Accessibility links

Америка хикаялары: бауырмал қала


Лоуел қаласы, Массачусетс штаты, АҚШ
Лоуел қаласы, Массачусетс штаты, АҚШ

Массачусетс штатындағы Лоуел қаласының иммигранттарды құшақ жая қарсы алатын дәстүрі бар. Ирактық Ахмед Әл-Зубайд отбасының бұл дәстүрмен танысуына төтенше жағдай себеп болыпты.


АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Лоуел қаласы сондай үлкен де емес. Бар жоғы 100 мың шамасында ғана халық тұрады. Бірақ, бұл тұрғындарды өзгелерден ерекше етіп тұрған қасиет бар.

ТАҒДЫРЫ ҰҚСАС ТҰРҒЫНДАР ҚАЛАСЫ

Лоуелдің АҚШ жеңіл өнеркәсіп тарихы үшін маңызы зор қала екендігін жұмысшылар мақтанышпен айтады. Айтса айтқандай-ақ біраз жұрт бұл шаһарды Американың өнеркәсіп төңкерісінің бесігі деп таниды.

Бірақ, Лоуел қаласын одан да ерекше етіп көрсетіп тұрған бір қасиеті - оның шетелден келген иммигранттарды құшақ жая қарсы алатын ғажайып дәстүрі.

Қаланың жергілікті The Lowell Sun газеті бұл дәстүр жайында былай деп жазады: «ирландиялықтар Лоуелге «картоп аштығынан» аман қалу үшін келді, Еуропаның еврейлері нацистерден бас сауғалап келді, гректер азамат соғысынан мезі болып осында жетті, камбоджалықтар болса еліндегі геноцидтен қашып келді».

ИРАКТАН – ЛОУЕЛГЕ

Ирактықтар Лоуел қаласының достық құшағын іздеп келген әзірше ең соңғы топ. Соңғы бірнеше жылда бұл шаһарға Ирактан 50 шақты әулет көшіп келген.

Жаңадан келгендердің көбі – Ирактағы АҚШ әскерімен бірге жұмыс істегендер. Осы жұмыстың кесірінен олардың өздері де, үрім-бұтағы да зор қауіп пен қатерге душар болған.
Ирактық қауіпсіздік күштерінің мүшесі мен жай тұрғын суретке түсіп тұр. Сулаймания, 22 сәуір 2011 жыл
Ирактық қауіпсіздік күштерінің мүшесі мен жай тұрғын суретке түсіп тұр. Сулаймания, 22 сәуір 2011 жыл

Ахмед Әл-Зубайд та Лоуел қаласына аман жеткенге дейін бала-шағасымен түрлі қауіп-қатерден сақтанып, қиын жағдайда бас сауғалап жүрген.

Америкаға көшіп келгенге дейін олар Өзбекстанда тұрған. Ол жақта Иракта туып өскен журналист бірнеше жыл бұрын Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейннің адамдарды қинағаны жайлы мәлімет жариялап жіберген.

Артынша-ақ телефон арқылы оған қоқан-лоқы жасау басталған. Бір күні түнде оны белгісіз біреулер ұстап алып, аяусыз соққыға жыққан. Сол соққы мен тепкіден қалпына келу үшін ол екі ай ауруханада жатып емделуге мәжбүр болды.

"ТАСПЕН АТҚАНДЫ АСПЕН АТ"

Қаңтардың 4-де әлдекімдер Лоуел қаласының шет жағынан Ахмед мен оның қызы Лейла маусым айында ашқан ирактық үлгідегі ресторанның терезесін сындырып, салмағы тоғыз келі зілдей қара тасты ішке қарай лақтырып кеткен. Бұл әрекет Ахмедтің отбасындағы ұмытылып бара жатқан қорқыныш сезімін қайта ұлғайтты.
Жағымсыз жаңалық қаладағы Ирактан келген иммигранттардың арасына әп-сәтте таралып кетті. Бірнеше күннен соң Патрик Скэнлон есімді Вьетнам соғысының ардагері әл-Зубайр өзінің туған қаласының атымен атаған «Вавилон» ресторанына арнайы барды.

64 жасар Скэнлон «Бейбітшілік ардагерлері» деп аталатын топтың Үлкен Бостон деп аталатын филиалының үйлестірушісі және қазіргі уақытта Ирактан келген иммигранттарға өз еркімен жәрдем беруші. Ол Әл-Зубайрдың үйіне қонақ боп барғанда отбасының үрейі ұшып отыр екен.

Мұны көрген Скэнлон екі білегін түріп, іске кіріскен. Ол өзінің ардагер әскери достарын жинап, жәбір көрген отбасы мен Лоуелдегі басқа да Ирактан келген иммигранттарға бұл жерде оларға қандай қолдау мен жәрдем барын көрсету үшін «Вавилонда тамақтану» деген іс-шара ұйымдастырып үлгерді.

Қаңтардың 15-і күні Корей соғысының, екінші дүниежүзілік соғыстың, Вьетнам, Ауғанстан және Ирактағы соғыстың 50 шақты ардагері достарымен, бала-шағаларымен түгел тегіс жиналып, ресторанды лық толтырады. Жергілікті және ұлттық БАҚ бұл оқиғаны жалпыға жария етеді.
"Ардагерлер бейбітшілікті қолдайды" атты ұйым мүшелері шеруге шықты. Питсбург, 25 қыркүйек 2009 жыл
"Ардагерлер бейбітшілікті қолдайды" атты ұйым мүшелері шеруге шықты. Питсбург, 25 қыркүйек 2009 жыл

Скэнлон жергілікті The Lowell Sun газетінің тілшісіне: «Ахмед «Вавилон» ресторанын ашып, қазір «нағыз американдық арманмен» өмір сүріп жатыр. Ол алты айға жетпейтін уақыт ішінде екі ресторан ашып алды» деп сұқбат берді. Скэнлон тек Ахмедтің обасына жәрдем көрсетіп жатқан жоқ, сонымен қатар оның ресторанында жұмысқа жалдаған басқа да ирактық жақындарына да қолдау көрсетіп жүр.

- Мейлі кім болса ол болсын, бұл терезеден ешкімнің де тас лақтыратын жөні жоқ. Біздіңше бұл әрекет – жексұрын қылмыстың бір түрі. Жалпы алғанда мүлде қабылданбайтын әрекет. Онсыз да талай қиындықты бастан өткерген бұл адамдарды қорқытып-үркіту мейлі осы Лоуелде болсын, басқа жақта болсын ақылға сыймайтын әрекет.

Көбіміз соғыста болып келгенбіз, бүгін мұнда Ирак соғысының ардагерлері де келді, біздің барлығымыз мына адамдарды қорқытып-үркіту үшін түн ортасында біреудің осындай қиянат жасағанына наразымыз. Біз мұнда қолдау көрсету үшін жиналдық. Бүгін кешке осында тамақтанып, ресторанды лық толтырмақпыз. Мақсатымыз - осы адамдармен бірге екендігімізді және оларды қолдауға дайын екенімізді көрсету, - деді Скэнлон.

КСЕНОФОБИЯНЫҢ ЕМІ

Сол күні түсірген видеодан Ахмед Әл-Зубайдидің осыншама көп халықтың ресторанына ағылып келіп, жаппай жиналып жатқанын көріп таң қалғаннан аз-маз есеңгіреп тұрғанын байқауға болады.

- Бұл іс-шараға қатысудың өзі бір ғанибет. Себебі бұл шара адамдардың бейбітшілікті сүйетінін, нәсілшілдіктен туатын қылмыстарды жек көретінін және Лоуелдей ғажайып қалада елдің қылмысты жек көретінін көрсетеді, - деді Скэнлон.

Терезеден тас атқан кінәлі кісі ұсталды. Ол кінәсін мойындады, бірақ жек көргеннен тас атқам жоқ деп ақталды. Полиция оның сөзіне сеніп отырса да, иммигранттардың Скэнлон сияқты қорғаушылары оған сенбейді. Олар ұсталған қылмыскер бұл істі, Америка сегіз жылға созылған қанды соғысты бастан кешкен елге қарсы жеккөрініштен жасаған деп санайды.
Мынадай ұйымшылдық біздің еңсемізді көтеріп, дем береді. Енді жүрегімде қорқыныш жоқ. Себебі бізді керемет адамдар қолдап тұр.

Американың негізін эмигранттар қалаған. Бұл – осы елді әлемнің басқа мемлекеттерінен ерекше қылып тұрған бірден-бір сипат. Бірақ, соғыс кезінде тек «түрі, я нәсілі дұшпанға ұқсайды» деген желеумен Америкаға көшіп келіп жатқан жұртты кеудесінен итерген оқиғалар тарихта талай кездескен. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде америкалық жапондар лагерьлерге айдалды, америкалық немістер азаматтық бостандықтарынан айрылды. 2001 жылғы 11 қыркүйектен соң және одан беріде болған терактілерден кейін АҚШ билігі елдегі мұсылмандарды жаппай аулап, оларды сұрақтың астына алды. Бірақ, олардың көбі кінәсіз болып шықты.

Алайда Ахмед Әл-Зубайдидің басындағы ахуалды жақсарту үшін Лоуел халқының қолданған әдісі солтүстік–шығыс Американың тарихи тұрғыда полиэтникалық болып қалыптасқан қаласында шетелдіктерге деген жеккөрінішке орын жоқ екенін көрсетті. Себебі бұл қаланы иммигранттар салған.

Бұл мекеннен сенімді пана тапқан Ирак азаматы ресторандағы лық толған залға қарап тұрып Азаттық тілшілеріне: «Мынадай ұйымшылдық біздің еңсемізді көтеріп, дем береді. Енді жүрегімде қорқыныш жоқ. Себебі бізді керемет адамдар қолдап тұр» деп ағынан жарылды.
XS
SM
MD
LG