Accessibility links

Шалқамнан түстім


Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.
Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.

Өмірімде бір рет өтірік айтып көрейінші а? Бір-ақ рет…

Былай ғой, бір күні шалқамнан жатып теледидерға телміріп, тесірейіп қарап отыр едім, шалқамнан жатып, «шалқамнан» түстім ғой! Жарнамалық жүгіртпе жолдарға көзім «жүгіріп» барып еді, мынадай жарнамаға жаным кіріп қалды:

«Ауылдық әкімдердің орнына білімі бидай, тәжірибесі тарыдай, көңілі кебек­тей адам немесе адам емес болса да, кез-келгенді қызметке қабылдаймыз… Ақ­ша алмаймыз. Тегін. Тек аудан әкімінің ұялы телефонына алты мың долларға «еңіреген единица» салып жіберсе болды…

Тағы да теледидарға телміріп, түріктің «Фатмагүлін» көріп, тірідей өліп отырғанмын, астындағы қашып бара жатқан жарнамаларға көзімді қуып келуге жұмсап жібергенім. Мынадай жарнамаға шалқамнан жатып, шалқамнан түстім:

«Облыстық қаржы полициясының бастығы орнына байқау жариялаймыз. Та­мақ ішпейтін, жемейтін, жемеген соң дәретханаға да бармайтын, аузы-мұрны бітеулер қызметке қабылданады».

Келесі жынды жарнаманы да оқып үлгердім: «Елу жылдан кейін қала әкімінің орны босайды. Соған шыдамы шытынамайтын, елу жылға дейін тірі жүре­тін­дігі туралы анықтамасы бар Қазақстан азаматтары үміткер бола алдады». Шал­қам­нан жатып, шалқамнан түстім! Қазір жасым қырықта. Құдай қаласа, тоқсан жасымда, қалтыраған қақпас шағымда, қала әкімі болып кетуім мүмкін ғой!

Тағы бір тентек жарнаманы кірпігіме іліп алдым: «Министрдің орны бос. Ба­ға­на далаға шығып кеткен, қайтып келгенше орнына адам сияқтыларды қабылдаймыз». Шалқамнан жатып, шәй іше жаздадым. Маған министр болу қайда-а?!

Келесі кеңкелес жүгіртпе жолды оқыдым: «Бір жерде бір бастықтың орны босап қалады-ау… Құйрығы креслосына жабысып қалыпты. Алынар емес… Со­ны жібіткенше, сол орынға байқау жариялаймыз».

Шалқамнан жатыр едім, етпетімнен түстім!


http://sherimmukhtar.kazjur.kz
XS
SM
MD
LG