Accessibility links

Бір медаль жетпей қалды


Шайбалы хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы еркектерден бұрын ерлік жасады. Соңғы ойында Қытай қыздарымен өткізген қазақ қыздары 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Азиаданың алтын медалін өңірлеріне тақты.

Медаль демекші, шайбалы хоккейден жүлделі орын иеленген жеңімпаздарды марапаттау сәтінде үшінші орын иеленген Қытай құрамасының бір хоккейші қызына медаль жетпей қалды.

Әріптестерінің барлығы мойындарына қоладан алқа тағып айдыннан аттанса, бір қытайлық қыз хоккей айдынынан құр шықты. Марапаттаушылардың алдына медаль аламын-ау деп барған байғұс қыздың мойны бос қайтты.

Алматыда өткен марапаттау рәсімі тікелей эфирде көрсетілгендіктен келеңсіз жағдайды әлемнің бірқатар елінің тұрғындары байқап қалған болар.

Керісінше алтын медалдің бірі артылып қалды. Күміс алған Жапон қыздарынан соң тұғырға алтынның иегерлері Қазақстан қыздары жақындады. Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен «Қазақстантеміржолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мәмин екеуі жеңімпаз қыздардың мойнына бір-бірлеп алтынды іліп жатқан. Соңында Есімовтің қолында бір алтын артылып қалды.

Не істерін білмей сасып қалған Алматы әкімі жанында тұрған Мәминнің қолын алтынмен бірге көтеріп «жеңімпаз сенсің» дегендей ишара танытты.
Сонда деймін-ау бұл қайдан ғана артылып қалған алтын медаль?

Әлде, Қытай қыздарының біріне жетпей қалған қола медалді байқамай «алтындадып» жіберген бе, немесе артық алтын Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мәминге арналды ма екен?

Сіздер не дейсіздер?
XS
SM
MD
LG