Accessibility links

Баспасөзге шолу. 24 маусым 2005 жыл


Мерзімді басылымдар Қазақстанда баспасөз күнінің осымен тоғызыншы рет жаңаша тойланып жатқандығына тоқталса, оппозициялық газеттер Қазақстан тәуелсіздік алғанымен ресми билікке қарсы келетін басылымдар мен журналистердің қудалауға ұшырайтындығына тоқталыпты.

“Жас қазақ” басылымында жарық көрген Қуандық Шамахайұлының “Біздегі сөз бостандығы - қай бостандық” атты мақаласында әлемде журналистиканың және баспасөз бостандығының үш негізгі танымдық көзқарастарының қалыптасқандығы айтылыпты. Олар: авторитарлық бостандық, толық бостандық және жауапкершілік бостандығы. Мақала авторының айтуынша, авторитарлық бағыт демократиялық қоғамда да қылаң беріп, көрініс тауып жатады.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, авторитарлық жағдайда сайлауда билікке қол жеткізген саяси күштер оппозицияға қысым жасайды, олардың халыққа ықпал ету мүмкіндіктерін шектейді, әділ айтқан сындарына құлақ аспайды. Мақала авторының айтуынша, авторитарлық позицияны ұстанатын күрес барысында прогресшіл топтар баспасөздің толықтай бостандығы жөнінде өз концепцияларын ұсынып, оны жүзеге асыруға тырысады.

Сондай-ақ, мақала авторы баспасөздің толық бостандығының аса игілікті дүние екендігіне сенудің феодалдық күштердің жеңілуімен, демократиялық-буржуазиялық қоғамдық жүйенің пайда болуымен қалыптасып, нығая түскендігін де тілге тиек етіпті. Қуандық Шамахайұлы өз мақаласында азаматтық құқықтық мемлекет дамыған сайын бұқаралық ақпарат қызметінде бостандықтың принципін сақтаумен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының ісін құқықтық тұрғыдан міндетті түрде үйлестіру қажеттілігінің туғанын, соның нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы жауапкершілік ұстанымының пайда болғандығына да тоқталыпты. Мақалада Германия Конституциясында цензураға тиым салынғаннан кейін, дереу осы құқықтарды үйлестірген заңның пайда болғандығы туралы дерек келтіріліпті.

“Central Asia Monitor” басылымында жарық көрген мақаласында Ахас Тажутов Баспасөз күнінің осымен тоғызыншы рет жаңаша аталып өтіп жатқандығына тоқталып, бүгінгі таңдағы қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы туралы көп әңгіменің айтылып жүргендігі туралы өз ойын білдіріпті. Ахас Тажутовтың пікірінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары республикада баспасөз нарығын жаңаша қалыптастыру қажеттілігі туды. Дегенмен мақала авторының талдауына сүйенсек, бәрібір Қазақстанда орыс тілінде жарық көретін басылымдар үлкен сұранысқа ие.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Денис Дашков соңғы жылдары Қазақстанда тәуелсіз газеттерді қудалау науқанының тым күшейіп бара жатқандығына тоқталып, Баспасөз күні қарсаңында биліктің өздеріне жақпайтын басылымдарды жабуға қатысты өзгерістердің заңнамаға енгізуі мүмкін екендігін тілге тиек етіпті. Мақалада Әділет министрлігінің өкілі Тасболатов мырза бұл өзгеріс бойынша терроризм мен экстремизмге үндейтін мақалалар жарияланған басылымдардың жұмысын өкілетті органдардың тоқтатуға құқы бар екендігін хабарлағандығы айтылыпты. Сондай-ақ “Республика” басылымында жарық көрген Жібек Морзабаеваның мақаласында “Сеть kz” газетіне байланысты сот отырысының қалай өткендігінің тарихы баяндалыпты.

“Свобода слова” басылымындағы ақпараттар ағымында Борис Годуновтың “Жұма таймс/Дата недели” апталығына берген арызы бойынша сот процесінің жалғасып жатқандығы хабарланыпты. Борис Годуновтың бұл басылымды сотқа беруіне Қазақстанның демократиялық таңдау халықтық партиясының белсенділерінің бірі Владимир Козловтың аталмыш газет арқылы “шеруге белгілі арандатуышы Борис Годунов та келді” деп жазған сөзі себеп болып отыр. Айта кетейік, Борис Годунов “Жұма таймс/Дата недели” апталығынан 300 квадраллион теңге талап етіп отыр.

“Сөз” басылымында жарық көрген ақпараттар ағымында Америка Құрама Штатындағы Мартиролог музейінің тізіміне енгізілген, өзінің кәсіби жұмысын атқара жүріп қаза тапқан 78 журналистің қатарында, өткен жылы жазда Алматыда опат болған қазақстандық тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың есімінің де бар екендігі хабарланыпты.

Сонымен қатар “Сөз” басылымында жарық көрген Шәріп Құрақбаевтың мақаласында “Хабар” агенттігі мен бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы соттың қалай өткендігінің тарихы баяндалыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Алтынбек Сәрсенбайұлына соттың шығарған үкімі - саяси тапсырыспен жасалып отыр. Мақала авторының айтуынша, оны сотқа қатысқан саясаткерлер де, қарапайым адамдар да ашық айтыпты.
XS
SM
MD
LG