Accessibility links

Қазақстан мен АҚШ қол қойған құжат: келісім сомасы 4,2 млрд доллар, ҚТЖ 300 локомотив алады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ сауда министрі Говард Латник локомотив келісіміне қол қою рәсімінде қол соғып тұр. Нью-Йорк, 22 қыркүйек 2025 жыл. Фото: Ақорда.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ сауда министрі Говард Латник локомотив келісіміне қол қою рәсімінде қол соғып тұр. Нью-Йорк, 22 қыркүйек 2025 жыл. Фото: Ақорда.

Қазақстан АҚШ-тан локомотив және теміржол жабдығын алу жөнінде жалпы сомасы 4,2 млрд доллар болатын келісімге қол қойды. Бұл туралы 22 қыркүйек күні АҚШ сауда министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамы Пенсильваниядағы Wabtec компаниясынан 300 локомотив сатып алмақ.

Мұны ресми Астана да растап отыр. Ақорданың хабарлауынша, "құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған".

Ақорда баспасөз қызметінің жазуына қарағанда, Астанада 2009 жылдан бері Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты жұмыс істеп келеді. Компания осы уақытқа дейін өндіріске 230 млн доллардан астам инвестиция құйған.

"Кәсіпорын бүгінге дейін "Қазақстан темір жолына" және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті" деді Ақорда баспасөз қызметі.

"Бұл тарихи келісім АҚШ өнеркәсіп саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, Америка мен Орталық Азия арасында байланыс мен мүмкіндіктерді ұлғайтады" деді АҚШ сауда министрі Говард Латник Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келісімге қол қою рәсімінде.

21 қыркүйектің кешінде Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлескені хабарланды. Көп ұзамай, Трамп Truth Social желісінде осы жөнінде мәлімдеме жасады.

"Дәл қазір Қазақстанның аса қадірменді президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен тамаша әңгімені аяқтадым. Олар теміржол құралдарын сатып алу бойынша тарихтағы ірі келісімге қол қойды. Америкалық локомотивтер мен теміржол құралдарына 4 млрд доллар. Біз көп жылдар бойы "жалған экологтардың" шабуылына ұшырап келген теміржол саламызды қолдауымыз керек. Президент Тоқаевты осы ірі келісіммен құттықтаймын. Бұл ел және бүкіл әлем біздің сенімді әрі әдемі теміржолдарымыздың арқасында салынды. Енді олар тез арада оралады" деп жазды Трамп.

Трамп Қытай сирек металдарына тәуелділікті азайту үшін табиғи байлығы мол Орталық Азиямен сауда қатынасын нығайтып, инвестициялық қарым-қатынасты күшейтуді көздеп отыр. Келесі жазбасында ол Өзбекстан президентімен сөйлескенін, АҚШ пен Өзбекстан 8 млрд долларлық келісімге қол қойғанын, ол бойынша Uzbekistan Airways компаниясы Boeing компаниясынан Dreamliner ұшақтарына тапсырыс бергенін мәлімдеді. Boeing компаниясының 22 қыркүйектегі мәлімдемесіне қарағанда, келісім аясында Uzbekistan Airways 14 ұшаққа тапсырыс берген, одан бөлек тағы 8 ұшақты сатып алуы мүмкін.

Қазақстан президенті Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында АҚШ-тағы бірқатар алпауыт компанияның басшыларымен кездескен. Кездесуді АҚШ сауда палатасы ұйымдастырған. Сондай-ақ ол АҚШ-тың бизнес өкілдерімен "дөңгелек үстел" отырысына қатысты.

"Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар" деді Тоқаев.

Осы айда АҚШ сауда палатасы 25 америкалық компанияның өкілдерін сауда миссиясы аясында Қазақстанға апарған. Бұл – палатаның Қазақстанға апарған ең үлкен делегациясы.

Келесі айда сауда палатасы америкалық кәсіпкерлерді халқының саны бойынша Орталық Азиядағы ең ірі ел – Өзбекстанға апармақ. Осы айда Трамп Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен сөйлесіп, инвестиция мәселесін талқылаған. Тамыздағы аяғында ол АҚШ-тың ғаламдық әріптестік жөніндегі арнайы өкілі Паоло Замполлиді Мирзияевпен кездесу үшін Ташкентке жіберген.

Қазақстан мен Өзбекстан АЭС-ке қажет уранға және тұрақты магнит жасауда қолданылатын сирек металдарға бай. Қытай сирек металдар өндірісінде көш бастап отыр және үстемдігін АҚШ-пен сауда келіссөздерінде пайдаланып келеді. Оның үстіне Пекин Орталық Азиядағы тау-кен өндірісіне де мол инвестиция салып жатыр. Ал қазір Трамп та Орталық Азияға ден қойып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ инвестициясына Орталық Азия елдері де мүдделі, олар мұны Қытай ықпалына тепе-теңдік тетігі көреді.

Трамп әкімшілігі халықаралық сауда келісімдерін күшейту үшін АҚШ-тың экономикалық құралдарын пайдалануға бейіл. Ол құралдарға АҚШ өкіметінің сыртқы сауда жөніндегі несиелік құрылымы – Экспорт-импорт банк пен АҚШ-тың сыртқы инвестиция жөніндегі құрылымы – Даму және қаржы корпорациясы кіреді.

Экспорт-импорт банк Wabtec компаниясының Қазақстанмен келісіміне 400 млн долларлық несие беруге дайын екенін білдірді.

XS
SM
MD
LG