Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін бірден көтерді. Ведомство мұны инфляцияны тежеу қадамы ретінде түсіндірді. Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға жетіп, болжаған деңгейден асып түскен.
“Инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсу қаупін туғызды. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді” деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, инфляцияның өсуіне азық-түлік, қызмет көрсету құны мен жанармайдың қымбаттауы әсер етіп отыр. Инфляцияға қатысты халықтың болжамы құбылмалы.
Ұлттық банктің айтуынша, ішкі сұраныстың жоғары болуы және белсенді бюджеттік саясат та инфляцияға қысымды күшейтіп жатыр.
"Инфляцияның артуына негізінен ішкі факторлар әсер етті және жоғары ішкі сұраныс, тариф реформасын іске асыру және жанар-жағармай нарығын либералдандыру сияқты жанама әсерлер білінді, сондай-ақ салық реформасының, соның ішінде қосымша құн салығының ықпалы болды" деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банктің хабарлауынша, инфляциядан қауіптену және теңгенің шынайы да тиімді айырбас бағамының төмендеуі де инфляцияның жеделдеуіне әсер еткен, сондықтан инфляция тұрақты түрде біртіндеп төмендейді деген болжам расталмаған.
Инфляцияға сыртқы факторлардың да ықпалы сақталып отыр. Халықаралық азық-түлік нарығының да әсері күшейіп жатыр.
Ұлттық банк бір жыл ішінде осымен екінші рет базалық мөлшерлемені көтеріп отыр. Биыл наурызда ведомство базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 16,5 пайызға көтерген еді.
Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді