Accessibility links

Орталық Азия: өмірлік президенттіктен басқа жол бар ма?


Орталық Азияда ешкім Қазақстан мен Өзбекстанда осы жылы өтетін сайлаулардан радикалды өзгерістерді күтпесе керек. Адамдардың көбі Өзбекстанда Ислам Каримов президент лауазымында одан әрі қала беретін шығар дейді. Ал көршілес Қазақстанда тамыз айында өтетін сайлаулардан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірлік президенттігін одан әрі күшейтуіне көмектесетін тағы бір икемге келгіш парламент пайда болатын тәрізді. Бұл – Қырғызстаннан басқа Орталық Азия елдерінде әдеттегі сценарийге айналған.

Каримов тірі тұрғанда Өзбекстанда желтоқсан айына белгіленген сайлаулардан кейін жаңа президенттің болуына бақылаушылардың көбі сенбейді. Орталық Азияда Қырғызстаннан басқа ел басшыларының дерлік барлығына қатысты осындай жағдай болып отыр.

60-жастан асқан Өзбекстан мен Қазақстанның қазіргі президенттері 1989 жылдан бері билікте отыр. Көршілес Түркменстанда президент Сапармұрат Ниязов өткен желтоқсан айында қайтыс болғанға дейін 21 жыл бойы елін басқарды. Ал Тәжістанда президент Эмомали Рахмон саясатта 15 жыл бойы басым болып, қараша айында жаңа 7-жылдық мерзімін бастады.

Лондонда орналасқан Чатхам Үйінің Ресей мен Евразия бағдарламасының бастығы Джэймс Никсей өмірлік президенттікті Совет Одағынан қалған мұра деп атады.

“Өмірлік президенттікке негізгі себеп, біз бәлки, сол аймақтағы Совет одағынан кейінгі ұрпақтың саясаткерлері емес, оларды Коммунистік Партия кезінде, яғни Совет Одағында үлкейген адамдар ретінде қарастырып отырмыз. Оларда дәл сол Совет одағы лидерлерінің жасаған әрекеттерін қайталау, яғни қайтыс болғанша билікте қалу сезімі бар десе болады”, - дейді Никсей.

Орталық Азиядағы кейбір сайлаушылар өз президенттерін тұрақтылық пен бейбітшілік кепілі деп атайды. Ал қалғандары қазіргі басшыларға балама жоқ дейді.

Тәжікстанда соңғы сайлау науқаны барысында сайлаушылардың көбі қазіргі президент Рахмонның төрт бақталасы жөнінде ешқашан естімегендерін айтты. Тәжікстан Демократиялық партиясы лидерінің орынбасары Рахматулло Валиев аймақтағы президенттерге балама жоқ деген пікірді жоққа шығарды. Орталық Азиядағы билік орындары болуы мүмкін саяси қауіптен сақтанып оппозицияны жояды да, сосын мүмкіншілігі жоқ болған тұлғаларды бақталас ретінде ұсынады, дейді Валиев.

“7, 10 немесе 15 миллион халықтың ішінен қазіргі басшылардан басқа президенттікке лайық болатын бір адам шықпаса, ол қандай ел болады. Яғни, бұл үкімет дұрыс емес саясатты ұстануда дегенді білдіреді. Демек, саяси сахнаға жаңа адамдардың кірулеріне мүмкіндік жоқ”, - дейді Валиев.

Оның айтуынша, Орталық Азия лидерлері еліне қызмет етуге тырысып жатқан бүкіл ұрпаққа жол бермей отыр. Халықаралық Дағдарыс Тобының Орталық Азия жобасының директоры Майкл Холл Қырғызстаннан “Азаттық” радиосына берген сұхбатында кей елдерде, әсіресе, Өзбекстан мен Тәжікстан және Түркменстанда оппозиция бағытындағы көптеген саясаткерлер қудалануымыз мүмкін деп қауіптеніп сайлауға түсуге қорқатын шығар дейді.

Саяси басып-жаншу әрекеттері мен қауіптену факторлары және тағы басқа мықты тәсілдер Орталық Азиядағы автократтар үшін өте ыңғайлы жайттар болған сияқты. Бірақ бұл аймақта өмірлік президенттіктен басқа жол бар ма? Сарапшылар мен саясаткерлер осыған байланысты әртүрлі пікірлер айтуда.

Бішкектегі тәуелсіз саяси талдаушы Еділ Байсалов жақын арада бұл жағдайдан шығу жолын көріп тұрған жоқпын дейді. Ол аймақтағы өмірлік президенттікке ұмтылысқа үлес қосқан екі фактор бар дейді. Біріншісі, батыс елдері лаңкестікке қарсы күрес пен аймақтағы энергия ресурстары үшін Орталық Азия лидерлерін қолдап келді, бұған қоса, Ресей мен Қытай сияқты ықпалды елдер Орталық Азия басшыларының ұзақ уақыт бойы билікте қалуларына қарсы емес, дейді Байсалов.

“Америка ықпалы азайып жатқандықтан және Европа Орталық Азияда негізгі ойыншылардың бірі болмағандықтан, меніңше, Қытай мен Ресей және жергілікті лидерлер конституцияға сай әрекет етуге онша қызықпайды”, - дейді Байсалов.

Бірақ Чатхам Үйінің Ресей мен Евразия бағдарламасының бастығы Джэймс Никсей басқа талдаушыларға қарағанда осы жағдайға байланысты оптимизм танытып отыр. Оның айтуынша, Орталық Азияның Совет Одағынан кейін үлкейген жас ұрпағы, әсіресе Батыс елдерінде оқып немесе тұрып жатқан жастар әлбетте қазіргі жүйеге наразылықтарын танытатын болады.
XS
SM
MD
LG