Accessibility links

Обама мен Ромни қару ұстау мәселесін неге айтпайды?


АҚШ президенті болудан үміткер Митт Ромни (сол жақта) мен Барак Обаманың балауыз мүсіндері. 1 қазан 2012 жыл.
АҚШ президенті болудан үміткер Митт Ромни (сол жақта) мен Барак Обаманың балауыз мүсіндері. 1 қазан 2012 жыл.
Биыл АҚШ-та қоғамдық орындарда оқ тиіп қаза тапқан, я жараланған адамдардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ Обама мен Митт Ромни сайлауалды кампания кезінде бұл туралы жақ ашпайды.

Колорадода 12 адам, Висконсинде 9 адам, Минесотада 5 адам, Калифорнияда 7 адам оқ тиіп өлген. Биыл АҚШ-та қоғамдық орындарда қаза тапқандардың толық емес тізімінің өзі адамның зәресін ұшырады. Толық тізімі жасалғанда, өлгендердің саны жаңа рекордқа жетпекші. Бұл қорқынышты статистика президенттік сайлаудың қызған кезінде мәлім болды. Бірақ бұл мәліметтерді президент Обама мен оның республикашыл қарсыласы Митт Ромнидің аузынан ести алмайсыз. Екеуі де қарулы қақтығыстар мен қаруды бақылауға алу жайында үнсіз қалуға тырысты.

Биыл ақыл-есі кеміс адам жетіатар мылтық пен екі тапанша алып, Колорадо кинотеатрында отырған 12 адамды атып тастады. Президентікке таласқан екі кандидат та қаруға қатысты заңдарды күшейту жайында айтқандары болмаса, жаңа заңдар қабылдауға шақырған жоқ.

Президенттік дебатқа қатысып отырған бір азамат: «Сіздердің қайсыңыз көшеде қару қолдануды тоқтатар едіңіз?» деп сұрағанда олардың екеуі де бұл сұраққа нақты жауап берген жоқ.

Ромни «Мен қару иелену жайлы жаңа заңды ұнатпаймын» деді де салауатты
Митт Ромни мен Барак Обама дебатта отыр. Флорида, 22 қазан 2012 жыл.
Митт Ромни мен Барак Обама дебатта отыр. Флорида, 22 қазан 2012 жыл.
отбасының маңыздылығы жайында айтып кетті. Обама болса атыс қаруына тыйым салу туралы заңды қайда қарап көруге болатынын ескертіп, әңгіменің ауанын сапалы оқу жүйесіне қарай бұрып жіберді.

Олардың қашқақтай берген жауаптарын әртістер әжуалап, Saturday Night Live комедиялық телешоуында пародияға айналдырды. Хабарда мынадай көріністер бар:

Әйел: Менің білгім келгені - сіздер АК-74 сияқты атыс қаруын көшеде алып жүретіндерді тоқтату үшін не істер едіңіздер?

«Ромни»: Ештеңе істемес ем.

«Обама»: Мен де ештеңе істемес едім.


Сайлау кезінде қаруды қадағалау мәселесін талқылаудың аздығы адамдарды таң қалдырды. Себебі екі кандидат та бұрындары қаруға қатысты қатаң заңдарды ашық қолдап келген еді.

Массачусетс штатының губернаторы ретінде Ромни: «Мен өз штатымның қаруға қатысты қатал заңдарын қорғаймын» деп, атыс қаруын алып жүруге тыйым салатын заңдарға қол қойған.

Обама қылмыс көрсеткіші жоғары боп саналатын Чикаго штатының сенаторы болып жүргенде: «Біздің мұнда федералдық деңгейде сонымен бірге штаттың деңгейінде қару ұстауды қатаң түрде қадағалу туралы заң қабылдағанымыз өте қажет мәселе» деген.

Бірақ президент болған төрт жылдың ішінде Обама керісінше ұлттық парктер мен пойыздарда қару тағынып жүруге рұқсат беретін заңға қол қойған.

Колорадо кинотеатрындағы атыстан соң Обама өзінің президенттік әкімшілігінің
Канзастағы қару-жарақ дүкені. АҚШ, 26 шілде 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Канзастағы қару-жарақ дүкені. АҚШ, 26 шілде 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
қаруды қадағалау мәселесі бойынша нендей істер атқарғаны жайлы айтқан. 2011 жылы Тусон паркінде болған атыста 8 адам өліп, АҚШ шенеунігі Габриел Гиффорд мүгедек болып қалған соң Обама өзін мұндай қылмысқа қарсы шешім қабылдауға міндеттімін деп санаған.

«Осындай трагедия болғанда оған қарсы бір нәрсе жасағың келіп, қатты ышқынасың. Жаңа реформалар, жаңа заңдар қабылдау жайында мәселе көтеріп жатамыз. Бірақ ол бастамалардың көбін саясаткерлер мен лоббилер өткізбей тастайды. Мен Тусондағы оқиғаның алдында бұл мәселе бойынша алған бетімізден қайтпаймыз дегем. Ал мынадай жағдайдан соң өз бетімізше шешім қабылдауға мүмкіндік аламыз» деген еді Обама.

Оның атқардық деп санап шыққан істерінің көбісі қылмысты азайту үшін негізінен мектеппен, шіркеумен, және жергілікті заң шығарушы органдармен үкіметтің бірлесіп атқарған шаралары боп шықты.

«Қару иеленуді бақылау саясаты» атты кітаптың авторы, Нью-Йорк мемлекеттік университетінің саясат ғылымының профессоры Роберт Спицердің айтуынша
Митт Ромни (сол жақта отыр) мен Барак Обаманың дебат кезіндегі қол қимылдары. Нью-Йорк, 16 қазан 2012 жыл.
Митт Ромни (сол жақта отыр) мен Барак Обаманың дебат кезіндегі қол қимылдары. Нью-Йорк, 16 қазан 2012 жыл.
Демократиялық партия өзінің тарихында үнемі қаруға қатысты қатаң заңдарды қолдап келген. Бірақ демократ Альберт Гор 2000 жылғы президенттік сайлауда республикашыл Джордж Буштан аз ғана дауыспен жеңілген соң демократтар бұл көзқарастарынан бас тарта бастады.

- Демократтар Гордың сайлауда жеңілу себебі оның қаруға қатысты қатаң заңдарды жақтағандығынан болды деп ойлады. Қазір бұл мәселе соңғы бірнеше жылда болған оқиғаларға қарап, соған байланысты деп сараптауға келмес. Бірақ демократтарда қару проблемасын көтере беру бедел әпермейді деген күшті сенім пайда болды, - дейді зерттеуші.

Осыдан соң демократтар қаруға қатысты қатаң заңдар шығару жайлы айтуды мүлде тоқтатты да, партияның беделін көтеру үшін қару иеленуді қолдайтын саяси жетекшілерді тарта бастады. Бірақ президент Обама қаруға қатысты заңдардың аясын кеңейтіп, қару иеленушілерді соншалықты қыспаққа алмаса да, олардың Обаманы екінші рет сайлағысы жоқ.

Өте танымал ұлттық қару ассоциациясының директоры Уейн Лапьер «қару ұстап жүретіндер бұл сайлауды өмірлеріндегі ең қауіпті сайлау деп біледі» дейді. Лоббилік топтың өкілі Эндрю Аруланандам:
Қару ұстаушылар мен аңшылар Американың осы бір ең үлкен еркіндігін алып қоя ма деген қауіппен Обаманы екінші рет сайламауға бел байлап отыр.

- Бұлай болатын себебі, қару ұстаушылар мен аңшылар Американың осы бір ең үлкен еркіндігін алып қоя ма деген қауіппен Обаманы екінші рет сайламауға бел байлап отыр, - деп санайды.

Олар Митт Ромни бұл еркіндікті қорғап қалады деп үміттенеді. Ромни сәуір айында ұлттық қару ассосациясының жылдық сьезіне қатысқан. Кезінде аталған ұйымның көзқарасымен келіспейтінін мәлімдеген Ромнидің сайлау алдындағы сөзі басқаша шыққан.

«Бізге аңшылар мен спортшылардың құқығын және отбасыларын қауіптен қорғағысы келетін адамдардың құқықтарын қолдайтын президент керек. Обама олай жасамайды. Мен жасаймын. Егер де біз конституциядағы 2-ші түзетуді сақтап қалғымыз келсе, Обама назардан тыс қалдырған, не болмаса қару иеленуге қатысты аясы тарылған заңдарды қорғап қалатын президентті сайлайтын кез келді» деген ол.

- Бірақ қару тағынуға рұқсат беретін заңдарды қолдамайтын, керісінше осыған орай қатаң заңдар қабылданғанын жақтайтын миллиондаған америкалықтардың алдында Ромни үнсіз қалады, - дейді Спицер.

- Ромни қазір Америкадағы бір тоқтамға келмеген центристердің дауысын жеңіп алатын жерде тұр. Олар – идеологиялық экстремизмге бой алдырмаған халықтың өте көп бөлігі. Осыған байланысты Ромни Америкадағы саясаттың қақ жүрегіне жақындай түсті. Бірақ қару құқығы жайлы және осы проблемаға қатысты ешқандай заң жобаларын ұсынбау тактикасы әлі де бір шешімге келмеген, бірқалыпты центрист сайлаушылардың дауысын жеңіп алам деген әрекетіне жәрдемін тигізбейді, - деп санайды ғалым.

Америкалықтардың қаруды қысқарту туралы өтініш жасамауы екі кандидаттың да қару иелену жайлы айтқысы келмейтін көңіл-күйлерін оңайлатып тұрған тағы бір факт.

1990 жылы халықтың 78 пайызы қару-жарақ саудасын реттейтін қатаң заңдарды талап еткен. 2011 жылы халықтың 43-ақ пайызы осы талапты қайталаған. Қазір халықтың 55 пайызы қаруға қатысты қазіргі заңдарды жұмсарту керек деп санайды.

Спицер бір шетінен қоғамдағы мұндай әртүрлі көңіл-күй баспасөз беттерінде жазылып жатқан тонау, қоғамдық орындардағы атысқа байланысты өзгеріп тұрады. Бәрібір өзін-өзі қорғау мақсатында көп адам қару-жарақ ұстағысы келеді. Тіпті қару ұстамайтын америкалықтардың өзі де отандастарының не себепті қару иеленгісі келетінін жақсы түсінеді.

- Қоғамда қару ұстағысы келетіндердің де құқығы қорғалуы тиіс деген сенім қалыптасқан. Адамдардың көбі қару ұстаушылар себепсіз оқ атпайды деп сенеді, - дейді ол

ҚАРУ ТУРАЛЫ БЕС САУАЛ

АҚШ Конституциясы қару иелену құқығы туралы не дейді?


АҚШ конституциясына енгізілген 2-ші түзету «адамдардың қару сақтауына және қару ұстап жүруіне қатысты құқықтары бұзылмайды» дейді. Негізі түгел сөйлемде былай жазылған. «Жақсы ұйымдастырылған халық жасағы азат елдің қауіпсіздігі үшін қажет болған жағдайда олардың қару сақтауына және қару алып жүруіне қатысты құқықтары бұзылмайды». Бұл сөйлем 1791 жылы АҚШ-тың өзінің жеке милициясы болмай тұрып жазылған. Осы себепті де кейбір адамдар 2-ші түзету бойынша әскери адамдар ғана қару иеленіп жүре алады деп ойлайды.
2010 жылы АҚШ-тың Жоғарғы Соты барлық америкалықтар қару ұстап жүруге қатысты құқықтарын бекіткен өте маңызды шешім қабылдады.
Бұл шешім қару иеленудің кейбір түрлеріне тыйым салған Чикагодағы заңды төңкеріп тастады.

Америкалықтар қаруларын қалай қолданады және жеке адамдардың қолында қанша қару бар?

Америкалықтар қаруларын аң атуға, нысана қойып атуға және өзін өзі қорғауға пайдаланады. Миллиондаған адамдардың қару иелену себебі, олар өздеріне, не болмаса отбасына шабуыл жасаған жағдайда және егер бөтен адам үйіне бұзып кіретін болса өздерін қорғау үшін қолданады.

Үкіметтегі басшылардың айтысына қарағанда жекелеген адамдардың қолында 300 миллионға жуық қару бар. Олардың 120 миллионы тапанша.

Қарудың кейбір түрлері заңсыз ба?

Олай емес. Егер сіз өткен өміріңізге қатысты тиісті анықтама құжаттарды көрсетіп, жергілікті заң органдарының рұқсатын алсаңыз тіпті М16 сияқты автоматтың өзі заңды болып саналады. Автоматты қаруларды импорттауға, сатуға, және сатып алуға тыйым салатын заңдар 1986 жылы қабылданғанымен қазір оның мерзімі бітіп кетті.

Президент Билл Клинтон 1994 жылы жетіатар автомат қаруына атыс қаруы ретінде тыйым салған. Бірақ президент Джордж Буштың кезінде 2004 жылы ол заң күшін жойды. Кейбір штаттардың атыс қаруларына қатысты өз тиымдары бар. Бірақ Жоғарғы Сот жергілікті заңдар мемлекеттік заңдардан қатаңдығы жағынан төмен болуы керек деген себеппен ол тыйымдарды алып тастады.

Кез келген адам қару сатып ала ала ма?

Жоқ. Ақыл-есінде ауытқуы бар адамдарға, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға жасы 21-ге толмағандарға, тіркелмеген иммигранттарға қару иеленуге рұқсат жоқ.

Қаруды қайда және қалай сатып алуға болады?

АҚШ-та 50 мыңнан астам қару сатуға арнайы рұқсаты бар диллерлер бар. Жасырын жолмен қару сататын топтар да бар. Қару сатып алғысы келген адам кассада тіркелетін жерде болатын National Instant Criminal Background Check System-нен өтуі тиіс. Сосын мамандар оның атыс қаруын иеленуге қабілеті бар жоғын анықтайды. Қару сатып алушы азаматтың өткен өмірін тексеретін жүйе мемлекеттік қылмыс ақпараттар орталығымен тікелей байланысты. Одан бөлек мемлекеттік тергеу бюросы арқылы барлық ақпараттар базасын тексеріп шығады.

(Материалды қазақшалаған - Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG