Ресей құрамасы 2018 жылғы ақпанның 9-ы мен 28-і аралығында Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өтетін қысқы олимпиадаға қатыспайды, "қатаң допинг шарттарына" сай, бұрын допинг дауына ілікпеген ресейлік жеке спортшылар әлемдік додаға олимпиада туы астында қатысатын болды. Әзірге олимпиадаға «бейтарап мәртебемен» қатысатын ресейлік спортшылардың аты-жөні аталмады. ХОК мәлімдемесінде оларды арнайы комиссия іріктейтіні айтылған. Осындай шешімді Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) желтоқсанның 5-і күні Лозаннадағы (Швейцария) арнайы отырыста қабылдады. ХОК Ресейді "спортшыларының допинг қолдануын мемлекеттік тұрғыда қолдады" деп айыптайды. Ресейдің олимпиада комитетінің біліктілігі жойылды, ал спорт министрі болған Виталий Мутко олимпиадаларға қатысы бар жұмыстар атқару құқығынан айырылды.