— «Мейо» «жоқ» деген сөз, ал амандасқанда «Нихао» дейді. Олардың біраз сөзін үйреніп алдық, — дейді Қырғызстанның Кош-Добо ауылының тұрғыны Исабек Жүсіпов.
Исабек әр таңда жүк көлігімен Қытайды Қырғызстанмен байланыстыратын теміржол салынып жатқан, шамамен бес мың түтіні бар, шалғай жатқан қырғыз ауылындағы үлкен құрылыс алаңына аттанады.
Тау бөктеріндегі бұл жерде көпірлер мен тоннельдер салынып жатыр. Ауыл тұрғындары жергілікті дүкендерден азық-түлік сатып алып, асханада тамақтанып, техникаларын жөндетуге әкелетін шетелдік инженерлермен және жұмысшылармен сөйлесу үшін тіл үйреніп жүр.
Кош-Добода салынып жатқан бұл жол Қырғызстаннан Өзбекстанға, одан әрі Түрікменстанға өтеді — бұл Қазақстан арқылы өтетін қазіргі күре жолға балама жол болмақ. Одан соң контейнерге тиелген жүк Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жеткізіледі. Оңтүстік Кавказдағы бұл ел Азиядан Еуропаға және кері қарай жүк тасымалын жеделдететін жаңа бағытқа қол жеткізуді көздеп отыр.
Кош-Дободан 10 мың шақырым қашықта жатқан Нью-Йоркте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер барысында Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты АҚШ-тың араағайындығымен тоқтатудың Орталық Азия үшін маңызы зор екенін мәлімдеді. Көлік дәлізінің аймақ үшін маңызын бағалауда Өзбекстан басшысы қателескен жоқ деуге болады.
ЗАНГЕЗУР ДӘЛІЗІ ДЕГЕН НЕ?
Ереван мен Бакудің арасында АҚШ-тың араағайындығымен жасалған келісімге сай жүзеге асырылатын Зангезур дәлізі жобасы Еуразиядағы геосаяси ландшафтты түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Бұл жол Әзербайжанның негізгі бөлігін оның эксклавы Нахичеваньмен Армения аумағы арқылы байланыстыруы тиіс — бұл жөнінде тараптар тамыз айында Вашингтонда өткен тарихи саммитте келіскен. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян ұзақ жылға созылған қақтығыс аяқталғанын білдіріп, Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен қол алысты. Келісім Ресейдің қатысуынсыз жасалды, ал бұл аймақты дәстүрлі түрде өз ықпал аймағы санайтын Мәскеу үшін маңызды оқиға болды.
Ұзындығы 43 шақырым болатын бұл дәлізге «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп дәлізі» (TRIPP) атауы берілді. Оны Америка басқарады. Инфрақұрылым құрамына теміржол желісі, мұнай және газ құбырлары, талшықты-оптикалық байланыс желілері кіреді. Армения бұл дәлізді дамыту құқығын АҚШ-қа 99 жыл мерзімге беру жөнінде келісімге келді, Америка соның ішінде коммуникация жүргізетін мердігерлерді де өзі тартады.
TRIPP тек Әзербайжанның бөлек жатқан жерлерін байланыстырып қана қоймайды. Ол Азия мен Еуропа арасындағы жолды едәуір қысқартады және Транскаспий (Орта) дәлізінің бір бөлігіне айналуы мүмкін. Бұл халықаралық бағыт Қытайды Еуропамен Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы байланыстырады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және тасымалдаушылар Ресейге қарсы санкцияларға ілігуден қашқандықтан, Орта дәліз арқылы тасымал көлемі айтарлықтай артты. Бұл дәліз Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәлізге балама ретінде пайда болды.
— TRIPP жобасының ықтимал геосаяси әсері өте үлкен болуы мүмкін. АҚШ бұл арқылы Кавказдағы негізгі ойыншы ретінде Ресейді ығыстырып, аймақтағы саяси тұрақтылықтың кепіліне айналады. Жаңа дәліз аймақтың басымдықтарын «Солтүстік-Оңтүстік» қатынасынан басқа бағытқа бұрады. АҚШ сондай-ақ Каспийге шығатын базаға ие болады — бұл мұнай мен газ саудасының кілті, әрі Иранмен құрлықтағы шекарада орнығу мүмкіндігі. Егер бұл жоба іске асса, Иранға қысым артып, оның әрекеттері жіті бақылауға алынады, — дейді «Азаттық Азияға» пікір білдірген Торонто (Канада) қаласындағы Йорк Азияны зерттеу орталығының зерттеушісі, халықаралық қатынастар, жаһандық басқару, сыртқы саясат және қауіпсіздік салаларында маманданған сарапшы Никола Контесси. — Меніңше, бұл жобаның көлеңкесінде тұрған басты жеңімпаз — Түркия. Бұл жоспар Әзербайжан мен Түркия арасындағы одақты күшейтіп, пантүркистік блокты ілгерілетеді, осылайша бұл бағыттың Еуразия кеңістігіндегі тартымдылығын арттырады. Түркия НАТО аясында күшейіп келеді, ол құрлықтар мен өңірлерді байланыстыратын стратегиялық дәнекер ретінде көлік, энергетика және басқа да жолдардың торабына айналып келеді.
Қазір батысқа бағытталған жүк пойыздары Орталық Азиядан Каспий арқылы Әзербайжанға жеткен соң, 250 шақырым жолды Баку – Тбилиси – Карс бағытымен Грузия арқылы жүріп өтеді. Ал егер TRIPP жобасы жүзеге асса, бұл жол қысқарады: Bloomberg-тің бағалауынша, Еуразия арқылы жүк транзитінің уақыты 12–15 сағатқа қысқарады. Қазір Әзербайжан осы болашақ Зангезур дәлізіне шығыс жағынан қосылатын теміржол тармағын Армениямен шекараға дейін салып жатыр. Ал Түркия батыс бағыттағы Карс–Дилучу жолын төсеп жатыр.
TRIPP жобасы, әрине, Әзербайжан мен оның басты одақтасы Түркия арасындағы байланысты нығайту тұрғысынан маңызды. Алайда бұл сонымен бірге аймақтағы байланысты арттыруға да ықпал етеді. Мұндай мүдде — түркі әлемімен және батыс экономикаларымен сауда-саттықты дамытып жатқан Орталық Азиядағы бес мемлекет үшін де аса өзекті.
БҰДАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА НЕ ПАЙДА?
Тамыз айының соңында Түрікменстанның Авзау курортты қаласында өткен кездесуде Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан көшбасшылары Орта дәлізді дамыту жоспарын талқылап, оған Зангезур учаскесін қосуды қолдады. Шавкат Мирзияев Қытайдан Қырғызстан арқылы Өзбекстанға дейінгі теміржол — Кош-Дободан басталған құрылыс — Оңтүстік Кавказ арқылы жоспарланған бағытпен жалғасуы мүмкін екенін айтты.
Армения арқылы өтетін жол Орталық Азия мемлекеттеріне Еуропа нарығына құрлықпен шығуды жеңілдетіп, тасымал мен транзит шығынын азайтады. Сарапшылардың болжамынша, Орталық Азия елдерінің жаһандық саудадағы үлесі айтарлықтай өсуі мүмкін.
— Орталық Азия елдері бұдан не ала алады? Бұл — логистиканы дамыту, тауарларын жаһандық нарыққа шығару, аймақтық бастамаларды іске асыру. Бұл әсіресе инфрақұрылымдық жобаларды біріктіру, кеден қызметтері логистикасы, энергиямен қамту жүйелерін байланыстыру, үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге қатысты. Яғни бұл тек Еуропа және Қытай тауарларына арналған көлік дәлізі ғана емес, сонымен қатар аймақтық тізбектер мен экономикалық орталықтар құру арқылы жергілікті өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамытып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін тетіктер, — дейді Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің доценті Әсел Тутумлу «Азаттық Азия» басылымына. — Бұл тек Зангезур дәлізіне ғана емес, Орта дәлізге де қатысты. Егер Зангезур дәлізі жұмыс істей бастаса, Орталық Азия елдері әлемдік нарыққа аз уақытта шыға алады.
Болашақта TRIPP Түркіменстан мен Қазақстаннан Еуропаға көмірсутек экспорттау артериясына айналуы мүмкін. Бұл Еуроодақтың Ресейдің энергия ресурстарына тәуелділіктен құтылу ұмтылысына сәйкес келеді. Қазір Қазақстан мұнайды негізінен Ресей аумағы арқылы өтетін құбыр арқылы экспорттап отыр. Ал Мәскеу 2022 жылдан бері түрлі себеппен Каспий құбыр консорциумы жұмысына бірнеше рет тоқтау салған.
Теңізге шығатын жолы жоқ, айналасы да сондай елдермен шектескен Өзбекстан өз өнімдерін экспорттау үшін теңіз порттарына ең қысқа жолға қол жеткізбек. Қазір Ташкенттің сыртқы сауда құрылымында металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері басым.
TRIPP дәлізін салу үшін 3–5 миллиард доллар қажет болуы мүмкін, алайда бағыт іске қосылған жағдайда жыл сайын логистикадан 20–30 миллиард долларға дейін үнем жасалуы ықтимал.
— TRIPP-тің Транскаспий бағытына қосылуы Орталық Азия елдеріне көп
артықшылық береді. Транскавказ бөлігі өткізу қабілетін арттырып, Каспий арқылы теңіз тасымалының дамуына ықпал етуі мүмкін. Орталық Азия елдері Армениямен және бүкіл әлеммен қарапайым әрі тікелей байланысқа ие болады. Әрине, көлік инфрақұрылымының дамуы Орталық Азияны жаһандық жеткізу тізбектеріне біріктіруге жол ашады, — деп санайды Никола Контесси.
ДӘЛІЗДЕН КІМ ПАЙДА КӨРЕДІ? ҚАРСЫЛАР КІМ?
Сонымен қатар бұл дәліз – ықпал мәселесі. АҚШ-тың Оңтүстік Кавказға дендеп ене бастауы бұған дейін Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөзде делдал болған Ресейге ұнап отырған жоқ. Мәскеу TRIPP жобасына қатыса отырып қол қойылған Ереван мен Баку арасындағы бейбіт қарым-қатынас туралы декларацияға күмәнмен қарады. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл құжатта «көп мәселе әлі келісілмеген» деді.
«Құжатты АҚШ аумағында қабылдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл — көршілеріміздің егемен құқығы, — деді Сергей Лавров. — Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін көру керек, өйткені Вашингтондағы кездесуден кейін іле-шала жарияланған алғашқы өрекпіген пікірлер көп ұзамай күмәншіл көзқарасқа ұласты. Бұл әдіс болғаны да жақсы, бірақ артынан еш әрекет болмаса, онда бұл жай ғана жаңғырық болып қалмақ».
Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің Арменияны қолдауға ресурсы жеткіліксіз болып қалды. Бұған дейін ол Мәскеудің Кавказдағы сенімді одақтасы еді. Сыртқы күштердің тепе-теңдігі өзгеріп, Ереван Батысқа қарай бет бұрды.
Сарапшылар бұған дейін өзі үзілді-кесілді қарсы болып келген дәлізге қосылу туралы Арменияның прагматикалық шешімі елдің еуразиялық сауда картасындағы орнын иеленуге мүмкіндік береді деп санайды. Ол егемендігін сақтап қалады, Ресейге тәуелділігін азайтады, шетел инвестициясына жол ашады және аймақтық интеграцияға кедергі емес, керісінше белсенді түрде жол ашады.
Қыркүйекте АҚШ Арменияға TRIPP жобасын іске асыру үшін алғашқы транш ретінде 145 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. Сол айда Еуроодақтың кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос Оңтүстік Кавказға сапарынан кейін Ереванға 202,5 миллион еуро көлемінде көмек пакетін жариялады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл қаражаттың басым бөлігі TRIPP-ті дамытуға жұмсалады.
Оңтүстік Кавказда АҚШ-тың қатысуымен жүзеге асатын дәлізге Иран қарсы. Әзербайжанның түстігінде жатқан бұл ел – Вашингтонның көптен бергі қарсыласы. Иран Совет дәуіріндегі «Арас» дәлізін жаңғыртып, Әзербайжанның негізгі бөлігін Нахичеванмен жалғайтын төте жол ретінде ұсынды. Алайда TRIPP жобасы төбе көрсеткен соң бұл дәліз қажет болмай қалды.
26 тамызда Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатында Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Иран мен Ресейдің TRIPP жобасына қарсы шығуына негіз жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, егер бұл елдер конструктив әрекет етсе, одан олар да пайда көре алады, себебі Зангезур дәлізі Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы көлік дәлізіне айналады. Бірақ сарапшылар Тегеран мен Мәскеудің бұл процестен шет қалғанын сезінетінін айтады.
— Ресей мен Иран бұл үлкен ойыннан тыс қалған, қажетсіз акторларға айналды. Ал біз Түркия мен Американың аймақтағы ықпалының артқанын көріп отырмыз, — дейді Әсел Тутумлу.
Оның айтуынша, түрік басылымдары Зангезур дәлізін түркі дипломатиясының жетістігі және түркі мәдениеттерін біріктіретін күретамыр ретінде сипаттап жатыр.
— Түркия Орталық Азия мен Каспий теңізінің энергетика ресурстарына қол жеткізуге көптен бері ұмтылып келеді. Егер Зангезур дәлізі мәселесі шешіліп, болашақта бұл бағытқа газ және мұнай құбырлары қосылса, бұл Түркия үшін тартымды жобаға айналады, — деді Тутумлу. — Бірақ бұл дәліздің экономикалық мәнінен бөлек тағы бір қыры бар. Бұл түркі әлемінің дамуымен, мәдениетімен, өзіндік болмысымен байланысты. Түркия үшін бұл бір-бірінен бөлініп қалған түркі мемлекеттерін біріктіріп, пантүркистік нарративті нығайту мүмкіндігі. Анкараның түркі мемлекеттерімен аймақтық ынтымақтастығы әрдайым мәдениет, бірегейлік, түркі әлемінің жаңғыруы тақырыптарымен тығыз байланысты. Зангезур дәлізі Түркия үшін түркі мемлекеттерінің бірігуі ретінде қабылданады.
Бұл көлік дәлізі Қытай үшін де маңызды. Зангезур дәлізі Пекиннің 2013 жылы бастаған «Бір белдеу — бір жол» атты ауқымды бастамасының бір бөлігі саналатын Орта дәліздің тиімділігін арттыра алады. Бұл бастама Қытай мен Еуропаны құрлық және теңіз жолдары арқылы байланыстырады (оның аясында Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәліз, Орталық Азия арқылы өтетін Орта дәліз және Үнді мұхиты арқылы өтетін Оңтүстік дәліз бар).
ЖОБАҒА НЕ КЕДЕРГІ БОЛУЫ МҮМКІН?
Әлемдік державалар арасындағы қайшылықтарды ескерсек, Пекин мен осы дәлізді басқаратын Вашингтон Оңтүстік Кавказда ортақ мәмілеге келе ала ма? Бұл мүмкін, дейді Никола Контесси.
— Халықаралық қатынастарда бәсеке мен ынтымақтастық бір-біріне қарсы ұғымдар емес, сондықтан екі ел де прагматик болады деп ойлаймын. TRIPP келісімі АҚШ-қа халықаралық саудадағы тағы бір тар өткелді бақылауға мүмкіндік береді, бірақ бұл — Қытайға да, әлемге де бұрыннан таныс жағдай. Бұл ықпалды қалай пайдаланатыны Ақ үй мен Пекиндегі Чжуннаньхай кешеніндегі (Қытай Коммунистік партиясы басшылығының кеңселері орналасқан жер — ред.) билік иелеріне және олардың мүдделеріне байланысты болады, — дейді зерттеуші.
Алайда бұл көлік дәлізі жобасы әзірге тек қағаз жүзіндегі бастама екенін естен шығармау керек. Оның жүзеге асуы көптеген құбылмалы факторға, ең алдымен, Оңтүстік Кавказдағы саяси жағдай мен Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімдердің орындалуына байланысты.
— Әзербайжан Армениямен түпкілікті бейбіт келісімге келу үшін Ереван конституциясындағы Таулы Қарабақ туралы баптарды алып тастауы керек деген шарт қойып отыр. Мұндай өзгерістер референдум өткізуді талап етуі мүмкін, ал халықтың еркі қазіргі премьер-министрдің ойымен қаншалықты сәйкес болары белгісіз. Бұдан бөлек, Арменияда 2026 жылғы маусымда өтетін сайлауға бір жылдан аз уақыт қалды, ал Никол Пашинянның қолдау рейтингі төмен. TRIPP Арменияның саяси жүйесіне серпін беруі мүмкін, бірақ бұл бейбіт келісімді қолдайтын екі партиялы коалицияны күшейтуге жеткілікті бола ма? Жоспар бұл күрделі кедергіден өткен күннің өзінде құрылыс пен қаржыландыруда кідірістер болуы мүмкін, — деп болжайды Контесси.
29 қыркүйекте журналистермен әңгімесінде Пашинян TRIPP жобасы тоқтаған жоқ, бірақ әлі бастапқы кезеңде деді.
«Бұл бағыт АҚШ пен халықаралық қауымдастықтың күн тәртібінде тұр, — деді Армения премьері. — Баяу алға жылжып келеміз, бірақ тоқтаған жоқпыз».
Теңіз деңгейінен 2200 метр биікте орналасқан, геосаяси дау-дамайдан шалғайда жатқан Кош-Добо ауылының тұрғындары теміржол желісі бірнеше жылдан соң салынып бітеді деп үміттенеді. Бұл ауыл Бішкектен 530 шақырым жерде орналасқан, бірақ оған жету нағыз қиямет. Жолдың жартысы — ой-шұқыр. Алайда Кош-Добо тұрғындары жаңа рельс салынып, пойыз жүргенде үлкен өзгеріс болады деп сенеді.
— Машинамен де әрең жететін ауылға енді пойыз келеді. Бұл халыққа үміт береді. Бұл өте маңызды, — дейді ауыл тұрғыны Манас Насыров.