Accessibility links

Вашингтон Amnesty ұйымының Газадағы "геноцид" туралы тұжырымына келіспеді


АҚШ мемлекеттік хатшысының ресми өкілінің орынбасары Ведант Пател
АҚШ мемлекеттік хатшысының ресми өкілінің орынбасары Ведант Пател

АҚШ Израильді Газа секторында "геноцид" жасады деп айыптаған халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының тұжырымына келіспейді. Бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысының ресми өкілінің орынбасары Ведант Пател осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде "Америка дауысының" Орыс қызметі хабарлады.

Пателдің мәлімдемесі Израиль Газада палестиналықтарға қатысты геноцид жасағаны жөнінде Amnesty International ұйымының есебінен кейін жарияланды.

"Бұған дейін де (Израильді) геноцид жасады деп айыптауға негіз жоқ деп мәлімдеген болатынбыз және осы пікірімізде қаламыз. Дегенмен Amnesty International сияқты азаматтық қоғам ұйымдары, сонымен бірге құқық қорғау топтары мен үкіметтік емес ұйымдар Газада болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат пен талдау жасауда маңызды рөл атқаратынын мойындау маңызды" деді Пател.

"Газадағы гуманитарлық жағдайды шынымен де жақсартқымыз келсе, кепілде отырған адамдарды үйіне қайтарғымыз келсе және осы қақтығысты тоқтатқымыз келсе, екі жақтың да соғысты тоқтату туралы келісімге келгені ең дұрыс қадам болады. Дәл осыған күш сала береміз" деді ол.

Осы апта ортасында жариялаған ұйым баяндамасында "2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильдің оңтүстігіне жасаған сұмдық шабуылынан кейін басталған әскери операция кезінде Израиль Газадағы палестиналықтардың өмірін нағыз тозаққа айналдырды" деп жазған.

Amnesty International өкілі Аньес Калламардың айтуынша, Израиль Газада геноцид туралы конвенцияда тыйым салынған әрекеттерді жасаған.

Израиль бұған дейін бірнеше рет операция мақсаты – АҚШ пен Еуроодақта террористік деп танылған ХАМАС тобын жою деп мәлімдеген. Топ мүшелері Газада туннельдер салып, жасырынып жүргені хабарланған.

Израиль ХАМАС-тың 2023 жылдың 7 қазан күнгі шабуылына жауап ретінде Газа секторында әскери операция жүргізіп келеді. Израильде 1200-ден астам адам қаза болған, 250-ден астам адам тұтқындалып, Газаға әкетілген. Кейбірі әлі күнге дейін тұтқында отыр. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль атқылауынан 44 мыңнан астам палестиналық (басым бөлігі әйелдер мен балалар) қаза болған.

Израильдің екі шенеунігіне сүйенген Axios басылымының жазуынша, Израиль Египеттің барлау қызметі арқылы ХАМАС-қа 60 күнге атысты тоқтатуды ұсынған. Есесіне қарулы топ тұтқындағы 50-ден асқан барлық әйел мен ерлерді, жараланғандарды босатуы керек.

XS
SM
MD
LG