Accessibility links

Түркия Жоғарғы соты Ердоған партиясына қатысты шешім шығарды


Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған
Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған

Сот елдің зайырлы жүйесін бұзбақшы болды деген айыппен Әділет және Даму партиясын заңсыз деп тану талабын қабылдамады. Бірақ Конституциялық сот бұл партияға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау азайтылады деді.

Түркия Бас прокуратурасы премьер министр Режеп Тайып Ердоған мен оның жетекшілігіндегі партияны елдің бұрыннан келе жатқан зайырлы қоғам негіздерін бұзып, Түркияға исламшыл заңдарды енгізуді қарастырып жатыр деп айыптаған еді. Сөйтіп премьер министр Режеп Тайып Ердоғанның партиясын жабу мәселесі үш күн талқыланған соң, бұл шешім туралы Конституциялық сот төрағасы Хашим Кылыч былай деп хабарлады:
“Әділет және Даму партиясының тағдырын тағдырын талқылаған сот процесі партияға еш тыйым салмай аяқталды”.
Бірақ бұл мәселе тәуекелдік жағдай болды. Партия жұмысына толығымен тыйым салуға жеті дауыс жететін еді. Әділет және Даму партиясы ашық алаңнан аман шықты. Бірақ ол қаржылай жазалаудан құтылмады. Хашим Кылыч соттың 11 судьясы қалай дауыс бергеніне егжей-тегжейлі тоқталды:
“Партияға тыйым салуды қолдап алты судья дауыс берді. Қалған бесеудің төртеуі үкімет бұл партияға көмек бермеу керек дегенді қолдады. Сонымен алты судья тыйым салуды, төртеуі қаржылай көмекті қысқартуды алға тартқанын ескеріп, сот бұл саяси партияға бір жылға қаржылай көмекті тең жартысына азайту туралы шешімге келді”
Жоғарғы сот төрағасы Хашим Кылыч бұл қаржылай көмектің қысқаруын өте үлкен ескерту дей келе, партияға бұл ескерту нені білдіретінін дұрыс түсіну керектігіне кеңес берді. Сот төрағасының айтуынша, қаржылай санкция енгізуді қолдаған судьялар елдің Бас прокуроры сияқты Әділет және Даму партиясы зайырлы қоғамға қарсы әрекеттерімен елде қалыптасып қалған негіздерге қайшы келіп отыр деп дауласты.
Жоғарғы соттың бұл үкімі бірнеше айлар Түркияның қаржы базарына әсер етіп, демократиялық жолмен сайлаудан өткен партия жабылып, экономикалық саяси реформалар тоқтап қалуы мүмкін деген елдегі саяси тұрақсыздыққа тоқтау болады.
Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған сәрсенбі күні барынша өз партиясы елдің зайырлы қоғам құндылықтарын ұстанатын болады деп сөз берді. Журналистерге берген сұхбатында Ердоған сот шешімімен Түркия тап болып отырған тұрақсыздық кетті деген. Өкініштісі, наурыз айында осы мәселе қозғалғаннан бері Түркияда көп уақыт пен күш-жігерді босқа кетірген күрделі жағдай қалыптасты деген ол.
Әділет және Даму партиясының тамыры саяси исламда жатыр деп айтылады. Бірақ оның жетекшілері партия исламшыл бағытта екенін жоққа шығарады. Бұл партия Түркияда кеңінен қолдауға ие, бір жыл бұрынғы жалпы халықтық сайлауда 47 пайыз дауысты жеңіп алған.
Бірақ партияның қарсыластары оның ішінде әскери құрылым сияқты ықпалды билікте мүшелері бар әрі өздерін Түркияның зайырлы қоғамындағы көшбастаушы ретінде көретіндер биліктің партиясы елді ислами мемлекетке айналдыруға тырысып жатыр деп келген.
Түркияның Бас прокуроры Абдуррахман Ялчинкая партияны жабуды көздеп, оның 71 жетекші тұлғасы атап айтқанда, премьер министр Режеп Тайып Ердоған, президент Абдулла Гүл сияқтылардың қандайда бір саяси партияға мүше болуына бес жыл тыйым салуды қарастырған.
Сөйтіп жетекші Әділет және Даму партиясы жабылған жағдайда ол үкіметтің тарауына соқтырып, елді дағдарысқа әкелер еді. Сонымен қатар, ол елде халық толқуына түрткі болып, оның әсері экономикалық және сыртқы саясатқа тиюі мүмкін деген қауіптер болды.
Еуропалық комиссия басшысы Жозе Мануэль Барроза сәуір айында тыйым салу шешімі Түркияның Еуропа Одағына барар жолына үлкен әсерін тигізу мүмкіндігін ескерткен.
Енді Түркияда бұл мәселеге алаңдап отырған көпшілік бір жеңілдеп қалғандай. Парламент спикері Коксал Топтан судьялардың шешімін қоштап, олар елдегі демократияны шектеуді алып тастады деген.
Десе де, сот Түркияның саяси құрылымдары арасын бөліп тұрған күдік пен жаулық сезім өшпегенін ашық білдірді.
XS
SM
MD
LG