Accessibility links

Қытай мен Ресейдің «достығы» күмән туғызды


Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.

АҚШ-тағы ұлттық мүдде орталығының президенті, саясаттанушы Дмитрий Саймстың мақаласы Қытай мен Ресей қарым-қатынасындағы жаңа бағытқа арналған.

«Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Мәскеуге жасаған сапарына Америка мен Батыс елдері елеңдей қоймады. Бірақ ол – көңіл бөлуге тұрарлық сапар. Егер орыс-қытай одағы күшейсе, әлемде тұрақсыз аймақтар көбейіп, оның салмағы АҚШ пен Батыс елдеріне түседі» деп бастайды автор The National Interest басылымында наурыздың 26-сы жарияланған мақаласын.

«ЕКІ ЕЛ ДЕ ӘЛЕМДІК САЯСИ ТӘРТІПКЕ НАРАЗЫ»

Саймс Қытайдың жаңа басшысы алғашқы сапарын Ресейден бастап, Кремльде сый-құрметке бөленгенін жазған.

«Си Цзиньпин Ресей қарулы күштерін жедел басқару орталығының табалдырығынан аттаған алғашқы шетелдік басшы болды. Екі президент энергетика саласында бірқатар келісімдерге қол қойды. Бірақ олардың көбі нақты шаруадан гөрі ниетті ғана білдіретін декларацияға ұқсады» дейді сарапшы.

Саймстың ойынша, Пекин мен Мәскеудің арасындағы табиғи газ бағасы туралы дау толық шешілмесе де, екі ел түсінісуге қадам жасаған.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.

Автордың айтуынша, Обама әкімшілігіндегі бір шенеунік оған «Ресей мен Қытай басшылары Батыс назарын өздеріне аудару үшін барын салатынын» айтқан. «Шынында да орыс ақпарат құралдарының Қытай жетекшісінің Ресейге сапарын айрықша оқиға ретінде хабарлауы бұл ойымызды дәлелдей түседі» дейді Саймс. Ол ресейлік телеарнаның «Время» бағдарламасында Си Цзиньпиннің сапары үшінші маңызды мәселе ретінде баяндалғанын ескертеді. «Бірінші кезекте – орыс олигархы Борис Березовскийдің қазасы, екіншісі – Кипрдегі дағдарыс, сосын Қытай басшысының Ресейге келуі сөз болды» дейді автор.

Саймспен ой бөліскен америкалық шенеунік Қытай мен Ресейдің маңызды қадамдар жасауға көшкенін, АҚШ-тың оны елемеуі бекер екенін айтқан.

«Олардың екіжақты сауда айналымы өткен жылы 88 миллиард долларға жетті. Путин де, Си Цзиньпин де бұл айналымның өсе түскенін қалайтындарын білдірді. Энергетикалық келісім жүзеге асса, Қытай Ресейдің мұнай-газ саласын дамытуға ықпал ететін болады. Ал Мәскеу өзара қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған Еуропа Одағынан кем түспейтін әріптес табады» дейді шенеунік.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.

Автордың пайымдауынша, бұл екі елді экономикалық мәселелерден гөрі геосаяси мүдде көбірек жақындастырады. «Екі держава да АҚШ пен Батыс үстемдік ететін әлемдік тәртіпке наразы» дейді ол. Автор «Ресей мен Қытайдың БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Сириядағы жұмысына кедергі келтіріп отыруының себебі осы» деген пікір айтады. Саймс «Қытай мен Ресей басшылары халықаралық істерді шешу кезінде бұдан да тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлесе әрекет ететіндерін мәлімдегенін» ескертеді.

«ҒАЛАМДЫҚ ГЕОСАЯСИ ӨЗГЕРІС БОЛУЫ МҮМКІН»

«Орыс пен қытай стратегиялық әріптестігінің күшеюіне ең алдымен екі елдің де «Батыс елдері ішкі саясатымызға араласады» деген қаупі түрткі болды» дейді саясаттанушы.

Ол екі елдің де демократияның келешегі күмәнді, сыбайлас жемқорлық пен ұлтаралық қақтығыс ушығып тұрған мемлекеттер екенін айта келе, шетелдің, соның ішінде АҚШ пен Еуропа Одағының ішкі істеріне араласқанын қаламайтынын ескертеді.

«АҚШ пен Еуропа Одағының қытай мен орыс демократиясын жетілдіру саясаты оларға өздерін тікелей қыспаққа алып жатқандай әсер етеді» дейді сарапшы.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл.

Алайда Саймс Мәскеу мен Пекиннің бір-біріне алаңсыз сенетініне күмәнданатынын да айтады. «Оларға бір-бірімен одақтас болғаннан гөрі Батыспен жақсы байланыста болған әлдеқайда тиімді. Қытайдың Ресеймен сауда айналымы АҚШ және Еуропа Одағымен салыстырғанда ергежейлі сияқты. Оның үстіне ежелден келе жатқан ішкі қыжыл мен төрт жарым мың километр шекараны бөлісе алмау да кіршіксіз сенімге жол бермейді» дейді ол.

Тарихқа шолу жасап, орыс патшасының 19-ғасырда Еуропаға бас игісі келмегенін баян еткен автор Ресей мен Еуропаның қарым-қатынасы үнемі құбылмалы болғанын еске салады.

«Вашингтон мен Еуропа билігі Ресей мен Қытай арасындағы тоңның жіби бастағанына бекер салғырт қарап отыр. Әлемдегі ең халқы көп мемлекет Қытай табиғи қазба байлығы мен ядролық арсеналы күшті Ресеймен уақытша болса да күш біріктірсе, бұл ғаламдық геосаяси өзгеріске ұласады» деп болжайды Дмитрий Саймс.
XS
SM
MD
LG