Ресейдің қарулы күштері Украинадағы соғысқа Үндістанның 200-ден астам азаматын тартқан деп хабарлады Үндістан сыртқы істер министрі Кирти Вардхан Сингх парламентте.
Оның сөзінше, 119-ы мерзімінен тыс әскерден босатылған, 26-сы қаза болған, 7-сі із-түзсіз жоғалған. Министрдің айтуынша, 50 адамды әскери қызметтен ерте босатуға талпыныс жасалып жатыр.
"Сыртқы істер министрлігі қаза болған үндістандық 10 азаматтың сүйегін еліне қайтаруға және қайтыс болған екі үндістандықты кремациялауға көмектесті. Қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен 18 үндістандықтың отбасы мүшелерінің ДНҚ үлгілері Ресей билігіне қайтыс болған кейбір үндістандық азаматтарды анықтау мақсатында ұсынылды" деді Сингх.
2024 жылы Ресей Үндістан азаматтарын соғысқа белсене тартқан.
Сол жылы қазанда Үндістан СІМ Ресей әскерінен 85 азамат қайтарылғанын айтқан еді. Ал сол жылдың наурыз айында билік елде азаматтарды соғысқа тартқан қылмыстық желіні анықтағанын мәлімдеген.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей билігі шетел азаматтарын соғысқа белсене тарта бастаған еді.
Украина билігінің айтуынша, Мәскеу әлемнің 128 елінен 18 мыңға жуық шетел азаматын соғысқа тартқан. Бұған қоса, 11 мыңнан астам Солтүстік Корея азаматы Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтамақтастық аясында соғысқа қатысқан.
Сарапшылардың сөзінше, Ресей Орталық Азия азаматтарынан бөлек, Куба, Сирия, Иордания, Иран, Непал, Үндістан, Кения, Солтүстік Корея, Оңтүстік Африка республикасы, Қытай азаматтарын тартып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, 2022 жылы қыркүйек айындағы мобилизациядан кейін ресейліктер елден үдере қоныс аудара бастағаннан соң Ресей билігі қайта мобилизация жариялауға аса ықылысты емес. Соғысқа шетел азаматтарын белсене тартуының себебін де осымен ұштастырады.
Батыс елдерінің дерегінше, Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі бері қаза болғандар мен жараланғандарды қосқанда миллионнан астам әскерінен айырылған.