Accessibility links

Украиналық кинорежиссер Олег Сенцов батальон командирі болды


Олег Сенцов
Олег Сенцов

Украиналық кинорежиссер, 2014-2019 жылдары Ресей түрмесінде отырып, саяси тұтқын атанған, кейін тұтқын алмасу кезінде босап шыққан Олег Сенцов батальон командирі болды. Бұл жөнінде "Интерфакс Украина" хабарлады. Ақпарат агенттігі Киевте өткен "Соғысты қалай аяқтаймыз" атты конференция кезінде сөйлеген Сенцовтың сөзінен үзінді келтірді.

"Сіздерге айтар жаман жаңалығым бар: соғыс ертең аяқталмайды, арғы күні де және биыл аяқталатын түрі жоқ" деді Сенцов.

2022 жылдың ақпанынан бері Украина әскері қатарында соғысып жүрген Олег Сенцов бірнеше рет жараланған. Соғыс қатты өзгергенін де айтты.

"Біз автоматпен Бахмут түбінде жүгіріп жүретінбіз – қазір ондай соғыс жоқ. Жаяу әскер FPV жоймасын деп індерінде күтіп отырады. Қарсыластарымыз да солай: механикалық штурм жоқ, жай жүретін бригада жоқ – инфильтрация, шағын топтар. Олар қазір сәл жылжып жатыр, бірақ бұрынғыдай қарқын жоқ. Оларды тоқтататын бір күн туады, сол кезде Путин әрі қарай жалғастырудан пайда бар ма, жоқ па деп ойлана бастайды" деді Сенцов.

Ол бір мезетте Ресейге саяси және экономикалық тұрғыда қысым жасаудың маңызды екенін атап өтті.

"Себебі соғысты аяқтаудың екінші кезеңі – майдан қашан құрылғанда емес, Ресейде саяси режим өзгерген кезде туады. Ресей осы соғыстың қателік екенін мойындағанда, өз жерімізді қайтаруға дайын болғанда, "бізден ағаттық кетті, кешіріңдер, өмір бойы өкінеміз" деген кезде. Бұл мен үшін жеңіс болмақ. Сол күннің туатындығына сенімім мол" деді Сенцов.

Олег Сенцов - Ресейдің Қырымды жаулап алуына қарсы шыққан украиналық режиссер, Майдан белсендісі. 2014 жылы мамыр айында ресейлік арнайы жасақ өкілдері оны ұстап, "теракт әзірлемек болды" деп айыптап, 20 жылға соттаған. Сенцов өзіне тағылған кінәні мойындаған жоқ. Ресейде түрмеде отырған кезде Сенцов аштық жариялап, оның қарсылық акциясы 145 күнге созылды. Түрмеде 5 жылдан астам отырған Сенцов 2019 жылы 7 қыркүйекте Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасу кезінде босап шыққан.

XS
SM
MD
LG