Accessibility links

«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын»



XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басы қазақ елі үшін ең көп елеулі оқиғаларға толы заман болды. Патшалық Ресейдің әкімшілік орталықтары орналасқан Қазақстанның ірі қалаларынан басылып шығатын түрлі газеттер ауыл-ауылдардың бірін қалдырмай таратылатын. Нәтижесінде ауылдағы әр қазақ елдегі барлық жағдайлардан хабардар болып отырды.

Ауылдың хат танитын сауатты адамдары жұртты жинап, газет ішіндегі түрлі мақала мен елдегі хабарларды тұтас ауыл болып оқитын. Сауаты бар жұрт өздерінің газеттегі тақырыптарға қатысты туындаған ұшқыр ой-пікірлерін газет редакцияларына жіберіп отыратын. «Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді» деген қанатты сөздер сол кезден шыққан. Мал соңында жүрген малшыдан бастап, көзі ашық адамның аузынан шыққан өлең шумақтары газеттерден орын тауып, жарық көріп отырды.

Патшалы Ресей заманынан бері қазақ халқының басым көпшілігі хат танымайтын сауатсыз болған деп, Кеңес өкіметі бізге осынша жылдар бойы өтірік айтқаны белгілі. Шындығына келгенде, керісінше, арабтың төте және орыстың кирилл әріптерімен жазатын әлеумет әр қазақ ауылында басым болды. Сол замандағы ел-жұртты қазіргі азаматтармен салыстырсақ, елдегі болып жатқан саяси құбылыстар мен жаңалықтардан әлдеқайда хабардар болды. Кешегі заман жұртының саяси белсенділігі күшті болғаны соңша, аймақ басқарған бай-манаптарға, ауыл старшиндарына талаптарын қоя білген. Ел ішінде туған түйінді мәселелердің оң шешімін табуға да ықпалдарын тигізіп отырған.

Ал қазіргі егеменді Қазақстан республикасында тұратын қазақ халқының райы мүлдем басқа. Ұлт мүддесіне, оның ішіндегі ана тілі тағдырына немқұрайды қарайтын жандар жоқ емес, бар. Ол түгілі, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы көрсетіп айтып жатқан, жазып жатқан елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңалықтарға құлақ салмайтындар жетерлік.

Кешегі Кеңес өкіметі тұсынан қалған, «үкімет мені далаға тастамайды, мен еш партияда жоқпын, президентке хат жазсам маған көмектеседі» деген жайбарақаттылық көңілдері үстем, егде жастағы азаматтар да жетерлік.

Қазіргі билік Назарбаевты ел ішіндегі тұрақтылықты орнатқан адам ретінде көрсеткілері келеді. Ол – аңғал жандарға арналған аңыз. Ел ішіндегі этника аралық тұрақтылықты сақтап отырған – қазақтар. Мысалы, өзім «президент айтты екен» деп ұстамдылық пен шыдамдылық мінез танытып жүргенім жоқ. Біздің бойымызға бейбіт сүйгіш тәрбие қондырған ата-аналарымызға иіліп рахмет айтуымыз керек. Республикамыздағы бейбіт ахуалға Назарбаевтың еш қатысы жоқ.

«Назарбаев байып алған адам. Оның орнына басқа біреу келсе, ол адам да байығанша елді тонайды. Одан да Назарбаев президент бола берсін» деп айтатын адамдар да жоқ емес.

Жаһан тарихынан білетініміз, елінің қамын ойламайтын, заңсыз қазына қаражатын иемденіп, байлығына мастанған басшыларын азаматтары қолдамауы – заңдылық. Біздегі бөлініп-жарылған Қазақстан Республикасының халқы билікке қарсы шығуы екіталай. Әу бастан биліктегілер отанымызда ұлтаралақ қатынасты өз мүдделеріне ыңғайлы қылып, аса шеберлікпен саясаттандырып алған. Қазақстан халқы Ассамблеясы сол үшін құрылған. Өзге ұлт өкілдері өз мүдделеріне ыңғайлы көсемдеріне алдағы президенттік сайлауда бір ауыздан дауыс береді. Ел тарихындағы әр сайлауда солай болды. Мұндай бір-біріне ыңғайлы электоратпен президент ештеңеден қорықпай сайлауға бара береді.

Тоқетері, басшыларымыз мемлекет құраушы қазақ ұлтының мүддесін әдейілеп төмендетіп отыр. Оған дәлел – қазіргі қазақ тілі жағдайы қиын хәлде. Тіл дамуы ұлт дамуына тікелей байланысты. Сондықтан санасы жоғары тұрған тұтас қазақ ұлтын алдау қиын. Еліміздегі өмір сүретін түрлі этнос өкілдері мен тілінен ажырап қалған қазақтарды алдау оңай.

Астана қаласының атқамінерлері саяси партия көшбасшыларының сайлау додасынан неге бас тартқандарын сұрап, партиялардың орталық кеңселеріне барып, сауалдарын төте қойып жатты. Ұзақ жылдар бойы халықпен жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі ірі және халық ішінде беделді саяси партияларды, қаламыздың белсенді азаматтары қолдайтынын және жетекшілері сайлауға түскенде дауыс беретіндерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Мен, сол сайлау додасына қатыспайтын бір саяси партия мүшесі ретінде айтарым: Мемлекетімізде осы жолы да сайлау нәтижесін бұрмалайтын механизмді басқаратын бастық-қаралар әкімшілік механизімін оталдырып, сайлау додасында өз көсемдеріне 95 пайыз дауысты алып беруге сақадай сай отыр.

Әйтпесе Қазақстан халқын жарқын болашаққа жетелейтін асыл тұлғалар, Құдайға шүкір, бар. Олар кез-келген уақытта әділ сайлауда жеңіп шығып, адалдықпен елін басқаруға даяр.
XS
SM
MD
LG