Accessibility links

«Бүркітке GoPro камера тағып қойдым»


Брэндон Ли, тәуелсіз режиссер-оператор
Брэндон Ли, тәуелсіз режиссер-оператор

Vimeo-дағы шағын фильмдері арқылы танылып, «көшпенді документалист» атана бастаған Брэндон Ли Азаттыққа Моңғолиядағы қазақ бүркітшілерді қалай түсіргенін айтып берді.

Бірнеше ай бұрын Баян-Өлгийдегі қазақ бүркітшілерді түсіріп қайтқан америкалық жас режиссер-оператор Брэндон Лидің «Моңғолия көшпенділері» атты шағын фильмі Vimeo сайтындағы редакторлардың таңдаулы видеоларының біріне айналды. MTV арнасында режиссер-продюсер болып жұмыс істеген Ли соңғы жылдары дүниені тоқтамай кезіп жүр.

Азаттық: - Дүниенің түкпір-түкпірінен Батыс Моңғолияға сапар шегіп, сондағы бүркітші қазақтар туралы әртүрлі фильм түсіріп жүрген документалистер мен режиссерлер көп кездеседі. Сіз үшін бұл сапарда өзгешелеу, есте қаларлық жайт болды ма? Аймақтағы халықтың тұрмысын және мәдениетінің қандай жаңа қырынан көрсете алдым деп ойлайсыз?

Брэндон Ли: - Есімде ең қатты қалған жайт күнделікті бүркітшілер мен бүркіттердің арасындағы байланысты бақылау болды. Бүркіттер отбасының бір мүшесіне айналғандай. Саятшылардың кәсібін бұлайша күнделікті жақыннан көрем деп ойламаппын. Бұрын олар тек фотосессия үшін құстарын қолдарына қондырып, тау басына аз уақытқа тұра қалады деп ойлайтынмын. Көшпенділердің ауылында тұрған кезімде бүркіттердің кәдімгідей адамдарға үйренісіп кеткенін байқадым. Тұғырларында отырғанда балалар келіп сипалап ойнап жүреді, аңшылар алдарына кесек-кесек ет тастап қояды. Саятшылар бүркітке бір үй құсы сияқты, аңшы серігі сияқты қарайды. Қарапайым өмірдегі адам мен жыртқыш құстың арасындағы осындай қарым-қатынасты көріп қайран қалдым. Көбіне видеодағы адамдар мен көрермендер арасында эмоционалдық деңгейде байланыс орнатуға тырыстым.

Азаттық: - Бұған дейін бүркітті видеоға түсірген тәжірибеңіз бар ма еді?

Брэндон Ли Балиде
Брэндон Ли Балиде

Брэндон Ли: - Өмірімде бүркітке бұлай жақындап көрмеген едім. Басында қол тигізуге қорықтым. Кейін бүркіттің жақсы танитын адамы қасымда тұрса, құстың мені жатсынбайтынын, тіпті мысық құсап сипатқызатынын білдім.

Азаттық: - Саяхаттап барған аймақтағы адамдар қандай болып көрінді? Сізбен қарым-қатынастары қалай болды?

Брэндон Ли: - Мен барғанда саятшылар фестивалі өтіп жатты. Батыс Моңғолияда күз түсе дәстүрлі екі фестиваль өтеді. Біреуі – Алтай қазақтарының бүркітшілер фестивалі, екіншісі – The Golden Eagle атты фестиваль. Мен біріншісінің үстінен түстім. Аймақтық фестиваль болғандықтан аттылы-түйелі адамдар көп болды, бәйгеге шапты, түрлі ұлттық ат ойындарын қойды. Қырдан түскен малшы жұрт жиналып өнерлерін көрсетті. Деректі фильм үшін қызық кейіпкер болады-ау деген адамдармен сол жерде танысып, сөйлестім.

Азаттық: - Аудармашыңыз болды ма?

Брэндон Ли: - Иә, аудармашым болды. Ол аймақта ешкім ағылшынша, орысша, я моңғолша сөйлемейді, тек қазақша сөйлейді. Аудармашым қазақша-ағылшынша еркін білетін адам болды, Баян-Өлгийдің халқын да жақсы таниды екен.

Азаттық: - Фильміңіз бүркітшілер туралы болғандықтан негізінен ер адамдар көзге шалынады. Әлбетте бұл дәстүрлі кәсіптің өзімен көбіне ер адамдар шұғылданады ғой. Бірақ фильм түсіру барысында Батыс Моңғолиядағы көшпенді қазақ отбасын, ондағы әйелдердің өмірін, тұрмысын жақыннан бақылай алдыңыз ба?

Брэндон Ли: - Бұл – дәстүрлі, патриархалдық, ерлердің рөлі басым қоғам. Әйелдер негізінен үй шаруашылығымен айналысады. Садақ ататындары да бар, бірақ негізінен түрлі той, фестиваль кездерінде. Ауылдарды аралап жүріп әйел адамдардың үй шаруасынан қолдары босамайтынын көрдім. Климаты қатал аймақта тіршілік етуде әйелдердің рөлі өте маңызды. Отын тасып, қи кептіріп, ас әзірлеп, үйдің малын бағып, сиыр мен сарлық, түйе сауады. Ол аз болса, әлгі бүркітшілердің тымағын, тонын, шекпенін тігеді, кесте салады.

"Моңғолия көшпенділері" атты Брэндон Лидің шағын фильмі:

"Моңғолия көшпенділері"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:27 0:00

Азаттық: - Саяхатқа жалғыз шықтыңыз ба, әлде қасыңызда көмекші түсіру тобы болды ма?

Брэндон Ли: - Продюсерім Энсли Сойер бірге сапар шекті. Энсли логистикалық жоспарлаумен шұғылданды. Жатар орнымыз, ішер асымыз, бүркітшілерге жасайтын сый-кәдеміз, бәрі соның мойнында болды. Энсли басқа ракурстан екінші камерамен кейде видео да түсірді.

Азаттық: - Деректі фильміңізді қандай аспаппен түсірдіңіз?

Брэндон Ли: - Видеоны негізінен Sony a7R II атты айнасыз, шағын, барлық жарық түріне қолайлы Dsl Art камерамен түсірдім. Негізгі камерам сол болды. Қосымша камерам - Sony RX10 II болды. Негізгіге ұқсас, бірақ кадр жиілігін секундына 120-дан жоғары етіп, баяу қозғалыс (slow motion – ред.) режимінде түсіретін мүмкіндігі бар. Салт аттыларды және саятшының қолына қонып жатқан бүркіттердің ғаламат силуэттерін видеоға тартқанда, адамдардың жүздерін жақындатып, ірі планмен көрсеткім келгенде осыны қолдандым.

Азаттық: - Кейбір кадрлар әуеден түсірілгенге ұқсайды ғой?

Брэндон Ли: - Негізі аэротүсірілім де, дрон да болған жоқ. Бірақ, иә, бір ғана аэрокадр болды. Бүркіттің ішіне GoPro камера жапсырып түсірдік. Құсқа арнайы дорбаша (Eagle backpack – ред.) кигізіп, камераны соған бекіттік. Сосын әлгі бүркітті бірнеше мәрте қызылға түсірдік. Кейін камераға түскен кейбір көріністі фильмге қостым.

Азаттық: - Шағын видеоларыңызды көбіне Vimeo сайтына жариялап тұрады екенсіз.

Брэндон Ли: - Иә, тек Vimeo-да жариялаймын. Өйткені документалист үшін жаңалығы көп платформа, оның үстіне web-cinema видеоларын түсіретін басқа адамдармен қатысып тұруға болады.

Токиода фильм түсіру сәті
Токиода фильм түсіру сәті

Азаттық: - Жанрыңызға қандай анықтама берер едіңіз?

Брэндон Ли: - Анық бір ат қоюға қиналып жүрмін, кейбір адамдар «саяхат фильмдері» (travel films) деп атайды. Түсіргендерім расында да саяхат туралы шағын фильмдер. Бірақ, менің саяхатым туралы емес, өзім кадрде жоқпын, бұлар – мәдени мини деректі фильмдер (cultural mini-docs). Мекеннің портреті (destination profile) десе де болады.

Азаттық: - Өзіңіз құсап дүние жүзін аралап, жаңаша саяхат фильмдерін түсіргісі келетін жас режиссерлер мен продюсерлерге қандай кеңес айтар едіңіз?

Брэндон Ли: - Саяхат кезінде өздеріңізді таң-тамаша қылған кез-келген затты түсіріңіздер дер едім. Елдің бәрі түсіріп жатқан нәрсені мен де түсіруім керек деп өзіңізді мәжбүрлемеңіз. «Парижге барсам, міндетті түрде Эйфель мұнарасын түсіруім керек», я «Үндістанға барсам, Тәж Махалды көрмесем болмайды» деген сезімге берілмеңіз. Қазіргі заманның саяхаты әйгілі орындарды аралаудан гөрі тәжірибе жинауға көбірек келеді деп ойлаймын. Атақты ескерткіштерді көре бергенше, сол төңіректің тұрмысын көріңіз, туристік турға шыққанша, елдің ішін аралаңыз. Егер осыны фильм түсірушілерге ыңғайлап айтар болсам, документалист белгісіз, ерекше, біртүрлілеу әрі белгілі бір аймаққа тән нәрсені іздеп табуы тиіс. Және ол нәрсені басқалар миллион мәрте видеоға түсірмеген болуы керек. Сосын сол жаңа нәрсемен етене араласып кетіп, жан рахатын тәрк етіп, сырт дүниеге шығу керек.

Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін рақмет!

XS
SM
MD
LG