Accessibility links

Германия Гергиевті қарсы алуға әзір ме?


Ресей дирижері Валерий Гергиевті наразылықпен қарсы алғандар "Гергиев Украинадағы соғысты қолдайды" деген жазу ұстап тұр. Лондон, 14 мамыр 2014 жыл.
Ресей дирижері Валерий Гергиевті наразылықпен қарсы алғандар "Гергиев Украинадағы соғысты қолдайды" деген жазу ұстап тұр. Лондон, 14 мамыр 2014 жыл.

Мюнхен филармониясын басқаруға шақырылған Санкт-Петербургтегі Мариинский театры жетекшісі Валерий Гергиев Кремльді қолдайтын позициясын түсіндіріп өнер сүйер қауымға ашық хат жазды. Германияның мәдениет сыншылары бұған қатысты түрлі пікір айтады.

Валерий Гергиев – әлемдегі ең танымал дирижерлердің бірі, әрі Ресейдің көрнекті мәдени елшісі. Былтырғы жыл ол үшін мадаққа да, мазаққа да толы болды.

КРЕМЛЬДІ ҚОЛДАУШЫ

Гергиев Ресей президенті Владимир Путиннің ең даулы саяси істерінің кейбіріне қолдау танытқан. Солардың арасында гейлер құқығын аяқасты еткен шешім де бар. Дәл сол қылығын құптамағандар әйгілі дирижерді өткен күзде Нью-Йорктің Метрополитен-операсы мен Карнеги Холда наразылық шеруімен қарсы алған еді.

Мамырдың 11-і күні Гергиев Лондон симфониялық оркестрімен бірге Трафальгар алаңында ашық аспан астында өнер көрсетуге шыққан кезде жиналған халық дирижерді келемеждеген болатын.

Бұл жолғы наразылық ЛГБТ құқықтарының тапталуына ғана емес, сонымен қатар Путиннің Қырымды күштеп қосып алғанына қатысты туған. Гергиевтің бұл науқанды да ашық қолдағаны белгілі. Ол Ресей мәдениет министрі жариялаған қолдау хатқа қол қойған.

НАРАЗЫЛЫҚ ШЕРУІ ӨТПЕДІ

Гергиев өткен аптада Мюнхенге келгенде оңтүстік Германия халқы осы сияқты наразылық шерулері болар деп күткен. Ол мұнда мамырдың 22-23 күндері Мариинский симфониялық оркестрімен Стравинский туындыларын орындауға келген еді.

Кеште өнер көрсеткен пианистер Денис Мацуев пен Даниил Трифоновтың екеуі де мәдениет министрінің даулы хатына қол қойған. Ал Гергиев 2015-2016 жылы Мюнхен филармониясының музыкалық жетекшісі қызметіне шақырылған болатын. Осы екі жайт үшін бавариялықтардың көбі концертке бойкот жариялап, Гергиевпен келісім-шартты бұзуға шақырған.

Бірақ кеш барысында ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Гергиевке бойкот жариялауға шақырған мюнхендік жазушы Эйтан Финкельштейн «Мәскеуде туған мюнхендік мәдени элита соңғы сәтте тыныштықты сатып алған болар, ең болмағанда уақытша тыныштыққа қол жеткізді» деп пайымдайды.

«Шерудің өтпей қалуына бірқатар себептер бар. Бірақ ең бастысы – бұл жағдайда демократиялық қоғам пікірі тамыр-таныстыққа, үлкен ақшаға және сыбайластыққа қарсы шықты. Гергиевке филармонияның музыкалық жетекшісі болуды ұсынған композитор Родион Щедрин мен оның жұбайы Майя Плисецкая екені белгілі. Олардың Мюнхенде тұрақтанғандарына көп болды. Олар тіпті егде жастарына қарасмастан, Линцке келуге ерінбеді. Олар Гергиевке көрсетілген қолдауда «ауыр артиллерия» қызметін атқарды» дейді Финкельштейн.

АШЫҚ ХАТ

81 жастағы Щедрин мен 88 жастағы аты аңызға айналған балерина Плисецкая Гергиевпен Австриядағы кездесулерінде 6 сағаттан астам әңгімелесті деп жарияланды. Нәтижесінде Гергиев көлемі ұзақ, екіұштылау ашық хатын жазды. Мюнхендегі концерттерінің алдында жарияланған хатта дирижер өз ұстанымдарын қорғап баққан. Ал кей жерінде германиялық тыңдармандарды көзқарастарының толерантты екеніне сендіруге де тырысқан.

«Ресей қоғамының бір бөлігі Батыстың фундаменталды принциптерінен өзгеше өмір сүретінін елемеуге хақым жоқ» дейді ол. Бұл – Ресейдің гейлерге қарсы заңдарына меңзегені.

«Мен өз халқым мен оның салттарын құрметтеймін... Бірақ менің ең берік ұстанымдарымның бірі – өзгелерді және олардың жеке өмірін құрметтеу. Менің ансамблім мен тобымда жеке ұстанымыма қатысты айып тағатын бірде-бір жан жоқ» дейді ол.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) дирижер Валерий Гергиевті "Еңбек ері" атағымен марапаттады. Мәскеу, 1 мамыр 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) дирижер Валерий Гергиевті "Еңбек ері" атағымен марапаттады. Мәскеу, 1 мамыр 2013 жыл.
Хат Мюнхеннің өнерсүйер қауымының ашуын басқанға ұқсайды. Қоғамдық пікір сауалнамаларына тұрғындардың көбі «саясат пен өнерді араластырмаған жөн» деп жауап берген. Бірақ Украина дағдарысы Батыс халқының Ресейге деген наразылығын мейлінше өршітіп жатыр. Сондықтан Гергиев Мюнхенде жайбарақат жұмыс істей алмауы да мүмкін.

Мюнхендік музыка сыншысы Йохен Эйхнердің айтуынша, Гергиевтің хаты барлық тараптың абыройын сақтап қалды. Ол өз қарсыластарын мойындағандай болғанымен, әлі де өз ұстанымтарынан бас тартқан жоқ.

«Бұл дауға қатысты тараптардың барлығы бірдей қанағаттанды ма, жоқ па – айту қиын. Хатта бұлыңғыр сөздер көп. Гергиев шынайы көзқарастарын жайып салған жоқ. Бұны «барлық тарап қатысқан саяси жоралғы» деп атауға болады. Құрығанда әзірге осы жоралғы да жетеді, енді музыкаға орала берсек болады» дейді Эйхнер.

Юрий Векслердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан.
XS
SM
MD
LG