Жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұрынғы жетекшісі Асхат Жұмағали бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды.
46 жастағы Асхат Жұмағали агенттікті 2023 жылдың сәуірі мен 2025 жылдың шілдесіне дейін басқарған. Оған дейін ведомство төрағасының орынбасары болған.
Биыл жазда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған. Оның орнына ҰҚК құрамында коррупцияға қарсы қызмет деген жеке ведомство құрылған. Тоқаев бұл шешімді "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру" деп түсіндірген.
Антикордың функциясы мен өкілеттіктері түгелдей ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, яғни, заңға қайшы әрекеттер мен себептерін азайту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өтеді.
Сарапшылар мұндай қадамнан оң өзгерісті байқаса, кейбірі бір мекемеге тым көп өкілет беру "мемлекет ішіндегі мемлекет" сияқты құрылымның пайда болуына ықпал етеді деген қауіп айтқан.