап берген деп айыптады. Кейін талап мөлшері 20 миллиард долларға дейін ұлғайтылған.
Бұған дейін Paramount компаниясы бұл талап-арызды негізсіз деп атағанымен, кейін талапкермен бітімге келуге келіскен. Paramount өкілдері Skydance Media компаниясымен біріккелі жатқан тұста (8,4 млрд доллардың келісімі жасалған) күтпеген сот шығындары мен беделге дақ түсіріп алу қаупінен сақтанып осындай шешім қабылданды деп түсіндірген.
Келісім аясында CBS президенттікке үміткерлермен жүргізілген сұхбаттардың транскрипциясын эфирден кейін жариялауға міндеттеме алды. Алайда, бұл ереже қауіпсіздік мақсатында немесе заң бойынша өңдеуді қажет ететін үзінділерге қолданылмайды.
Кейінгі бірнеше айда осымен үшінші рет Трамптың медиа ұйымдарға қарсы талап-арызы сотқа дейінгі ірі келісіммен реттеліп отыр. Бұған дейін ABC News және Meta компаниялары да осындай келісімдерге келген. Сонымен қатар, Трамп бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы сотқа талап-арыз беруді жалғастырып келеді: маусым айында ол Des Moines Register газетіне қарсы қайтадан арыз түсіріп, басылымды Айова штатында сайлау алдында жүргізілген сауалнаманың нәтижелерін бұрмалады деп айыптады.
АҚШ-та сот алқабилері рэпер Шон "Дидди" Комбсты бес айыптың екеуі бойынша кінәлі деп таныды

Манхэттендегі федералды соттың алқабилері америкалық танымал әнші әрі музыкалық продюсер Шон "Дидди" Комбс адамдарды жезөкшелікпен айналысу мақсатында тасымалдағаны үшін кінәлі деген ұйғарым шығарды. Ол рэкетпен және адам саудасымен айналысқан деген ауыр айыптардан ақталды. АҚШ-та мұндай айып тағылғандарға өмірлік түрме жазасы қарастырылған, Комбс ондай жаза қаупінен құтылды, деп жазды Reuters.
Сотта өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындамаған Комбс енді кінәлі деп танылған екі баптың әрқайсысы бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Қорғау тарапы Комбсты үкім шыққанға дейін кепілмен босату туралы өтініш түсірген, алайда әзірге оны қанағаттандыған жоқ. Үкімді судья Арн Субраманиан шығарады.
Прокуратураның мәліметінше, Шон "Дидди" Комбс кейінгі 20 жыл бойы серіктестері – Кассандра "Кэсси" Вентураны және Джейн деген бүркеншік есімі бар тағы бір әйелді ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін "кештерге" қатысуға мәжбүрлеген. Сотта куәгерлер бопса, қорқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылық және болған оқиғаларды видеоға түсіру сияқты жайттарды айтып берген.
2023 жылы Вентура азаматтық шағым түсірген, ол дау кейін 20 миллион доллардың келісімімен реттелген.
Сотта дәлел ретінде ұсынылған Лос-Анджелестегі қонақүйден алынған видеожазбаларда Комбстың Вентураны ұрып жатқан сәті көрінеді. Комбсқа қарсы оның бұрынғы қызметкерлері де куәлік берді, олар жоғарыда аталған "кештерді" ұйымдастыру және есірткі сатып алу жайлы баяндаған. Көлігі өртенген рэпер Kid Cudi сол әрекетке ішін қызғаныш күйдірген Комбстың қатысы болуы мүмкін деп ойлайтынын айтқан.
Айыпталушының қорғау тарапы жыныстық қатынас әрекеттері екі жақтың келісімімен болған және ондай қылмыс жайлы айыптаулар қызғаныштан және бұрынғы жақын қарым-қатынастарды қайта бағалаудан туған деген уәжді алға тартты.
Шон "Дидди" Комбс 2024 жылдың қыркүйек айынан бері Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы түрмеде қамауда отыр.
ХАМАС Трамптың ұсынысын "зерттеп жатыр", Нетаньяху ХАМАС-ты жоюды талап етеді

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобы 2 шілде күні жасаған мәлімдемесінде АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспарын "зерттеп жатқанын" хабарлады. ХАМАС бұл ұсынысты Египет пен Қатар елдерінің араағайындығымен алғанын растап, Газадағы соғысты тоқтататын келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.
Алайда, ХАМАС жасалуы ықтимал келісімнің негізгі шарты ретінде Израиль әскері Газадан толық шығарылсын деген талап қойып отыр.
Сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты жою керек деп көптің көзінше мәлімдеді. "ХАМАС енді болмайды. Хамастан тарихта ғана қалады", – деді Нетаньяху.
Нетаньяху 7 шілдеде Вашингтонда АҚШ президенті Трамппен кездеспек.
Бұған дейін Трамп АҚШ өкілдерімен "ұзақ әрі нәтижелі" кездесу өткізген соң, Израиль Газа секторында 60 күндік уақытша бітім жариялаудың негізгі шарттарымен келіскенін хабарлаған. Бұған қоса, Трамп ХАМАС бұл келісімді қабылдайды деп үміттенетінін айтып, егер олай болмаса, жағдай одан сайын ушығатынын ескерткен.
Израильде ХАМАС-қа қарсы соғысты аяқтауды талап еткен қоғамдық қысым артып келеді. Бұл әскери операция 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге тұтқиылдан шабуыл жасап, 1200-ден астам израильдікті өлтіріп, 250-ден аса адамды тұтқындап, Газа секторына күштеп алып кеткеннен кейін басталған. Израиль оппозициясы, тіпті билеуші коалицияның бір бөлігі қарсы болған жағдайда да, ХАМАС-пен мәмілеге келуді қолдауға дайын екенін мәлімдеген. Израиль билігінің болжамы бойынша, Газада ХАМАС-тың қолында қалып отырған 50 шақты адамның шамамен 20-сы әлі тірі болуы мүмкін.
Газа секторындағы жағдай бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздермен таныс дереккөздердің айтуынша, Трамптың кейінгі ұсынысында ХАМАС 60 күнге әскери іс-қимылды тоқтатқан кезеңде кепілде қалып отырған 10 тірі израильдік тұтқынды босатып, 18 марқұмның сүйегін Израильге қайтарады деген шарт бар. Қалған тұтқындар Газа секторында атысты доғару жөніндегі тұрақты режим орнағаннан кейін босатылады деп көрсетілген.
Зеленский: АҚШ-тан әскери көмек жеткізуге қатысты барлық мәлімет нақтыланып жатыр

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Украина арасындағы әскери көмек жеткізу мәселесі бойынша барлық мәлімет жұмыс деңгейінде нақтыланып жатқанын мәлімдеді.
"Украинаның қорғаныс және сыртқы істер министрлері баяндама жасап, соның ішінде Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастық мәселелеріне де тоқталды. Қазір жұмыс деңгейінде қорғаныс көмегін жеткізудің барлық аспектілері, оның ішінде әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері бойынша да егжей-тегжейлі пысықтау жүріп жатыр. Қалай болғанда да, біз халқымыздың қорғалуына кепілдік беруіміз керек", – деді Зеленский сәрсенбіде жасаған бейнеүндеуінде.
Бұған дейін Украинаның қорғаныс министрлігі АҚШ-тан қару-жарақ жеткізу тоқтатылуы мүмкін деген хабарлар тарағаннан кейін Киев Вашингтоннан телефонмен келіссөз жүргізуді сұрағанын хабарлаған еді. Министрлік Киев "келісілген қорғаныс көмегін жеткізу тоқтатылатыны немесе оның кестесі қайта қаралатыны туралы" ресми хабар алмағанын атап айтқан.
Бұған қоса, Украина сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Киевтегі уақытша сенімді өкілі Джон Хинкельді шақыртқан. Елшімен әңгіменің басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға қарсы әскери басқыншылығы жалғасып жатқан шақта Вашингтонның әскери көмегі жайлы болды.
Америкалық ақпарат құралдарының дереккөздерге сүйеніп хабарлауынша, АҚШ Украинаға қару-жарақтың кейбір түрін, соның ішінде Patriot әуе шабуылынан қорғану жүйесіне арналған ондаған зымыранды жіберуді уақытша тоқтатқан. Мұндай шешімге АҚШ-тың өз әскери қорларының азаюына байланысты алаңдаушылық себеп болған.
Украина қарулы күштерінің Әуе күштері басқармасының коммуникация бөлімінің бастығы Юрий Игнат сәрсенбі күні Донбасс.Реалии радиосы эфирінде украин армиясы әртүрлі елдерден жеткізілген әуе шабуылынан қорғану жүйелерін қолданып жүргенін айтты.
"Олар – Германия, Ұлыбритания және, әрине, Америка Құрама Штаттары. Америкалық қарудың үлесі едәуір көп. Бірақ мен жағдай мүшкіл деп айтқым келмейді", – деді Игнат.
Ол кейінгі айларда Украина Ресей күштері соғыс басталғалы бері зымыран мен дрондарды ең көп қолданып жасаған жаппай әуе шабуылдарын тойтаруға мәжбүр болғанын айтты.
Житомир маңында қуатты жарылыстар болды. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

2 шілде күні Украинаның солтүстік-батысы бөлігіндегі Житомир қаласының маңында болған екі қуатты жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, кемінде 24 адам жараланған. Зардап шеккендер арасында төрт бала бар. Житомир полициясының мәліметінше, жарылыстар жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат алтының шамасында Березина ауылының маңында болған.
Житомир қалалық кеңесі алғашында жарылыстар айналма жолдан тыс орналасқан жанармай құю стансасында болды деп хабарлады.
"Киев бағытындағы тасжолдың бойында, айналма жолдан кейін тұрған жанармай бекетінде жарылыс болды. Қазір оның себебі анықталып жатыр. Шұғыл қызметтердің бәрі оқиға орнына дереу жетті. Сабыр сақтаңыздар. Ақпарат жаңартылып отырады", – деп жазылған Житомир мэриясы мәлімдемесінде.
Жарылыстар салдарынан Березина ауылында орналасқан екі өндіріс нысаны толығымен жойылғаны кейінірек белгілі болды. Оған қоса, тұрғын үйлер қирап, үш электр желісі зақымданған. "Житомироблэнерго" акционерлік қоғамының мәліметінше, жарылыстар салдарынан 735 үй жарықсыз қалған.
Бұл оқиғаға байланысты жағдайды Украина президенті Владимир Зеленский жеке бақылауына алды деп мәлімдеді президент кеңсесі басшысының орынбасары Виктор Микита.
Әзербайжан СІМ Ресейдің Бакудегі елшісіне наразылық білдірді

2025 жылғы 2 шілдеде Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Михаил Евдокимовты министрлікке шақыртты. Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде ресми Баку Ресей елшісіне "екі ел арасындағы қарым-қатынастарға нұқсан келтірген, достыққа жат әрекеттер мен қадамдарға байланысты Әзербайжан тарапының наразылығын" жеткізгені айтылған.
"27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жасалған рейдтер барысында екі отандасымыздың қазасы мен бірнешеуінің ауыр жаралануына алып келген заңсыз әрекеттер қатты алаңдаушылық тудырғаны Ресейдің құқық қорғау органдарының назарына тағы да салынды. Марқұмдардың сүйегіндегі зорлық-зомбылықтың айқын белгілері мен сараптама қорытындылары оқиғаның Ресей тарапы ұсынған ресми нұсқасына қайшы келетіні көрсетілді. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында осы рейдтерге байланысты ұлтына бола бөліп-жару көріністері қылаң беріп жатқаны, ал әзербайжандарға "этностық қылмыстық топ" деген айдар тағу мүлде жол беруге болмайтын әрекет екені атап айтылды", – делінген Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде.
Министрлік Ресей жағынан бұл оқиғаға байланысты "ресейлік құқық қорғау органдары жіберген заң бұзу фактілері мұқият әрі әділ тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылады" деп күтетінін мәлімдеді. СІМ Бакудің ұстанымын "Ресейдің ішкі ісіне араласу" деп көрсетудің жөнсіз екенін айтқан. Ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігі қызметкерлерінің ұсталуына байланысты Мәскеудің ресми өкілдерінің сын-ескертпелері де "негізсіз" деп мәлімдеген Әзербайжан СІМ.
2 шілде күні Ресейдің Федерация кеңесінің мүшесі Андрей Клишас Әзербайжанды "Ресей азаматтары үшін қауіпсіз емес ел" деп атады. Сәрсенбіде Ресейдің Бакудегі елшілігі жариялаған хабарламада "кейінгі бір күнде елшілікке Әзербайжан Республикасы аумағында жүрген Ресей азаматтарынан, соның ішінде туристік мақсатпен келгендерден де көптеген арыз-өтініш түсті. Олар өздері тұрып жатқан үйге үстіне жай киім киген адамдар (кейбірі өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған) келіп, ресейліктерден бұл елге қандай мақсатпен келгенін сұрап, құжаттарын тексергенін, кейбір азаматтар өздеріне және отбасы мүшелеріне күш қолданылғанын айтты" деп жазылған.
АҚШ Иранның МАГАТЭ-мен әріптестіктен бас тартуын қабылдауға болмайтын шешім деп атады

АҚШ Иранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімін сынға алды.
Иранның мемлекеттік басылымдары ел президенті Масуд Пезешкиан 2 шілде күні жақында Иран парламенті қабылдаған заңға қол қойғанын хабарлады. Ол заң БҰҰ-ның ядролық қадағалау органымен Иранның өзара ынтымақтастығын тоқтатуды көздейді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс сәрсенбі күні өткен баспасөз брифингінде Тегеранның шешімін "қабылдауға келмейтін" әрекет деп атап, Иранды МАГАТЭ-мен толық ынтымақтастықты дереу қайта қалпына келтіруге шақырды.
29 маусым күні CBS телеарнасына берген сұхбатында МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Иран байытылған уран өндіруді қайта бастауға қажет техникалық мүмкіндіктерді сақтап отырғанын және бұл өндірісті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған соңғы шабуылдары айтарлықтай зиян келтіргенімен, ол нысандарды біржолата істен шығармаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Пентагон басшысы Пит Хегсет бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әуе шабуылдарына ұшыраған Иран нысандары "толығымен жойылды" деп айтқан болатын.
Сәрсенбі күні Пентагон Иранның ядролық бағдарламасы екі жылға кейінге шегерілді деп мәлімдеді.
Ереванда ресейлік миллиардер Карапетянның компаниясында тінту жүргізілді

2 шілде күні Армения астанасы Ереванда тегі армян ресейлік кәсіпкер Самвел Карапетянға тиесілі "Ташир" компаниясының кеңсесінде тінту жүргізілді. Арменияның Тергеу комитеті бұл тінту тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында "шұғыл тергеу амалдары" ретінде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Осы оқиға болып жатқан кезде Армения парламенті Карапетянға тиесілі "Арменияның электр желілері" электр энергиясын тарату компаниясын мемлекет меншігіне алу туралы заң жобасын алғашқы оқылымда қабылдады.
Бұған дейін "Ташир" компаниясы президентінің бірінші орынбасары Нарек Карапетян Ереванда елдегі "әділетсіздік пен заңсыздыққа" қарсы наразылық шеруін өткізетінін жариялаған болатын.
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян егер "Электр желілері" компаниясының қызметкерлері саяси акцияға қатысатын болса, олар жұмыстан босатылатынын ескерткен. Ал Карапетянды қолдау тобы жұмыстан қуылған қызметкерлер қайта жұмысқа алынады деп уәде етті.
Маусым айында Армения соты Самвел Карапетянды билікті күшпен басып алуға жария түрде шақырды деген айыппен қамауға алған еді.
Армения тумасы Самвел Карапетян негізгі кәсіпкерлік қызметін Ресейде жүргізеді. Ол – көбіне коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында құрылыс және басқарумен айналысатын "Ташир" компаниялар тобының президенті. Forbes журналы оның байлығы 3,6 миллиард АҚШ долларына тең деп бағалаған.
БАҚ: Израильмен соғыс кезінде Иран Ормуз бұғазын миналауға дайындалған болуы мүмкін

Израильмен әскери қақтығыс күшейген шақта Иран Парсы шығанағындағы кемелеріне теңіз миналар тиеп, Ормуз бұғазын бекітіп тастауға дайындалған болуы мүмкін. Мұндай ақпаратты АҚШ үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.
АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Израиль Ирандағы ядролық нысандарға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше күн өткенде Иран кемелеріне миналар тиелген. Тегеран бұл миналарды суға түсірмеген, бірақ олар кейіннен қоймаға қайтарылды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз, деп жазды агенттік.
Reuters сұхбаттасқан адамдардың айтуынша, мұндай әрекет АҚШ-қа көрінеу түрде әдейі жасалған болуы мүмкін екенін және Иранның расымен бұғазды жабуды көздемегенін жоққа шығаруға болмайды. Иран әскери күштерінің ондай іс-әрекеті тиісті бұйрық беріле қалған жағдайға дайындықтың бір бөлігі болуы да ықтимал.
Парсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы стратегиялық маңызға ие – әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы күн сайын осы бұғаз арқылы тасымалданады. Бұғаздың ең тар тұсының ені – шамамен 40 километр.
Израильмен арада болған 12 күндік соғыс кезінде Иран билігі өз аумағына жасалған шабуылдарға қарымта ретінде Ормуз бұғазын жауып, Парсы шығанағындағы АҚШ кемелерінің жолын кесіп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР