Азаттық радиосы

Вакцина міндетті ме? Екпе алған соң не істеу керек? Сізді мазалаған сұрақтарға жауап

Азаттық радиосы

Қаң. 29, 2021

Қазақстан 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе салуды бастамақ. Билік вакцина алу міндетті емес деп мәлімдесе де, жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Ол қандай екпе және қашан қолжетімді болады? Екпе салдырған соң не істеу керек? Жұртты мазалаған сұрақтарда жауап беріп көрелік.

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ЕКПЕ САЛАДЫ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде 1 ақпаннан бастап ресейлік "Спутник V" екпесі салынатынын мәлімдеді. Ал 15 ақпаннан бастап осы ресейлік вакцинаның Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін дозалары егіледі. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Оның 2 миллионын жылдың бірінші жартысында қамтымақ. Ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамға салынады. Үкімет сәуірден бастап қазақстандық QazCovid-In вакцинасы егілетінін мәлімдеді. QazCovid-In сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Үш мың еріктіге екпе салынды. Олар қазір бақылауда. Министрлік қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген.

ЕКПЕ САЛУ МІНДЕТТІ МЕ?

Денсаулық сақтау министрлігі екпе ерікті түрде салынады дейді. Министрлік "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 77-бабына сілтеп, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асатынын айтады. Билік вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартып я салдыруға келісім бересіз.

"СПУТНИК V" ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Ресей президенті Владимир Путин "Спутник V" екпесін салуға тамызда рұқсат берген. Сол кезде ғалымдар ресейлік екпенің үшінші сынақ кезеңінен өтпей жатып жаппай егуге рұқсат берілгеніне алаңдап, вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген.

"Спутник V" екпесі

Вакцинаның ресми сайтында сынақтың бірінші-екінші кезеңі туралы ғана айтылған. Сәтті өткен дейді. Үшінші кезең туралы ақпарат жоқ. Sputnikvaccine.com сайтында тек ресми тіркеуден кейінгі сынаққа 40 мыңдай адам қатысқаны хабарланған. Ресей билігі желтоқсанда бұл екпенің тиімділігі 92 пайыз деп жариялаған еді. Бұл Алжир, Аргентина, Беларусь, Боливия, Палестина, Түркіменстан, Венгрия, Парагвай және Венесуэлада ресми түрде тіркелді. Еуропа одағы ресейлік вакцинаны тіркеу мәселесін әлі қарастырған жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДА ЕКПЕ АЛДЫМЕН КІМДЕРГЕ САЛЫНАДЫ?

Министрліктің мәліметінше, бірінші кезекте екпені инфекциялық ауруханаларда, жедел жәрдемде жұмыс істейтін медқызметкерлер, санэпидқызметкерлер алады. Екінші кезеңде мектеп мұғалімдеріне, университет оқытушыларына, бірінші кезеңге кірмеген медқызметкерлерге салынады. Үшінші кезеңде екпе мектеп-интернаты мен балабақша педагогтары, студенттер мен созылмалы ауруы бар адамдарға егіледі. Билік бұған қоса төтенше жағдай мамандары, полицейлер, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне де екпе салмақ. Үкімет екпе бүкіл халыққа сәуір-мамыр айында қолжетімді болады деп болжайды.

ЕКПЕ САЛУ ТЕГІН БЕ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов 27 қаңтардағы брифингте "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін болады. Тиісті қаражат мемлекет резервінен алынады, бұл шығын есептелді" деді.

ЕКПЕНІҢ КЕРІ ӘСЕРІ БОЛА МА?

АҚШ-тың індетті алдын алу орталығы және Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, коронавирусқа қарсы екпеден кейін дене қызуы қысқа уақыт көтеріліп, вакцина салған орын қызарып, ісінуі мүмкін.

ЕКПЕНІ КІМДЕРГЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулығына сай, "Спутник V" және QazCovid-In екпесі 18 жасқа толмаған балаларға және 65 жастан асқан қарттарға салынбауы тиіс. Бұл топтағы адамдарға екпе қалай әсер ететіні толық зерттелмеген. Бірақ министрлік екпе бұл топтағы адамдарға ерікті түрде салынады дейді. Ведомство Жамбыл облысының 67 жастағы әкімі Бердібек Сапарбаевтың QazCovid-In екпесін сынақ ретінде алғанын "өз еркімен салдырды" деп түсіндірді.

Бұған қоса, ауыр аллергиясы барларға, бүйрек пен бауырдың созылмалы ауруларына шалдыққандарға, қант диабеті барларға, эпилепсияға шалдыққандарға, қатерлі ісікпен ауыратындарға, инсульт алғандарға, жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандарға, иммунтапшылығына шалдыққандарға, астмамен ауыратындарға, өкпесі ауыратындарға екпе салынбауы мүмкін. Бұл дертке шалдыққандарға вакцина егуге болады, бірақ оған дәрігердің рұқсаты керек.

ЕКПЕ ҚАЛАЙ САЛЫНАДЫ?

Екпе екі дозадан адамның иығына салынады. Алдымен 0,5 мл бірінші доза салынып, арада 19-23 күн өткенде тағы 0,5 мл салынады. Екпе салардың алдында дәрігер дене қызуын, сатурацияңызды, қан қысымыңызды, жүрек соғысыңызды, ауыз қуысын тексеруі тиіс. Егер адамның ыстығы 37 градустан жоғары болса екпе салынбайды. Екпенің бір флаконында 3 мл доза болады. Бір флакон бес адамға салуға жетеді. Екпенің сырты бүлінсе қолдануға болмайды.

Екпе иықтан төмен тұсқа салынады

ЕКПЕ АЛҒАН СОҢ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Вакцина алған соң 30 минут бойы медициналық мекемеде, дәрігердің бақылауында болыңыз. Одан соң үш күн бойы тұрғылықты жеріңіздегі учаскелік дәрігерлердің бақылауында боласыз. Бұдан басқа, вакцина алған соң қолыңызда екпенің кері әсері болып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, қайда хабарласуға болатыны жайлы ақпарат жазылған қағаз берілуі тиіс.

ЭЛЕКТРОНДЫ ПАСПОРТ БОЛМАСА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛА МА?

Қазақстан билігі вакцинацияның электронды паспортын енгізбек. Азаттық тілшісі 27 қаңтардағы брифингте Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шорановтан "егер адам екпеден бас тартып, қолында вакцинацияның электронды паспорты болмаса қандай да бір шектеу қойыла ма?" деп сұрады. Шоранов "паспорттың мақсаты – адамның иммундық статусын білу және екпе салуды жоспарлау. Ешқандай шектеу көзделмеген" деді. Министрлік электронды паспортта адам қандай вакцина алғанын, қашан алғанын, екпеден соң кері әсер болған-болмағаны жазылады деп отыр. Бірақ ведомство болашақта кейбір елдер екпе алмаған адамдарды кіргізбеуі мүмкін дейді. Кейбір әуе компаниялары да екпе алғандарды ғана ұшаққа отырғызатын ереже қабылдауы мүмкін.

COVID-19 ІНДЕТІНЕН АЙЫҚТЫМ, ЕКПЕ АЛМАЙ ҚОЙСАМ БОЛА МА?

АҚШ-тың індетті алдын алу орталығы коронавирус жұқтырып, айыққан адам да екпе алуы керек, вирус қайта жұғуы мүмкін деп санайды. Екпе шамамен 40-45 күннен кейін вирусқа төтеп бере алады. Екпе алған соң да ағзаңыздан вирус табылуы мүмкін.

КЕЙБІР ЕКПЕНІҢ ҚҰРАМЫНДА КОРОНАВИРУС БАР ДЕЙДІ. ЕКПЕ АЛСАМ АУЫРЫП ҚАЛУЫМ МҮМКІН БЕ?

Америкалық Pfizer және Moderna екпесінде коронавирустың генетикалық коды бар. Бірақ бұл екі екпеде де тірі коронавирус жоқ. Сондықтан екпе алған адам Covid-19 дертімен ауырмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Батыс елдерінің ғалымдары пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы вакцина екенін айтады.

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙЛІК ВАКЦИНАҒА ҚАНША ЖҰМСАМАҚ?

Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ. Мұны 27 қаңтардағы брифинг кезінде Азаттық сауалына жауап берген Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов айтты. Оның сөзінше, вакцинаның бір бөлігі Ресейдің өзінен сатып алынады, ал бір бөлігін Қарағанды фармацевтика кешені өндіреді. Желтоқсанда мұнда "Спутник V" вацинасының алғашқы сынақ нұсқасы шығарылған.

"Бюджетте жалпы 10 миллиондай адамды қазақстандық, ресейлік және бәлкім басқа [вакцинамен] қамтамасыз етуге жететін қаржы қарастырылған, оның көлемі шамамен 50 миллиард теңге. Соның ішінде Ресей вакцинасының 2 миллион дозасы бар. Екі дозаға 20 доллардан, жалпы 14 миллиард теңге" деді Шоранов.

ҚАЗАҚСТАН БАСҚА ЕКПЕЛЕРДІ АЛА МА?

Қазақстан үкіметі Қытайдың Sinovac, Sinopharm және АҚШ-тың "Pfizer" компаниясымен екпе сатып алу бойынша келісім жүргізіп жатқанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі елге Pfizer екпесі 2020 жылдың екінші жартысында келуі мүмкін деген.

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЕКПЕЛЕРДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Қазір Pfizer/BioNTech (АҚШ/Германия), Moderna (АҚШ), Oxford/AstraZeneca (Ұлыбритания) және ресейлік "Спутник V" вакцинасы бірнеше елде ресми тіркелген. Төрт екпе де екі дозадан салынуы тиіс. Бұл екпелердің айырмашылығы қандай?

Қазір Қытай мен Үндістан өз екпелерін салып жатыр.

Мақалада Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің, АҚШ-тың індетті алдын алу орталығының деректері мен Reuters, BBC ақпараттары қолданылды.