Ұлыбритания, Канада және Австралия Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін ресми түрде таныды. Енді жақын арада олардың қатарына Франция да қосылуы мүмкін.
Израиль бұл шешімді "терроризм алдында тізе бүгу" деп атап, 2023 жылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС тобының мүшелері ұрлап әкеткен ондаған израильдік тұтқын әлі де Газада солардың қолында екенін еске салды. Израиль, АҚШ және Еуроодақ ХАМАС тобын террористік ұйым деп таныған.
Канада премьер-министрі Марк Карни "қазіргі Израиль үкіметі Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермеу үшін жүйелі түрде әрекет етіп отыр" деп мәлімдеді.
Карни палестин автономиясы келесі жылы сайлау өткізу, демилитаризация және басқа да реформалар бойынша Канадамен және халықаралық қауымдастықпен ынтымақтасып әрекет етеді деді, бірақ егжей-тегжейіне тоқталған жоқ.
Австралия үкіметі жасаған мәлімдемеде: "Канадамен және Ұлыбританиямен бірге Палестина мемлекетін бүгінгі мойындау – екі мемлекет негізіндегі шешімге қол жеткізуді көздеген халықаралық күш-жігердің бір бөлігі", – делінген.
"Жанжалды екі мемлекеттің принциптеріне сүйеніп шешуге деген үміт азайып барады, бірақ біз оның толықтай сөнуіне жол бермеуіміз керек", – деп мәлімдеді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін тану туралы шешімін жария еткен кезде.
Бұған қоса Ұлыбритания ХАМАС тобына қарсы жаңа санкциялар енгізетінін хабарлады. "ХАМАС-тың болашақта (Палестина мемлекетін) басқаруға да, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де құқығы жоқ", – деді Стармер.
Палестина автономиясының сыртқы істер министрі Варсен Агабекян екі мемлекеттің қатар өмір сүру принципіне сүйенген мұндай шешім Палестинаның тәуелсіздігі мен егемендігіне жол ашады деп мәлімдеді. "Соғыс ертең аяқталмауы мүмкін, бірақ бұл – біз ары қарай дамытуымыз қажет маңызды қадам", – деді ол Reuters агенттігіне.
Қазіргі уақытта Палестина ұлттық әкімшілігі Иордан өзенінің Батыс жағалауын ғана бақылайды, ал Газа секторы 2007 жылдан бері ХАМАС исламшылдар тобының қолында.
Израильдің сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания, Канада мен Австралияның шешімін сынға алып, оны "ХАМАС-ты марапаттау" деп бағалады. Елдің ұлттық қауіпсіздік министрі, оңшыл саясаткер Итамар Бен-Гвир алда болатын үкімет отырысында Иорданның Батыс жағалауына толық бақылау орнату және палестиналық автономияны тарату жайлы ұсыныс енгізетінін мәлімдеді депThe Times of Israel басылымы жазды.
Израиль үкіметінің апта сайын өтетін кезекті отырысында премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халықаралық деңгейдің бәрінде Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындауға қарсы күресетінін мәілімдеді.
"БҰҰ-да да, басқа алаңдарда да бізге бағытталған жалған насихатқа және Палестина мемлекетін құру туралы үндеулерге қарсы күресуімізге тура келеді. Ол біздің өмірімізге қатер төндіреді әрі терроризмді марапаттаған абсурдқа айналады", – деді ол.
Нетаньяху алдағы күндері АҚШ-қа барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысатынын және АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетінін растады.