Беларусь пен Ресейдің қыркүйектің 14-інен 20-сына дейін өтетін "Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуы Еуропа мен АҚШ-ты алаңдатты. НАТО-ны "қырғиқабақ" соғыс аяқталғаннан бергі кезеңдегі ең үлкен жаттығудың бұрын-соңды болып көрмеген географиялық ауқымы да, оған қатысып жатқан әскер түрлерінің көптігі де, кей дерекке сәйкес, жаттығуға қатысатын әскери қызметшілер санын Ресейдің біршама кемітіп көрсетуі де алаңдатады. Бұған қоса, жаттығу мақсатын ресми басшылықтың "Беларусьтің батысында сепаратистерге тойтарыс беру іс-қимыл тактикасын пысықтау" деп түсіндіруі да онша иландырмайды.