Accessibility links

Мұхамеджановқа төртінші хат


Бауыржан Мұхамеджанов Владимир Нимен қоштасу рәсімі кезінде. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл
Бауыржан Мұхамеджанов Владимир Нимен қоштасу рәсімі кезінде. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл

Әкім мырза! Жап-жаңа орынға барғаныңызбен, айтпақшы, апарылғаныңызбен құттықтауға міндетті емес екенімді ескеріп, бірден сіздің жадыңызды жаңғыртып, онда жатқан, иә, егер «жағып жібермесеңіз», бұрынғы үш хатымды есіңізге салғым келді.


Сізге вице-премьер кезіңізде, 2002 жылы, баспасөз бетінде жолдаған хатым «Бізде заңсыздықты «заңсыздық» дейтін заң бар ма?» деп аталған. Онда: «Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын» премьер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуан жұдырығымен жөргегінде жаныштап, жетекшілерінің екеуін 6-7 жылдан түрмеге тығып жіберіп, қалғандарын тұқыртып тынған биліктің бейбастақтығы заңсыздықтың ең сорақысы болды, заңгер басшы ретінде соны түсіндіріп беріңізші!" дедім. Ләм-мим демедіңіз.

Ішкі істер министрі кезіңізде жолдаған, «Сіздің де үлесіңіз бар» деп аталған екінші хатымда Алматы қалалық полиция басқармасының құзырындағы полицейлердің пасықтық қылықтары шексіз болып бара жатқанын, тәуелсіз газеттердің редакцияларын талқандауды, газет таралымын тәркілеп, журналшыларын тал түсте таяққа жығып кетуді әдетке айналдырғандарын нақты дерекпен жазып, погонды бұзықтарға қашан тыйым болатынын сұрадым. Ләм-мим демедіңіз.
Бауыржан Мұхамеджанов ішкі істер министрі кезінде. 24 маусым 2008 жыл
Бауыржан Мұхамеджанов ішкі істер министрі кезінде. 24 маусым 2008 жыл

Сол министр кезіңізде «Ендігісі төрт рет атсын» деген тақырыппен жолдаған үшінші хатымда: "Мемлекет және қоғам қайраткерлері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының (екі серігімен қоса) атып өлтірілгендері азат қазақтың ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы масқарашылық болғанын ашынып айтып, шынайы қылмыскерлер қашан табылады, әлде биліктің бетперделік түсініксымағын малданып отыра бересіздер ме?" дедім.

Сіздің теледидар экранына әрең сиғандай болып отырып: "Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірген" деп міз бақпаған кейпіңіз әлі көз алдымда. Тіпті өшер емес. Неге өшсін: сіз дүниежүзілік қылмыс тарихына өз үлесіңізді қосып, кісінің өзін-өзі үш рет ата алатынын «дәлелдеп» бердіңіз. Және атқанда қандай десеңізші, ә?! Тексеру актісінде бадырайтып жазылғандай, Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі кеудесіне екі рет атып, содан кейін, сіздердің жүйелеріңізде айтылатындай, басына «контрольный выстрел» жасаған! Ешқашан әлемдік ешбір сот-медициналық тексерісте кездеспеген ол «жаңалықтарыңыздың сырын» айтып бере алар-алмасыңызды сұрадым. Ләм-мим демедіңіз.

Ал жолдап отырған мына төртінші хатым арқылы білгім келетіні:

- Адал еңбегі бағаланудан қалған мұнайшылардың жеті ай бойы төзімі таусылып, компанияның, «бардак» үкіметтің (бұл сөзді сонау жылы кім айтқаны есіңізде шығар) тізгін-шылбырын ұстап отырған тоңмойын дөкейлерге үзілді-кесілді талап қоя алаңға жиналғандарына оқ неге атылды және кім аттырды?
Желтоқсанның 16-сы күні қаза тапқандардың мәйітханаға түскен денелері. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл
Желтоқсанның 16-сы күні қаза тапқандардың мәйітханаға түскен денелері. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл

- Өз үкіметінің оғына ұшқан бейкінәнің саны шындығында нешеу екені айтыла ма, әлде мысықша жасырып тастап жүре бересіздер ме?

- Нұрсұлтан Назарбаев анықтағандай, ереуілшілерге кісі басы 20 мың теңге ақшаны және мөлшерін президент те біле алмаған арақты кім берген? Берілгеннің өзі ақиқат па, қауесет пе? Өзіміздік те, шетелдік те телеарналар көрсеткен бейнежазбаларға қарап отырсам, сонша ақшаны алып, арақты сіміргендер полицейлер сияқты, өйткені олар жараланып шөке түскен көтерілісшілерді есуастана тепкілеп жүрді, рас қой?

- Бейнежазбалардың иелерін жанталаса іздеуге кірісіпсіздер, барыпкел, алыпкел ақкөздеріңізді қай-қай шет елдерге ұшырдыңыздар?

- Көшеде қалтателефоны бар үлкен-кішіні тоқтатып, телефонын тексереді екенсіздер, ол кімнің қай заңының негізінде жүргізіліп жатыр?

- Көтерілісшілерге оқ атқан биліктің бетсіздігіне қарсылық көрсетуді ойлаған Мұхтар Мұхамбетжан тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына шығарылған, сол билік берген медальді қайтарып тастаған екен, сол үшін ол Азаматты бас салып тергепсіздер, ол әсіреіскерлікті қай заңның қай бабы бойынша жүргіздіңіздер? Әлде Қазақстанда азаматтарының құқықтық еркіндігін қорғайтын Конституция іс жүзінде жоқ па?

- Көтерілісшілерге оқ аттырған шенеуніктің аты-жөнін Нұрсұлтан Назарбаевқа атап айтып берген мұнайшыны іздеп жатыр екенсіздер, одан бұрын анау шенеунікті неге іздемедіңіздер?

- Озбыр жүйенің оғынан қаза тапқан боздақтарын жоқтаушы ата-аналардың қайғы-шерлі жоқтау дауысы сіздің құлағыңызға жетті ме? Жетсе, «алған әсеріңіздің» қандай екенін айтып бере аласыз ба?

Хат-сауал иесі - журналшы-жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

Алматы.
28.12.2011 жыл.
XS
SM
MD
LG