Accessibility links

Желтоқсан оқиғасының құрбанына ескерткіш тақта қойылды


Желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхаметжанованың құрметіне орнатылған ескерткіш-тақта. Өскемен, 31 мамыр 2011 жыл
Желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхаметжанованың құрметіне орнатылған ескерткіш-тақта. Өскемен, 31 мамыр 2011 жыл

Мамырдың 31-і күні Өскемен қаласында «Желтоқсан көтерілісінің» алғашқы құрбандарының бірі – Сәбира Мұхаметжановаға өзі оқыған педагогикалық колледждің бұрышына ескерткіш тақта қойылды.


Салтанатты шараға қатысқандардың ішінде мен де болдым. Дәл сол күні таңертең басталған жаңбыр тура сағат үште басылып, жиынның алдында күн шайдай ашыла кетті.

- Бұл желтоқсандықтар үшін жеңіс күні деп білем. Неге десеңіз Алланың нұры жауып, Сәбираның аруағын бір аунатты. Осы күнді Сәбираның ата-анасы армандап кетіп еді. Осындай жастарды жинап ескерткіш тақтаның ашылуына қатысуларына қуанып тұрмыз. Себебі бұл игі шара осы біздің болашақ жастарымызға арналып жасалып отыр. Жастарымыз Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, болашақта мемлекеттігімізді сақтап қалса деймін... Алдағы уақытта көше, «Халық қаһарманы» деген атақ алып берсек деген ойдамын. Осы мәселе бойынша Астанаға барып, шешуге тырысамыз, - деді патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нүкен Бейсенғазы Сәдуұлы.

Салтанатты ашылуға колледж директоры, студент жастар, Сәбираның ұстаздары, құрбы-құрдастары, құрметті ұстаз Қанипа Бітібаева және Алматы қаласынан арнайы келген «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының мүшелері қатысты. Бір минуттық үнсіздікпен еске алғаннан кейін, Сәбира туралы пікір естеліктер, батыр қызға арналған өлең-жыр шумақтары оқылды.

Осы салтанатты ұйымдастыруға атсалысып, шын жүректен жүгіріп жүрген жандардың бірі, Сәбираның құрбысы Гүлжауһар Сайлауханқызы Шаймардантегі:

- Толқып тұрмын, қуаныштымыз. Көптен күтіп, Алладан тілеген тілегіміз бүгін орындалып жатқанына өте ризамын. Ашық айта алмайтын заманда, менің әкем осы мәселені көтерген болатын... Бір ескерткіш тақтаны 20 жыл дегенде әрең іліп отырмыз. Әттең, қолымда тұрған жоқ. Әйтпегенде желтоқсандықтардың бәрі ақталсын, деп үкім шығарар едім. Көшемен атақты алып беруге енді жиырма жыл күтпейтін шығармыз деп ойлаймын, - деді.

Бір байқағаным, Өскемен қаласының бұқаралық ақпарат құралдары бұл сәтті құр жібермеген болатын. Бірақ ертесі шығатын газеттерден қарасам, ашылу салтанаты туралы ештеңе жазылмаған. Жалғыз газеттен ғана оқыдым. Теледидарлардан да байқап көріп едім, ақпарат бермеді. Неге? Қуанышты хабарды таратқан түріміз осы ма? Қалай?
XS
SM
MD
LG