Accessibility links

Зохран Мамдани Нью-Йорк тарихындағы алғашқы мұсылман және кейінгі бір ғасырдағы жас мэр атанды


Нью-Йорк қаласының жаңа мэрі Зохран Мамдани
Нью-Йорк қаласының жаңа мэрі Зохран Мамдани

4 қараша күні АҚШ-та жергілікті басқару органдарын сайлау шарасы өтті. Бірқатар штатта тұрғындар губернаторды, мэрді және мен қалалық кеңес мүшелерін таңдады. Бұл сайлаудағы ең үлкен жаңалық Нью-Йоркте болды — 34 жастағы демократ Зохран Мамдани қала мэрі болып сайланды. Ол Нью-Йорк тарихындағы алғашқы мұсылман мэр және кейінгі жүз жылда осы қызметке келген ең жас саясаткер атанды.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Нью-Йорк қаласы мэрін таңдауға қатысқан сайлаушылардың шамамен жартысы Мамданиді қолдап дауыс берген.

Өзін "демократиялық социалист" деп сипаттайтын Мамдани сайлау науқанын "баршаға арналған қала" ұранымен өткізді. Ол баспананы жалға алу ақысын уақытша тоқтатуға, қаладағы автобустарда жүруді тегін қылуға, қалада азық-түлік дүкендері желісін ашуға және бай адамдарға салынатын салықты арттыру арқылы өмір сүру құнын төмендетуді уәде еткен.

Демократиялық партияның праймеризінде Мамдани жастар мен белсенділердің қолдауына ие болып, партия ішіндегі басты бәсекелесі — бұрынғы губернатор Эндрю Куомоны жеңген. Ақыр соңында Куомо сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде түсіп, 40 пайыздан сәл артық дауыс жинады. Дауыс беру қарсаңында оны АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп ашық қолдаған.

Мамданидің тым солшыл ұстанымы партия ішіндегі қалыпты көзқарастағы демократтарды алаңдатып қойды. Олар партияның солшыл бағытқа ауытқуы центристік ұстанымдағы сайлаушыларды үркітеді деп есептейді. Көптеген танымал саясаткерлер оның кандидатурасын қолдауға асықпағанды жөн көрді.

Нью-Йорктегі сайлаудан бөлек, Вирджиния мен Нью-Джерси штаттарында губернатор лауазымына демократ әйелдер – Абигейл Спанбергер мен Микки Шеррилдің сайлануы жұрт назарын аударды. Сарапшылар сайлаудың мұндай нәтижелерді президент Дональд Трамптың саясатына сайлаушылардың наразы екенінің айғағы деп бағалап отыр. Әсіресе Вирджинияда, Трамп әкімшілігі тұсында мемлекеттік құрылымдардағы жаппай қысқартудан мыңдаған адам жұмыссыз қалған еді.


XS
SM
MD
LG