Ата-анасы жоқ немесе олардан сот шешімімен айырылған балаларды асырап алу мәселесі - Қазақстан қоғамында соңғы 3 жылда қызу пікірталас тудырған тақырыптардың бірі болып қалып отыр. Мәселен, ата-ана қамқорлығынан айырылған әлгіндей балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдік азаматтарға байланысты көптеген айтыс-тартыс туғаны, тіпті бұл мәселе парламентте де қызу талқыға түскені мәлім. Алайда, әлгіндей балалардың арнайы мекемеде (жетімдер үйінде) емес, отбасында тәрбие алуы, яғни патронатты тәрбие керек деген пікірге қоғам мүшелерінің барлығы келіседі. Бұл мәселеде Қазақстан тарапына халықаралық тәжірибе негізінде жергілікті жерлерде отбасын қолдау және патронаттық қызметті дамыту жөніндегі стратегиялық бағдарлама жасақтау міндеті тұр.