Әкенің сөзі ұлағат,
Оқыған табар қанағат.
Жүруге сақтап мәңгілік,
Ұрпаққа еттім аманат.
31- мамыр саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күні. Әрине, біз үшін тарихтың бір беттері сияқты болып көрінер. Бірақ, адам төзгісіз қиындықты өткерген ата- бабаларымызға таң қалам.
Сол кездегі сталиндік репрессияның 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы атылып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылып кетті. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен. Кейіннен көбі ақталды, бірақ сол кезде кеткен көзі ашық жандардың орны ешқашан толмайды.
Әрине, сіздер мына тақырыбы нес деп отырған боларсыздар. Иә, мен “халық жауының” ұрпағымын. Әкемнің атасы Мәлікаждар Құлмұханбетұлы 1937 “халық жауы” деген желеумен Сібірге айдалып кеткен.
Бабам 1900 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген. Атам өте жуас, білімге құштар адам болыпты. Ауыл молдасынан білім алған атам, өз білімін ары қарай өздігінен толтырады. 1923 жылы атам өзі тұратын Қолтық сайында алғашқы мектеп ашады. Елдің шежіресін жинап, жаттап соны өзі кітапқа тізіп жазып жүреді екен. Құбылмалы заманда бабамның шежіресі, жазған жазбалары жоғалып кетеді.
Содан 1937 жылы Сталин бастаған өкімет сонау Мәскеуден ғана емес, елдің айғайласаң дауысың жетпес Шолақтанда “халық жауларын” тауыпты. Белгілі бір “үш” әріптің көздеуінше атам өзі оқытқан жиырма шәкірті, әртүрлі шаруашылық саласындағы мамандармен бірге сотталып кетеді. Сонда тағылған басты жала Ораз Жандосовтың сыбайласы, тілектесі деп ұстап кетеді. Әкесі үшін бала жауапты деп айтылған сөздер тек жаңғырық болып қалады, себебі артында қалған ұлдарын “халық жауының” балдарының пионер болуға қақысы жоқ деп атамды мектептен шығарып тастайды. Атам басқа ауылға барып оқып, білім алады. Көп қудалауға түседі. Бабамнан 3 ұл 4 қыз қалады. Олар қанша қиыншылық көрседе, білім алуға талпынады. Тек ауылдық мектептермен шектелмей институттарды да тамамдайды.
Бабам Сібірден балаларына хат жазып тұрады, әр жазған хаты өлең екен. Сондай бір өлеңінен үзінді:
Басымнан өмір бойы арылмайтын,
Туысқан жапсырды ғой нақақ жала.
Көре алмай жақсы жұмыс, тұрмысымды.
Жаламен ақ ісімді етті қара.
Ойласам нақақ бүйтіп күйгенімді,
Басымды көтерпейді қайғы жаңа,
Өмірім қорлықпенен өте ме деп,
Кетеді іші-сыртым оттай жана.
Көрермін олай болмас балаларды,
Сағынған іні менен ағаларды
Ақиқат болар ісім тексеріліп.
Үкімет ақ, қараны сараларды. 13.03.1953жыл; сонда үкімет атамның ақтығын 16 жыл тексереді. 1954 жылы бабам елге оралады. Бірақ әбден қажыған, Сібірден арқалап келген ауруы балаларының қасында бір жыл ғана өмір сүруге мұрсат береді. Әкесі қайтып келген күннен бастап атам күнделік жүргізеді. Әкесінің оралғанына қуанған атам, әр сәтті есіне сақтағысы келеді. Әкесіз өткен әр жыл атам үшін қияметтің көпірі еді.
Бірақ тағдыр сындырмай, қайта жігерін қайраған атам Жүнісхан Мәлікаждарұлын біздің аудан бойынша КСРО ның, Қазақ ССР нің, ҚР ның еңбегі сіңген ұстаз атағына жеткізеді.
Әкесінен алған өсиеті бойынша Албан ұрпағынан тараған Қожбанбет руының шежіресін жазып ұрпағына таратады. 1997 жылы бабам ақталады, сол кезде ас беріліп, біздің ауылдан айдауға кеткен кісілердің құрметіне ескерткіш тақта қойылды.
Міне, солай мен “халық жауының” ұрпағымын. Оны мақтан тұтам. Себебі осыншама қиыншылықты көрседе артында қалған ұрпағына мақтаныш болатындай бабаларымның болғанына. Сіздер мәңгі біздің санамызда, жүрегіміздесіздер.Өткенің санаңда болмай, болашаққа қадам басуың тарихта орныңның жоқтығын көрсетеді дейді. Сондықтан тарихымызды қастерлейік.
Атам жайлы естелігімді кейінірек жазамын. Өйткені өзім көрген, мейірімін сезініп, тәрбиесін алып өстім ғой.
http://12aikon1986.wordpress.com