Accessibility links

Қытай жезөкшеліктен құтылу жолдарын іздей бастады


Қытай астанасы Бейжиң көшелері, бір қарастан-ақ, Батыстағы базарлы көшелерді көз алдыңызға келтіреді.

Бірақ ол, көп қабатты сұр үйлер, толып жүрген адам мен көліктерге ғана емес, көбейіп кеткен түңгі көбелектер - жезөкшелердің жиі кездесетіндігіне де тікелей байланысты болып тұр, деп бастапты өзінің Қытай астанасынан жолдаған сейсенбі күнгі мақаласын Франс пресс агенттігінің тілшісі.

Бейжің көшелеріндегі негізгі тамаша түнгі сағат ондардан басталады.

Шығыс аудандағы айланба жолда, жартылай жарық көше-алаңдарда, жартылай жалаңаш қыз-келіншектер өздерін базарға салып жүреді. Олардың тұтынушылары - такси айдаушылар, сәулетті жеке көлік иелері жайма базардан зат таңдағандай жағалай қадағалап өтеді. Төбедегі жолаяқ көпірден төмендегі ол тірі тауарларға қарап, арты не болар екен, деп тамашалайтындар да аз емес, деп жазады тілші.

Ол жерден 20-30 метрдей жерде күнге күйген жұмысшылар жол жөндеуде, ауыр кетпен-күректерімен арық қазуда. Жол жағалай өздерін саудаға салып жүрген қыздар да, жол тереңдігі белден келер арық қазып жатқан жігіттер де бір уәләяттық азаматтар болар.

Ол замандастардың бір ғана айырмашылығы – ай соңында алар айлық жалақы көлемі ғана. Көшеде салтанатпен жүрген ол қыздар бір сеансы үшін 300 юань, яғни 33 доллар тапса, кейде қалыңдық мәрттеу болса 40-50 доллар тастап кетер екен. Ал, ол 400 юань - 40 долларды жолдағы шаң-тозаңда, қапырық күн астында істеп тер төгіп жүрген жігіттер екі аптада әрең табады.

Түңгі көбелектердің бар тапқанының тең жартысы жеңгетай-сутенер мен сол аудан қожаларының қалталарына түседі.

- Менің жұмыс күнім кешкі сағат 9-10дарда басталады. Егер клиенттің үйінде қалып қоймасам өз жатағыма таңғы 3-4 терде қайтамын, - дейді 20дағы Шиао Пең.

Жұмыссыздықтың салдары көптеген аймақта байқалады. Солтүстік шығыс Қытайдағы өнеркәсіптік аудандарында да, кешкі кезде, көшелерде бетін қалың бояумен қаптаған жеңіл аяқты бойжеткендер көптеп жүреді, дейді тілші.

- Менің анам жұмыс істемейді, әкем жұмыстан қысқартылған. Бір айға 300 юань, яғни 30 доллардай жәрдемақы алады. Ол менің бір сеанстық табысым, - дейді қыз күліп.

Кешкі сағат 9-10 дардан бастап қала орталығындағы елшіліктер, қонақүйлер, ресторандар маңайына қыздар қаптайды. Олар күзетте жүрген полицайлар, көше сарбаздарынан да қорықпайды. Еркек кіндіктілерге жармаса береді.

- Сізге қандай, неше жастағы қыз керек ? Қалағаныңыз болады!, - дейді мейманхана жанында тілшіге кездескен Шин Шин есімді келіншек. Бір неше миноттан кейін мәшинемен 20 лардағы 3 қыз жетіп келеді.

40тар шамасындағы Шин Шин жезөкшелік бизнесінің заңсыз екендігін, ол тірі тауарлар және жеңгетайлар түрмеге түсүі, ең кемінде, үлкен айыппұл төлеуі мүмкін екендіктерін жақсы біледі. Бірақ ол бизнестен бас тарта алмайды.

- ,Қытайдың барлық қала-қыстағында бұл іспен айналысады. Ол бизнестен саясаткер де, полиция да табыс табады, - дейді Шин Шин. Бірер үлкен саяси жиын алдынан немесе қылмысқа қарсы күрес науқаны кезінде полиция жезөкшелерді ұстап, ашынажайларға шабуыл жасап тұрады. Бірақ ондай науқан жылына, асып кетсе, 2-3 ақ рет ұйымдастырылады. Әрине, ондай ойыншық науқаннан қандай нәтиже бола қойсын. Қытай теле дидары да елдегі бұл көне мамандық жөнінде және оның салдары туралы бір неше хабар таратты. Бірақ ол шарадан жезөкшелік бизнесіне шыбын шаққандай да әсер болған жоқ, деп жазады Франс пресс агенттігінің тілшісі.

Бұл бір үлкен мәселе болмай қалды. Біржағынан, ондай қызметті керек ететін қалталылар көп болса, екінші жақтан, жұмыссыздықтан, ол мамандықты өркендетіп отырған жезөкшелер, СПИД және өзге жұқпалы аурулардан да қорқар емес, - дейді Бейжіңде кездескен бір полиция сардары. Қытай сексология орталығы пікірнама негізінде жариялаған деректерге қарағанда он пайыздай қытай жігіттері жезөкше қызметінен пайдаланар екен.

Ал, көшеде байқалатын түнгі көбелектер қызметі мұзтау – айсбергтің бір бөлігі ғана.

Қытайдағы жүздеген, мыңдаған кафе – барлар, түнгі тамашаханалар, моншалар, массажханалар, жекеше кеңсе-офистер, тіптен шаштараздарға дейін сізге нәпсіқұмарлық қызметін ұсынуы мүмкін.

Оны қалтаңыз көтерсе болды.
XS
SM
MD
LG