Тәуелсіз 25 жылда бұрынғы совет республикаларының ішінде халық саны күрт кемігендері де, қатты өскендері де бар. Пост-советтік елдердің демографиялық тағдырына шолу жасап көрейік.
Пост-советтік елдерде адам саны таң қаларлық жылдамдықпен азайып келеді. 1991 жылы тәуелсіздік алған соң Украина 6 миллион адамға кеміді. Балтық елдерінде 20 пайызға жуық азамат елден кетті. Ресей халқы 2009 жылы 142 миллионнан түсіп кетті, бұл 1991 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бірақ Ресей миграция, туу көрсеткішін жақсарту, өлім санын азайту арқылы қайтадан демографиясын жақсартты. Армения мен Грузияның да халық саны азайды, ал Әзербайжанда, керісінше, қатты өсті.
Орталық Азияның жағдайы бұдан мүлдем басқаша. Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан бала туу бойынша бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Қазақстан халқы этникалық орыс және немістердің қоныс аударуынан соң 10 жылдай кеміді. Дегенмен жоғары туу көрсеткішінің арқасында қайта өсті.
Пост-советтік мигранттардың көбі Ресейге көшті. Олардың біразы одақ тараған соң туыстарын іздеп барған этникалық орыстар болса, қалғаны – білім мен жұмыс іздеп барғандар. Пост-советтік мигранттар орыс тілін біледі, әлеуметтік-мәдени тұрғыда жақын болғандықтан Ресейге жүгіреді. Үш миллион украиналық Ресейге қоныстанған. Балтық эмигранттары да қалың, бірақ олардың көбі Ұлыбритания мен Германияға қоныс аударды. Эмигранттар арасында жастар өте көп. Соның кесірінен білімді жастар азайып, еңбек нарығында бәсеке әлсіреді, бұл демографияға да теріс ықпал етіп жатыр.
1980 жылдары Совет Одағы бала санын көбейту саясатын жүргізіп, жақсы нәтижеге жетті. Бірақ бұл үрдіс көпке созылмады. СССР тараған соң барлық республикада бала туу көрсеткіші азайды. Мемлекеттік балабақшалар жабылды немесе жекешелендірілді, солайша бала қарау шығыны артты. Күнкөріс шығыны көбейіп, көп балалы отбасылар кедейлене түсті.
25 жыл өткен соң Ресей Еуропа бойынша туудың ең жоғары көрсеткішіне жетіп отыр. Бірақ демографтардың айтуынша, табиғи популяцияны сақтау үшін 2,1 шамасына жету керек. Орталық Азияда бала туу көрсеткіші азайғанымен, орын басу тұрғысынан алғанда жақсы нәтиже көрінеді. Бала туу көрсеткіші халықтың өсімін анықтаудағы негізгі фактор саналады.
2015 жылы туған Түркіменстан азаматының өмір сүру ұзақтығы 65 жыл деп есептелді, бұл эстониялық тұрғыннан 10 жылға кем. Бұрынғы совет азаматтарының өмір сүру ұзақтығы аумаққа қарай қатты ерекшеленеді. ЕО мүшесі және Шенген аумағына кіретін Эстония, Латвия және Литва өмір сүру ұзақтығы мен ЖІӨ бойынша алда тұр. Бірақ демографиялық өсім жоқ. Ресей мен Шығыс Еуропа елдерінде жағдай орташа, ал Орталық Азияда ұзақ жасайтындар аз, бірақ бала туу көрсеткіші жоғары.
Демографиялық құлдырау үкіметті де алаңдатады, себебі елдің геосаяси салмағы, экономикалық және әскери қуаты соған байланысты.
1989 жылы СССР халқы 289 миллион болып, әлем бойынша Қытай мен Үндістаннан соң үшінші орында тұрды. 25 жылдан соң бұл көрсеткіш 294 миллион адамды құрады. Бірақ 2050 жылға қарай бұл сан 284 миллионға азаяды, яғни Нигерия халқынан да аз болмақ деген болжам бар.
Кезінде 50 миллион адам тұрған Украина оншақты жылда Өзбекстаннан қалып қоюы мүмкін. Иммиграцияның арқасында Ресейдің көрсеткіші жақсы, бірақ пост-советтік Еуропадағы жалпы үрдістің орнын иммиграция толтыра алмайды. Тек Орталық Азия мен Әзербайжан (негізінен мұсылман елдері) демографиялық дауылдан сәтті өтпекші.