Accessibility links

Зеленский: бейбітшілік жоспары бәріне ұнайды деп айта алмаймын, мәмілелер болады


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні журналистерге соғысты аяқтау жоспарына қатысты түсініктеме берді.

"Бәріне ұнайтын жоспар болады деп айта алмаймын. Әрине, кез келген жоспар форматында көптеген компромис болатыны сөзсіз. Ең бастысы жоспар барынша әділ болуы керек, әуелі Украина үшін. Себебі соғысты Ресей бастады. Ең бастысы ол тиімді болуы керек, соғысты аяқтауға бастайтын маңызды қадам болуы қажет” деді ол.

Бұған дейін Украина Американың бейбітшілік жоспарына қатысты өз жауабын берген еді. Зеленскийдің сөзінше, Америка жағы әзірге оған жауап бермеген.

Зеленский қазір НАТО елдерінің барлығы Украинаны одаққа қосуға дайын деп айта алмайтынын жеткізді. Сондықтан Киев балама жол ретінде АҚШ пен Еуропа елдерінің Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруіне қол жеткізуге тырысып жатыр. Зеленский сонымен бірге "бейбітшілік жоспарына ешкімнің толық көңілі толмайды, алайда ең бастысы бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін Ресейдің жаңа басқыншылық жасауына жол бермеу" деді.

“АҚШ ұсынған мәміле бойынша, Украина күштері [Донбастан] кетеді, ал Ресей әскері ары қарай жылжымайды. Украина “қай жерде тұрмыз, сол жерде қалу” принципін әділетті деп санайды. Буферлік аймақты кім бақылайды деген мәселе қалды, бұған қоса Ресей әскері оккупацияланған аумаққа қарай неге алысырақ кетпейді деген сұрақ туындап отыр".

Зеленскийдің сөзінше, қазіргі кезде Донбастың 30 пайызы Украина бақылауында.

14 желтоқсанда Берлинде АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер украин делегациясымен кездеседі. Уиткофф пен Кушнер Берлинге келіп қойғанын ақпарат құралдары хабарлады. Келіссөзге АҚШ, Украина және Еуропа елдерінің өкілдері қатысады. Германия билігі Зеленскийдің Берлинге дүйсенбі күні баратынын растады.

XS
SM
MD
LG