Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай Қазақстандағы АҚШ елшілігі биыл бірқатар шаралар ұйымдастырды. Оларда негізінен үш тақырыпқа: инновация, достық және әріптестікке назар қойылған. Тамыздың 5-7 аралығында Алматыда осы шаралардың бірі – музыка, фильмдер және мәдениет фестивалі – USKZ Fest болып өтті.
Алматыдағы USKZ Fest шарасы

Фестиваль өткен үш бойы Алматының орталық демалыс саябағына кіреберісте мұнда USKZ Fest өтіп жатқаны туралы хабарлаған баннер ілулі тұрды.








Фестиваль күндері АҚШ-та білім алып, табысқа жеткен қазақстандықтар туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Олардың кейбірі фестивальге келіп, Америкада қалай білім алғаны жайлы айтып берді. Мысалы, Шолпан Пірімбетова провизор дипломымен Нью-Йорктегі Колумбия университетінде екі жыл білім алған. Екі жолы университетке түсе алмаған Шолпан үшінші рет талпынғанда оқуға қабылданған. Ол Америкада білім алған кезең өмірінің ең жарқын сәттерінің бірі екенін айтады. Ол Колумбия университеті студенттеріне мемлекет басшыларымен кездесіп, оларға сұрақ қою еш қиындық тудырмайтынын әңгімелеп берді. Мысалы, АҚШ-та оқып жүрген кезінде ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысқан. Шолпан өзі түсірген мемлекет басшыларының фотоларын үлкен экраннан көрсетті. Қазір ол Колумбия университеті жанындағы «Орталық Азиядағы ғаламдық денсаулықты зерттеу орталығы» аймақтық директорының орынбасары болып жұмыс істейді.


Тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-та болып қайтқан сәнді киім үлгілерін жасайтын қазақстандық он дизайнердің төртеуі – Ольга Стан, Ерлан Жолдасбеков, Гаухар Ахметова және Камила Курбани фестиваль кезінде өз туындыларын жұртшылыққа көрсетті.
Суретте – дизайнер Гаухар Ахметованың қолынан шыққан киім үлгілері.