Accessibility links

Вице-министр: Оңтүстік Кореяда шамамен 11 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жатыр


Сеул қаласы. Көрнекі сурет.
Сеул қаласы. Көрнекі сурет.

Оңтүстік Кореяда жалпы 15 мың қазақстандық тұрып жатыр, шамамен 11 мың заңсыз жұмыс істеп жатыр. Оларға елден өз еріктерімен кетуге кеңес берілген. Бұл жөнінде Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев хабарлады. Оның сөзінен Tengrinews үзінді келтіреді.

Шенеуніктің сөзінше, әзірге, Қазақстан Оңтүстік Кореямен еңбек етуді заңдастыру туралы келісімге қол қоя алмаған.

“Келісімді Оңтүстік Корея жағы қарастырып жатыр. Екі жылдан бері келіссөз жүргізіп жатырмыз, Оңтүстік Кореядағы саяси жағдайға байланысты үзіліс болған. Осы күздің соңына дейін келіссөзді жалғастыра береміз. Себебі тұрып жатқан 15 мың азаматтың 11 мыңы заңсыз істеп жатыр. Мұнда шара қолдану керек” деді ол.

Ертаевтың айтуынша, Корея жағы Қазақстан сол жақта заңсыз тұрып жатқан азаматтарына қатысты шара қолдануды талап еткен. Оларға елден кетуге кеңес берілген.

Министрліктің дерегінше, шетелде 126 мың қазақстандық жұмыс істеп жатыр. 102 мыңы – Ресейде, 15 мыңы – Оңтүстік Кореяда, шамамен 2 мыңы Ұлыбритания мен Еуроодақ елдерінде.

Былтыр СІМ Оңтүстік Кореяда 30 мың қазақстандық барын айтқан.

Оңтүстік Корея Орталық Азияның еңбек мигранттары көп баратын елдер қатарына кіреді. Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың көбі ол елде Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп табыс табуға болатынын айтады.

2014 жылы Астана мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін жұмыс іздеген қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға кете бастаған. Бұған дейін сол жақта жүріп, қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар құқықтары қорғалмайтынына шағымданған.

XS
SM
MD
LG